Атырау, 27 қараша 17:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жас мұнайшылар бас қосты

2 952 просмотра

Дүйсенбіде Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ХІ ынтымақтастық форумы аясында екі күндік «KAZENERGY – көшбасшылық және инновация» жастар форумы ашылды.

Оған екі елдің мемлекеттік органдары, мұнай-газ және энергетикалық компанияларының өкілдері, салалық жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қатысты.

Форум бірнеше тақырыптық секцияға бөлінді: «Innovation man» инновациялық жобаларды әзірлеушілер байқауы, «Жас мұнайшылар – ынтымақтастық көкжиегі» (кәсіпорындардың студенттер және жас мамандармен ынтымақтастық мәселелері), «Қазақстан мен Ресейдің жас кәсіпкерлері: болашаққа жол» атты секциялық отырыстар өтті.

 

ТӘЖІРИБЕ КЕРЕК

KazService (Қазақстанның мұнай-газ және тау-кен салаларындағы сервистік компаниялар одағы) бас директоры Дәуіржан АУҒАМБАЙ кәсіпорын мен түлек арасында проблема бар екенін атап өтті:

- Жұмыс беруші қазіргі түлектерді жеткілікті білікті емес деп есептейді, ал, түлектерде жұмысқа орналасу қиын деген пікір қалыптасқан. Бұл кедергілерді біз қазір ұмытыла бастаған қамқорлыққа алу сияқты құралдар арқылы жоя аламыз: кәсіпорындар өз жағдайларына бейімделген кадрларын өзі қалыптастыру керек.

Бұл мәселе бойынша «Татнефть» ААҚ өкілі Сергей ОСЬМИНИНөз пікірімен бөлісті:

- Бізде сала кәсіпкерлері мен студенттер арасындағы ынтымақтастық жақсы дамыған. Біз студенттер үшін мұнай өндіру нысандарында өндірістік тәжірибе өткіземіз, үздіктерін атаулы шәкіртақылармен марапаттаймыз. Негізгі мәселе түлектердің оқу орны қабырғасынан тек теориялық білім алып шығатындығында, олардың білімі мен дағдылары өндіріске қажетті біліктілікке сәйкес келмейді. Бұл мәселені шешу үшін, біздің ойымызша, салалық кәсіби стандарттар жасау керек. Сала кәсіпорындары әр маман білуі тиіс қажетті білімдер мен дағдылардың тізбесін жасап, осы кәсіби стандартты кәсіби оқу орындарына беруі қажет. Ал, олар өз кезегінде осының негізінде оқу бағдарламасын әзірлейді.

-Форумға не алып келдіңіздер?

- Біз энергетикалық тиімді мұнай өндірісі тренажерін жасадық. Ол студенттер мен жас мамандарға мұнай және газ өндіруші кәсіпорынның ұңғымадан бензин құю бекетіне дейін барлық бизнес үдерістерін қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Олар өздерін компанияның топ-менеджерлері ретінде сезіне алады, яғни, ресурстарды басқарады, жер қыртысы параметрлеріне сәйкес жабдықтарды таңдайды және т.б. Мұнымен жұмыс жасау үшін үлкен іргелі білім керек екендігін айтып кеткен жөн. Сондықтан да біздің тренажерда жоғары курс студенттері мен жас мамандар тәжірибе жасай алады. Біз оны осы жерде көрсетіп, талқылағымыз келеді, тренажерды ақпараттармен толықтыру үшін әріптестер де іздейміз.

 

ЕКІ ЕСЕЛЕНГЕН ҚҚС

«ТрансРегион» ЖШС бас директоры Марат ШЫРДАБАЕВТАН  КО аясындағы қазақстандық кәсіпкерлердің проблемалары туралы айтып беруді сұрадық:

- Ресейден тауар әкелетін қазақстандық кәсіпкерлердің негізгі проблемасы – ҚҚС. Ресейде ҚҚС 18% болса, Қазақстанда 12%. Кедендік одақ аясында екі рет салық төлеуден құтыламыз ба десек, олай емес екен. Мысалы, атыраулық кәсіпкерлер Ресейден, Самарадан үлкен көлемде қандайма бір тауар алды делік. Сол тауарды осында жеткізу үшін ол Ресейде 18% ҚҚС төлесе, Қазақстанға кіргізу үшін 12% төлейді. Яғни, тауар бағасы 30%-ға өсті деген сөз. Егер ресейлік сатушы қазақстандық сатып алушыға тауарды Ресейдің ҚҚС-ынсыз сатпайтын болса, ол жаққа барып тауар әкелудің пайдасы жоқ. Заңнамалық база бар, алайда Ресейдің қарапайым сатушылары арасында түсінбеушіліктер бар. Сондықтан да мемлекет тарапынан салық комитеті, министрлік деңгейінде сапалы қолдау қажет.

Тағы бір мәселе – Қазақстанға келген ресейлікке және Ресейге баратын қазақстандыққа талап етілетін резиденция туралы анықтама. Бұл жерде екі елдің салық кодекстерінің сәйкессіздігі кәсіпкерлер үшін үлкен мәселе болып отыр.

- КО аясында қазақстандық кәсіпкерлер ұтылып қалып жатыр. Неге?

- Басында осылай ұтылатын шығармыз, алайда, Кедендік одақ бәсекелестік тудырады, ал бәсекелестікте тек мықтылар ғана жеңеді. Тауарлардың сапасын дамытпай, ел ішінде отыра беруімізге де болады, алайда жақсы бәсекелестік – бұл экономика қозғалтқышы.

-Мұнай және газ саласында қазақстандық кәсіпкерлер ресейліктерге қандай бәсекелестік көрсете алады?

-Жабдықтар жасаудан ешқандай бәсекелестік жасай алмайды. Ресейде бұл көп жылдар бойы дамыған, бұрғылау станоктары, сорғылар, тербегіштер мен арнайы техникалар дайындайтын машина жасау саласы жақсы жолға қойылған. Бізде де мұндай өндірістер бар, бірақ жабдықтарын кері жаңғырту керек. Кедендік одақ аясында бізге отандық өндірушіні қолдау үшін Ресеймен біріккен кәсіпорын құруымыз қажет. Атыраудан, Ақтау, Оралдан, сондай-ақ, өнеркәсіп дамыған солтүстік облыстардан осындай кәсіпорындар ашуға болады.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

2 қазан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.