Атырау, 27 қараша 17:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Терможаңғырту: сотта кездескенше

3 330 просмотра

Редакцияға терможаңғырту сапасына наразы тұрғындар жиі хабарласады. Адамдар мердігерлер кемшіліктерді жоймайынша, ақша төлеуден бас тартады. Алайда, егер кепілдікпен қызмет көрсету мерзімі аяқталса, мердігер фирма құрылыс нарығында енді жұмыс істемейтін болса, ал тұрғындарды ақша төлемегендіктері үшін соттаса, қалай болмақ?

ЕГДЕ ЖАНДАРҒА ҮМІТ АРТТЫ

Кезекті шағым Абай көшесінің бойындағы 25-үйдің тұрғындарынан келіп түсті. 2011 жылдың күзінде үйге «2011-2020 жылдарға ҚР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы» бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Жөндеу жұмыстары басталар алдында пәтердің меншік иелерінің жиналысы өткізілген. Тұрғындардың растауы бойынша, жиналыс хаттамасын ешкім де жүргізбеген. Мердігер мекеме туралы, шығындардың алдын ала сомасы туралы, кепілдік мерзімі, өтеу кестесі, жұмыс түрлері және т.б. туралы мәселелер ескертілмеген. Тұрғындарды сметамен таныстырмаған, онымен жазбаша сауал жүргізу кезінде пәтердің меншік иелері дауыс беру парағына қол қойғаннан кейін көрсетуге уәде берген.

Жөндеу жұмыстары жылыту маусымы кезінде жүргізілген, сондықтан қарашаның ортасына дейін жылу берілмепті. Кейбір пәтерлерде қабырғалар көгере бастаған. Қасбет жұмыстары күн суық кезде жүргізіліпті. Кей жерлердегі плиталардың жігін қопарып тастап, бітемеген. Кей жерлерде үй іргетасы сынған, ол да бітелмеді. Сметада ыстық сумен және суық сумен қамтамасыз ету тұрбалары ауыстырылады деп белгіленген, бірақ ақыры ол ауыстырылмаған. Жертөле есігі тек 50 см-ге ашылады. Электр қалқанындағы сымдар оқшауланбаған. Шатырдан су ағып тұр. Ал сметада жұмыстардың толықтай орындалғандығы көрсетілген. Аралық актілерді пәтердің меншік иелерінің ешқайсысы көріп, қол қоймаған.

- Бүкіл жұмыстарды «Әли» ПИК-інің төрағасы МҰСТАФИН, «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС директоры УӘЛИЕВ, қалалық ТКШ ЖК және АЖ бөлімінің бастығы БАРАС, «Нұр Отан» өкілі НИҒМЕТОВ, тұрғын үй инспекциясының меңгерушісі.БАЙКОТОВ, мердігер тарапынан– «АЗС АНК-Сервис» ЖШС директоры САБИРОВ, «Аман Инжиниринг» ЖШС жобалаушысы ҚАНАТ қабылдап алды. Ең қызығы – пәтердің меншік иелерінің атынан көзі нашар көретін зейнеткер өз қолын қойыпты. Зейнеткердің өзі актіге қол қойғанын жоққа шығарып отыр, - деп әңгімелейді үй тұрғыны Маргарита ДУРМАНОВА. - Жыл басында ТКШ мен ПИК өкілдері пәтерлерді полиция қызметкерлерімен бірге аралап, адамдарға қысым көрсетіп, соттаймыз, шығарып жібереміз деп қорқыта бастады. Олар күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізу туралы өткен күнмен белгіленген келісімшартқа қол қоюды талап етті. Оған тек үш егде адам қол қойды.

Кепілдік мерзімі өткеннен кейін, үй тұрғындарына соманы төлеу туралы сотқа дейінгі хабарламалар келе бастаған. Содан соң өкілетті орган оларды сотқа берген, істер төрт судьяның қолына тиіпті.

- Алайда, талап-арыз берушінің өзі өкілдерін үш мәрте сотқа жіберген жоқ, сондықтан менің өзімнің және кейбіреулердің пәтер-лері жөніндегі істі сот қараусыз қалдырды. Бірақ біздің үйдегі басқа пәтерлер бойынша істер жалғасуда, - дейді Маргарита.

 

БІР ТИПТІ ШЕШІМДЕР

Комментарий алу үшін біз адвокат Гүлсім САБИРОВАҒА жүгіндік. Оның айтуынша, Атырау қалалық сотына биыл «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Ұлттық компаниясы» АҚ-нан (ӘКК) көппәтерлі үйлердің тұрғындарынан көп талап-арыз түскен. ӘКК тұрғындармен, мердігерлермен және ӘКК-мен үшжақты келісімшарт жасалған жағдайда сотқа беріп отырған. Ал егер келісімшарттар екіжақты болған жағдайда сотқа «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС берген және бүкіл талап-арыздардың барлығы қанағаттандырылған. Көрнекілік үшін адвокат соттың бір шешімін ғана әкелді, өйткені, бәрі бір типті екен. Бірақ алдымен Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011 - 2020 жылдарға
арналған бағдарламасын бекіткен ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 20 сәуірдегі №501 қаулысы туралы еске салайық. Осы бағдарламаға сәйкес, республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға терможаңғырту, яғни, қабырғаларды, шатырды, еденді жылылау элементтері бар жөндеу жүргізу үшін мақсаттық трансферттер бөлінеді. ПИК, мердігер, ӘКК мен үй-жай иелерінің арасында ПИК-тің ортақ мүлкін жөндеуге келісімшарттар жасалады. Шартта белгіленген мерзім ішінде үй-жай иелері жинақ шотына ай сайынғы жарналарды төлейді. Жинақталған қаражат орындалған жұмыстардың төлемі ретінде ӘКК-ге аударылады, қаражатты одан әрі ӘКК басқа үйлерді жөндеуге жұмсайды. ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 6 сәуірдегі № 376 Қаулысына сәйкес, «Атырау» ӘКК ұлттық компанияларқұрамына кіреді. 

Сотта анықталғандай, 2012 жылғы 5 ақпанда Атырау қаласы, Құнанбаев көшесі, 20-үй мекен-жайындағы көппәтерлі үйдің пәтер иелерінің жалпы жиналысында 33 454 000 теңге мөлшерінде күрделі жөндеу жүргізуге сметалық құжаттаманы бекіту туралы шешім қабылданған.

2014 жылғы 20 наурызда комиссия нысанды пайдалануға қабылдады. Өтеу кестесіне сәйкес, Құнанбаев көшесі, 20-үйдегі пәтерлердің бірінің ай сайынғы жарналар сомасы 2781 теңгені, 2013 жылдың қаңтарынан 2014 жылдың мамыры аралығында 47 277 теңгені құрайды. Сот пәтер иелерінің жалпы жиналысының шешімі барлық пәтер иелері үшін міндетті болып табылады деген заңға сүйеніп, талап-арыз берушініңпәтер иелерінен 47 277 теңге мөлшеріндегі соманы өндіру туралы талабын қанағаттандыру туралы шешім шығарған.  

Ал, сотта көптеген жауапкерлер талап-арызды мойындамаған немесе ішінара мойындаған. Мұны жөндеу сапасына риза емеспіз, келісімшартқа қол қоймадық, алайда, егер кемшіліктер жойылса, жөндеу үшін төлеуге келісеміз деген уәжбен келтірген. Олардың дәлелін сот негізсіз және жеткіліксіз деп таныпты.

Осындай шешімдердің көпшілі-гіне облыстық және Жоғарғы соттарға шағым жасалған. Алайда жоғары сатыдағы соттар барлық жағдайда дерлік апелляцияны қанағаттанарлықсыз қалдырған. Құнанбаев көшесі, 20-үй тұрғындарына қатысты жағдайда да осылай болыпты. Алқа «тұрғын үйді күрделі жөндеу және терможаңғырту толықтай жүргізілмеген және сапасыз жасалған» деп танығанмен, «бұл жағдай жауапкерді тиісті мөлшерде ақшалай қаржыларды қайтару міндетінен босатпайды. Тұрғын үйді күрделі жөндеу және терможаңғырту сапасы бойынша талаптар болған жағдайда жауапкердің өз құқығы мен мүддесін заңда қарастырылған әдістермен қорғауға мүмкіндігі бар».

Биылғы жылы облыстық соттың алқасы бір рет жеке ұйғарым шығарғандығы назар аудартады. Алқа отырысында жауапкер ПИК хаттамасымен танысу кезінде ол екі пәтер иесі меншік иелерінің жиналысына қатысушыларды тіркеу қағазына өз қолдарын екі мәрте қойғандығын анықтағанын айтқан. Бұдан басқа, сметалық құжаттардың бекітілген уақыты жоқ, жергілікті смета 2001 жылғы баға бойынша жасалған, жұмыстардың сметалық құны күдік тудырады. Жұмыс және қабылдау комиссияларының мүшелері тұрғындардан жөндеу сапасы туралы олардың пікірін сұрамаған. Бүгінгі күні ақаулар мен кемшіліктер жойылмаған, ешқандай жылылау жұмыстары жасалмаған. Жауапкер ұсынған Авангард-2 ықшамауданы, 9-үй мекен-жайындағы тұрғын үйдің жертөлесі, кіре берісі мен қасбеті түсірілген фотосуреттен сот тұрғын үйді күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары толықтай жүргізілмеген әрі сапасыз жасалған деген қорытынды шығарыпты. Осыған байланысты алқа «анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында тиісті шаралар алу үшін Атырау облысы прокурорының, Атырау облысы әкімінің, Атырау қаласы әкімінің назарын жұмыс және қабылдау комиссиясының, «Атырау» ӘКК және мердігер «Гил-Сер» ЖШС-нің жұмысындағы кемшіліктерге аудару керек» деп есептеген.

- Сот актілерін талдау сотта көппәтерлі үй тұрғындарына жүргізілген жөндеу сапасының нашарлығына қатысты дәлелдерді алға тартудың мәні жоқ екендігін көрсетіп отыр, - дейді Г.Сабирова.-  Қойылған қолдар жалған болғандықтан және т.б. тұрғындардың жалпы жиналысының шешімін заңсыз деп тану туралы қарсы талап-арыз беру керек. Тағы бір жайт, талап-арыз бергенге дейін анағұрлым белсенді азаматтық ұстанымды көрсету керек. Мәселен, бүкіл үйге облыс прокурорының, облыс әкімінің, қала әкімінің атына жұмыс және қабылдау комиссиясының, «Атырау» ӘКК-нің, «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің және мердігердің жұмысындағы кемшіліктерді көрсетіп, ұжымдық шағым жазу керек. Тек осылайша ғана оларды өз жұмыстарын қайта жасатуға мәжбүр етуге болады.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

2 қазан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.