Парламент Мәжілісі желтоқсанды күтпей-ақ, ЕАЭО туралы шартты ратификациялады
Мәжілістің баспасөз қызметі әр сейсенбіде кешке БАҚ-қа сәрсенбі сайын өтетін төменгі палатаның пленарлық отырысында талқыланатын күн тәртібі туралы хабарлайды. Қалыптасқан механизм мүлтіксіз жұмыс жасайтын, алайда соңғы хабарлама қатты таңғалдырды: үстіміздегі жылдың 1 қазанындағы күн тәртібінде бірінші мәселе болып Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартты ратификациялау тұрса, екінші мәселе – «ҚР мен РФ арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа» қол қою.
ҚАЙТА ҚҰРУ МЕН ЖЕДЕЛДЕТУ
Бір апта бұрын Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеті депутаттардан ЕАЭО шарты мәтіні бойынша өз қорытындысын дайындауға 2014 жылдың желтоқсанына дейін, яғни, «соңғы қоңырау» соғылғанша мұрсат алған болатын. Сондықтан да оқиғаның бұлай өрбитінін ешкім күтпеген еді.
Осы күрт жеделдетуге жақында Қазақстан мен Ресей президенттерінің Астраханда, содан кейін Атырауда болған кездесуі себепші болған сияқты.
Ұлттық экономика министрі Ерболат ДОСАЕВ мінбеде жауыр болған Еуразиялық экономикалық одақ құрылымы, басымдылықтары мен позитивті сандар туралы баяндамасын немқұрайлы оқып шықты – бұл туралы депутаттарға бірнеше рет айтылған еді. Атап өтсек, министрдің пікірінше, ЕАЭО-ға кіру Қазақстан үшін электр қуаты, көлік және ауыл шаруашылығында жаңа үлкен мүмкіндіктер ашады. Фармацевтикадағы жаңа өткізу нарықтары мен бірыңғай стандарттар отандық дәрі-дәрмек өндірушілерге де табысты мүмкіндіктер тудырады.
Ол сөзінде ратификациялауға ұсынылып отырған ЕАЭО туралы шарт бұрынғы посткеңестік үш елдің тек экономикалық ынтымақтастығы аспектілеріне қатысты және жаңа одақтың механизмінде консенсус қағидасы салынған, яғни, бұл бір елдің мүддесін екінші елден жоғары қоюға жол бермейді деп тағы да атап өтті.
Министр сөзінен кейін депу-таттар сұрақ қойды. Ең өзекті деген сауалдардың бірін Рауан ШАЕКИН оқыды. Ол Ресейге қарсы қолданылған халықаралық санкциялар жағдайында үкіметтің дағдарысқа қарсы атқарып отырған іс-шаралары туралы сұрады. Министр мұндай жоспардың әзірленіп жатқанын, үкімет президентке сәйкесінше баяндама жасайтынын және бұл шаралар келесі жылдың бюджеті қаралғанда талқылау үшін депутаттарға ұсынылатынын айтты.
Е. Досаевтың айтуынша, егер қазақстандық экспорт туралы сөз қозғасақ, Ресей біздің ең басты сауда-саттық әріптесіміз емес, сондықтан да бұл жерде аса қауіпті еш нәрсе жоқ. Атырауда болған кездесуде санкциялар емес, өзара сауда-саттық мәселелері талқыланды. Министр ЕАЭО туралы шарт тек жалпылама құрылғанын, сондықтан да ол ел парламентінде қызу талқылау жасауға себеп бола алатын антимонополиялық саясат бойынша да жауап беруге дайын еместігін ерекше атап өтті.
БІРАУЫЗДАН ҚҰПТАДЫ
Министр сөзінен кейін болған депутаттар мәлімдемелерін сөз талқы деп айту қиын. Өйткені, барлық халық қалаулылары қағаздан оқып шықты және барлығы да одақтық шартты құптады. Бұл жерде ҚХКП мүшесі Владислав КОСАРЕВ бәрінен асып түсті. Ол өз сөзін «Қазақстанның барлық коммунистік партияларының» атынан отырғандарды құттықтаудан бастап, «әлеуеттердің бірігуін» қолдаған үш елдің барлық 170 миллион халқының атымен аяқтады. «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат ПЕРУАШЕВТЫҢ сөзі де ерекше бола қойған жоқ. Ол өз сөзін Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи сіңірген еңбектерін санамалап шығып, тек дарынды саяси қайраткерлер ғана қоғамда қарама-қарсы пікір тудыруы мүмкін шешімдерді қабылдай алады деп бір мақтап қойды. Нарықтық реформалардың басталуы, жекешелендіру, астананы көшіру сияқты «дау тудырған, алайда уақыт өте келе қарсыластар әріптестерге айналған» тарихи шешімдерді еске түсірді. Мысал ретінде тек 100 мың автокөлік жинап қана қоймай, 30 қыркүйектен бастап Солтүстік федералды округінде «Лада» автокөліктерінің дилері мәртебесіне ие болған «Азия авто» компаниясын келтірді. Алайда, ЕАЭО туралы шартты қолдай отырып, депутат одақ жағдайында болғанның өзінде де «біз көзіміз бен санамызды ашық ұстауымыз керек» және «егер бұл Қазақстан егемендігіне қауіп тиетін болса, кез келген альянстан еш ойланбастан шығуымыз қажет» деп атап өтті.
Мәжілістің салалық комитетінің төрағасы Мәулен ӘШІМБАЕВ жаңа шартты талқылауды «қолдауға шақырамын», өйткені «бұл стратегиялық шешім», өйткені одақ қатысушыларын алда 2020 жылға дейін 900 миллиард доллар пайда күтіп тұр, бір күні ЕАЭС ережелері Еуропа одағы сауда-саттық ережелерімен сәйкестендірілетін болар деген болжам айтты.
Парламент спикерінің «қосым-ша» сөйлеушілер болса, сөз беріледі деген ұсынысына үндемейтін депутаттар тіс жарған жоқ, содан кейін 104 депутат ратификациялауға бірауыздан дауыс берді. Шарттың кереметтігі қанша айтылса да, отырғандар жүзінен күлкі де, қуаныш белгісі де білінбеді, тарихи оқиға әдеттен тыс үнсіз ауанда өтті.
ТАЛҚЫЛАУҒА БАСҚА ДА ТАҚЫРЫПТАР БАР
Егер Мәжілістің ЕАЭО құру туралы шартты ратификация-лаудан бас тарту мүмкіндігі болды десек де, «ҚР мен РФ арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарттан» бас тарту ұсынған қолды алмауды білдіретін еді. Шынын айту керек, бұл қол бір жыл бұрын Екатеринбургте болған алдыңғы «Ресей-Қазақстан» өңіраралық ынтымақтастық форумында созылған еді, одан бері талай нәрсе өзгерді.
«ҚР мен РФ арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт» бойынша баяндама жасаған сыртқы істер министрі Ерлан ЫДЫРЫСОВ бұл құжат ЕАЭО туралы шартты толықтырып қана қоймайды, сонымен қатар «алға қарай стратегиялық әріптестік үшін үлкен мүмкіндік тудырады», деп мәлімдеді.
Содан кейін бірнеше депутат осы шартты да қолдап сөз сөйлеп (тағы да қағаздан оқыды), алдыңғы шартты қабылдағандай үн-түнсіз, бір-бірін құттықтап, қол соғып даурықпастан парламенттің төменгі палатасы «ҚР мен РФ арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа» бірауыздан дауыс берді.
Екі аса маңызды мемлекет-аралық келісімді үн-түнсіз ратификациялағаннан кейін депутаттардың маңыздылығы жағынан төмендеу мәселе үшін шу ете қалғаны қызық болды. Спикердің «ананы сөндірші» деп парламентішілік тікелей көрсетілімді үзуге пәрмен беруі - күнде бола бермейтін құбылыс. Депутаттардың бір бөлігі президент әкімшілігінің қорытындысына қарамай (!), Қазақстан азаматтарын қысқа мерзімге бас бостандығын айыруға байланысты ұсақ қылмыстық істер бойынша Жоғарғы сотқа апелляция беру құқығын айырудан бас тартты. Үлкен пікірталас басталды. Спикердің депутаттарды татуластырғысы келіп «Еуропаға барған адам қозып келеді» деп айтқан әзілінен ештеңе шықпады. Камералар сөндірілгеннен кейін қалай достасқандары белгісіз, дегенмен депутаттар бұл өзгертуді өткізбей тастады.
ТІЗІМДЕ БОЛМАДЫ
Телекөрсетілім қалпына келтірілгеннен кейін ЕАЭО тақырыбы тағы көтерілді. Бұл жерде де Азат Перуашев сөз алып, премьер-министр Кәрім МӘСІМОВТЕН ЕАЭО-да одақ елдері аумақтарында бөлшек сауда тауарларын міндетті маркілеу туралы шешім қабылданар кезде өз вето құқығын пайдалануды талап етті. Бұл үдерістің нәтижесінде кейбір тауарлар 50 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін.
Парламенттің осынау қай жағынан алсаң да аса маңызды отырысы аяқталғаннан кейін А. Перуашев мәжіліс залы сыртында «АЖ»-ның шарттарды талқылау сапасы туралы сұрағына жауап беріп, бұл жерде ешқандай проблема болмағанын айтты, «өз ескертулерімізді жасайтын мүмкіндігіміз болды, мен өз ойымды айттым» деді.
Қалған екі мемлекетке келетін болсақ, Беларусь Республи-касының Ұлттық жиналысы ЕАЭО туралы шартты әлі ратификациялаған жоқ. Ал РФ-да Федерация кеңесі оны бірауыздан бекітті. Ресейлік депутаттар нәтижелер жариялан-ғаннан кейін тік тұрып, қол шапа-лақтады. Ал 2 қазанда өткен ҚР Парламенті Сенаты отырысының күн тәртібінде бұл құжатты ратификациялау болған да жоқ.
Жасұлан КӨЖЕКОВ,
меншікті тілші, Астана