ТШО бас директоры Тим МИЛЛЕР Қазақстан мен Ресейдің өңіралық ХІ ынтымақтастық форумы аясында өткен «KAZENERGY – көшбасшылық және инновациялар» жастар форумы кезінде ТШО бас директоры Тим МИЛЛЕР студенттер мен жас мұнайшы мамандарға шеберлік дәрісін өткізді.
Кездесу Атырау APEC Petrotechnic колледжінде еркін де ақжарқын сарында өтті. Жас аудиторияның Тим Миллердің тұлғасына қызығушылықтары байқалып тұрды. Губкин университетінің ректоры Виктор МАРТЫНОВ өткізген шеберлік дәрісі кезінде де осындай ауан орын алған еді.
ТЕХАС, КУВЕЙТ, БРАЗИЛИЯ, ИНДОНЕЗИЯ, ҚАЗАҚСТАН
Тим Гленн Миллер – 2010 жылдан бері «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры. «Шеврон» корпорациясының халықаралық бөлімшелерінде жасаған бай тәжірибесі бар мұнай өндірісінің менеджері және инженері, Техас штатының тумасы өз еңбек жолын 17 жасында бастаған – студент болып жүрген кезінде құрылыста бетон құюшы болып жасаған. Миллер мұнай саласындағы алғашқы қадамын Техас техникалық университетін аяқтауға бір жыл қалғанда «Тексако» компаниясының кен орындарының бірінде бастаған екен.
- Жобалау және құрылыс саласындағы алғашқы еңбек жолымның көп бөлігі мұнай және газ өнеркәсібінде өтті, бұл менің маман ретінде өсуіме зор ықпалын тигізді. Нәтижесінде мен осы мұнайшы кәсібін сүйіп қалып, осы салада 33 жылдан бері жұмыс жасап келемін.
Тим Миллер алғашқы рет басшылық жұмысқа (супервайзер) 10 жыл жұмыс жасағаннан кейін ғана орналасыпты. 2000 жылы халықаралық деңгейдегі басшылық лауазымын Кувейтте алған, бұл жерде оған өндірістік міндеттермен қатар өңірде ушығып кеткен саяси ахуал жағдайында дипломатиялық мәселелерді де шешуге тура келді. «Шеврон» мен «Тексако» корпорациялары қосылғаннан кейін Миллер Шевронның Калифорния штаты Сан-Ремон қаласындағы бас кеңсесіне ауыстырылды. Ол бұл жерде жыл жарым уақыт халықаралық даму мәселелерімен айналысты. Содан кейін ол Бразилияға ауысып, осы жақта Шевронның жергілікті бөлімшесінде геологиялық барлау және мұнай өндіру бөліміне жетекшілік етті. Одан кейін Индонезияның Калимантан аралында осындай жұмыс атқарды.
- Менің бүгінге дейінгі тәжірибем мені Қазақстанда табысты жұмыс жасауыма дайындап келген сияқты. ТШО-ны «Шеврон» корпорациясының ең ірі активі ғана емес, барлық параметрлері жағынан ең үздігі деп айтуға болады,- дейді ол.
Отбасы туралы:
- Менің балаларым сіздерден үлкен болар. Менің үш ұлым бар, барлығы да АҚШ-та тұрады. Үш немерем бар, тағы біреуі жақында өмірге келеді. Жұмысыма байланысты елдерді көп аралайтыныма жұбайым Кайла үйреніп болған, мен оған телефон соғып, қандайма бір елге менімен бірге барасың ба деп сұрасам, екі қолын көтеріп, «кеттік!» дейді. Ол маған әрдайым көмектеседі, ол менің өмірдегі ең үлкен жетістігім.
Қазақстан мен Атырау туралы:
- Он жыл бойы мен мұнда орташа жағдайдағы адамдардың өмірі қалай жақсарғанын көрдім, әсіресе соңғы төрт жылда көш ілгерлеушілік байқалды.
Теңізде күкіртсутегі коррозиясына қалай төтеп беріп жатқандары туралы:
- Теңіз мұнайының 13-15%-ы күкіртсутегіден тұрады, құбырларды таттанудан қорғау үшін біз өте қымбат темір – Инконельді пайдаланамыз.
Ресей-Украина қатынасы туралы:
- Біз сығылған газды Ресей және Украина арқылы тасымалдаймыз, соғыс қимылдарына байланысты біз маршруттарды өзгертуге мәжбүр болдық. Жанжал оң шешімін табады деп үміттенеміз.
«МЕНІҢ ДЕ АТЫМ ТЕМІРБЕК»
Залдан қойылған сұрақтар:
- Мен кен орындарын пайдалануды оқып жатырмын және болашақта мұнайшы инженер мамандығын таңдағым келеді. Сіз бір сөзіңізде оны «ішпыстырарлық» деп айтып едіңіз...
- Бұл жерде нақтылап кетейін: мен өз сөзімде әкем мұнайшы инженер болды, жас күнімде осы таусылмайтын сандармен жұмыс маған қызықсыз болып көрінетін. Алайда өзім мұнай кен орнында жұмыс жасай бастағаннан бері керісінше екеніне көзім жетті. Мен барлық мұнайшы инженерлерге бұл жақсы кәсіп деп айтқым келеді, әсіресе Атырауда...
- Бұл әйелдерге қолайлы жұмыс па?
- Әрине. Біздегі ең дарынды мұнайшы инженерлер - әйелдер.
- Өндіріске қатысты, болашақта бізді жұмысқа аласыз ба?
- Уәде беремін.
- Жаңа қызметкерлер келгенде, қандай қасиеттеріне назар аударасыз?
- Бізде вакансиялар енгізілген веб-сайттар бар, егер біліктілігіңіз жеткілікті болса, өтінім беруіңізге болады. Ал адам біліксіз болып, төменгі талаптарға жауап бере алмаса, онда әңгіме басқаша.
- Менің атым Темірбек. ТШО жаңа қызметкерлерінен не күтеді?
- Менің де атым Темірбек, мен бұл атты өте жақсы көремін (залда ду күлкі). Біз қызметкерлеріміз тез сіңісіп, білмегендерін жасырмай, сұрай бергендерін қалаймыз. Олар көп сұрақтар қойып, тренингтерге барып, ұйымымыздың барлық ережелерін сақтайды деп күтеміз.
- Қазір біз соңғы курста оқып жатырмыз, оқуды бітірген соң, жұмысқа кіру керек пе, әлде оқуымызды жалғыстыруымыз керек пе, осыны шешуіміз қажет. ТШО үшін бакалавриат пен магистратураның айырмашылығы бар ма?
- Әр жұмыс орнының үміткерге қоятын төменгі талаптары бар, кейде, әрине, кейбір жұмыс орындар үшін магистрлерді алған жақсы, алайда барлық жерде бұлай емес. Өзіме келетін болсам, МВА-ның бизнес әкімшілігін мен неге оқымадым? Мен бұл туралы ойландым, өйткені Шевронның көптеген көшбасшылары бұл дәрежеге ие. Алайда мен карьерамды қосымша дәрежемен емес, тәжірибемен құруды жөн көрдім. Әрі қарай оқу керек пе, жоқ па, әркім өзі шешеді. Бірақ, өз тарпымнан, оқуларыңызды жалғастыра беріңіздер, бұл үлкен мүмкіндіктер әкеледі деп айтқым келеді.
- Тағы бір сұрақ, сіздерде докторлық (PhD) дәрежесі бар адамдарға мүмкіндік бар ма, зерттеу жұмыстары жүргізіле ме?
- Бізде зерттеу жұмыстары жоқ, алайда бізде көптеген докторлық дәрежесі бар адамдар техникалық мамандықтарда, кен орнын әзірлеу жұмыстарында еңбек етіп жүр.
- Мен АРЕС-те мұнайшы инженер мамандығына оқып жатырмын, бітіргеннен кейін бізге қазақстандық диплом мен халықаралық сертификат береді. Халықаралық диплом алу маңызды ма?
- Бұл маңызды емес. Бастысы – жақсы білім мен дұрыс ойлау қабілеті.
- Мен АРЕС-те аспапшы инженер мамандығында оқимын. Болашақта ТШО-да жұмыс жасай аламын ба?
- Ия, бізге бақылау-өлшеу аспаптары бойынша мамандар жетіспейді, сіз осы біліміңізбен бізде жұмыс жасай аласыз. Бізге сондай-ақ электрик инженерлер, техник инженерлер керек. Сіз дұрыс уақыттадұрыс мамандықты таңдадыңыз.
- Осы жерде отырған жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Жетістікке жетудің екі жолы бар: бәрінен көп жасау керек немесе жолы болғыш болу керек. Алайда екінші нұсқа әрқашан жұмыс жасай бермейді, сондықтан да баршаңызға сәттілік тілеймін. Содан кейін бар күштеріңізді сала оқып, жұмыс жасауларыңызды сұрар едім, сонда ғана жетістікке жетесіздер.
Сұрақтарды АРЕС колледжі, «Назарбаев университеті», Атырау мұнай және газ институты және басқа да жоғарғы оқу орындардың студенттері қойды. Олардың барлығы да Тим Миллерге ағылшынша еркін сөйледі. Әңгіменің ортасында ТШО басшысы жастардың ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгергендерін атап өтті.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген автор