Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық XI ынтымақтастық форумының шеңберінде өткен «KAZENERGY – көшбасшылық және инновация» Жастар форумы кезінде Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің ректоры Виктор МАРТЫНОВ студенттер мен жас мамандар үшін шеберлік дәрісін өткізді.
ВИРТУАЛДЫ КЕНІШТЕ
Ректормен кездесу де жастар форумы секілді Атырау АРЕС (AtyrauPetroleumEducationCenter) Petrotechnic колледжінде өтті. Мұнайшылар кадрының небір шеберлерін оқытқан білім ордасының басшысы мамандық таңдау, жоғары санатты мамандарды дайындау үшін университетте қолданылатын жаңа жетістіктер туралы әңгімелеп, жас аудиторияның сұрақтарына жауап берді.
Жалпы жас мамандарды дайындау жөнінде Мартынов университеттердің өз функцияларын азды-көпті атқаратынын, оның пікірінше, қазір проблемалардың көбі мектептерге қатысты екенін атап өтті:
- Кәсіби мансапқа қажет кейбір маңызды жайттар жоғалуда. Ресейде, мәселен, балалар бірыңғай мемлекеттік емтиханды тапсыра бастаған кезде, өздері емтихан тапсыратын пәндерді ғана шынайы оқи бастайтыны айқын көрінеді. Қалғандарына бастарын ауыртпайды. Сонда техникалық факультетке түлек орыс тілі, математика мен физиканы тапсырады да, химия немесе география мүлдем керек емес деп есептеледі. Иә, формальды түрде химия секілді кәсіптік факультет жоқ, бірақ кез келген технология химияға байланысты. Географияны да өте нашар біледі, ал бұл белгілі бір кеніштің қайда екендігі, ол жердегі климаттық және табиғи жағдайлар қандай екендігі туралы жалпы мағлұматы болуы үшін керек. Мектептегі барлық пәндерді оқу керек, білім артықтық етпейді.
Сонымен қатар, Мартынов Губкин университетінде қолданылатын жаңа технологиялар туралы әңгімеледі:
- Біз түрлі мамандықтағы студенттердің мұнай және газ өнеркәсібінің нақты нысандарындағы жұмыс жағдайларын модельдей отырып, олар жоғарғы курстарда бірге оқуы керек деп есептейміз. Бұл виртуалды өндірістік қызмет деп аталады, яғни, виртуалды мұнай-газ кеніштері, құбыр жүйесі, мұнай өңдеу зауыты құрылды. Сабақтар бір мамандық бойынша емес, қатарынан бірнеше мамандықтар бойынша өткізіледі. Егер бұл виртуалды кеніш болса, онда ол жерде геологтар да, бұрғылаушылар да, игерушілер де, экономистер де, экологтар да болады. Олардың бәрі бір кешенді тапсырманы, мәселен, мұнай қайтарымын арттыруды немесе апатты жоюды бірге шешеді. Бұл нәтижелі болады, өйткені, бұл - дерексіз емес, шынайы нәрселер.
Кенішті толықтай цирфланған нысан делік, тек атауы жоқ. Тамыз айының соңында бүкіл ЛУКОЙЛ басшылығы да осы кеніште жаттықты. Олар студенттік тапсырманы командамен жете талқылады, бір жарым сағаттай дауласты. Содан кейін сол жерде бір адам кенішті танып, 10 жыл бұрын бұл есепті сол жерде шынайы шешкенін айтты. Міне, бұл өз оқу орнымызға енгізіп отырған жаңа технологиялар, жаңа мүмкіндіктер. Бірақ бұл тек жоғарғы курстарда ғана мүмкін болады. Өйткені, студентке өз мамандығы бойынша базалық білім алу керек.
Мартынов Қазақстан тұрғындарының ресейліктермен бірге жалпы негізде Губкин атындағы университетке түсіп, оқи алатынын айтты.
«СОЛ ТАЛАПТАР БОЙЫНША»
Кездесу кезінде Мартыновқа қойылған сұрақтар:
- Қазақстандықтардың сіздің ЖОО-ға түсу үдерісі қалай жүреді?
-Екі нұсқасы бар: қазақстандық талапкерлер ресейліктерге қойылатын талаптармен түсе алады немесе екінші нұсқа – коммерциялық негізде, яғни, компания немесе ата-аналар оқудың ақшасын төлейді. Бізде оқу ақысы халықаралық өлшеммен, тіпті, ресейлік деңгеймен салыстырғанда көп төмен.
Біз, сондай-ақ, халықаралық магистрлік бағдарламаларын, оқуының бір жартысын ресейлік бағдарламамен оқып, қалған жартысын шетелде оқитын екі диплом алу бағдарламаларын дамытып жатырмыз. Бізде осындай 14 бағдарлама бар. Мәселен, үшеуі француз мұнай институтымен, біреуі Корольдік технологиялық университетпен (Стокгольм), Ставангер солтүстік теңіз кен орындарын әзірлеу университетімен (Норвегия), АҚШ, Калгари және т.б. университеттерімен бір-бірден жасалған. Бұл тек ағылшын тілін меңгерген балаларға ғана қызықты. Жалпы, ағылшын тілі – барлық мұнайшылардың халықаралық тілі, барлық құжаттамалар мен бағдарламалар сол тілде жасалады. Мұнайшылар мен газшылардың еңбек нарығы қайда да ашық және жақсы маман әлемнің әр түкпірінде жұмыс жасай алады. Тіпті, жақын әзірде пайда болған «экспат» сөзі – халықаралық мұнай және газ компанияларында қолданылады, яғни, бұл - өз отанында емес, әлемнің әр түкпірінде жұмыс жасайтын адам.
- Қазақстандағы белгілі мұнайшылардың көпшілігі - Губкиннің шәкірттері, оларды білесіз бе, араласып тұрасыздар ма?
- Білемін. Бүгін Қарабалинмен кездестім, бұрынғы министр (Мыңбаев – С.Т.) де біздің шәкіртіміз. Көрме ішінде әр аттаған сайын бір шәкіртімізді кездестіруге болады. Біз олармен байланысты үзбейміз, бізде Шәкірттер қауымдастығы бар, шәкірттеріміздің көпшілігі басшылық лауазымдарда жұмыс жасайды. Қазақстанның өзінің жоғарғы мұнай-газ оқу орны бар болғандықтан, бакалавриатты осында, магистратураны бізден оқуға болады. Бізде біріккен магистрлік бағдарламалар немесе қосымша білім беру бағдарламалары бар – Қауымдастықта шәкірттер саны азаймас үшін оқудың бұл түрлерін дамыту керек. Біз бұған тек қуанатын боламыз.
- Дарынды балаларға арналған атаулы шәкіртақылар мен гранттар бар ма?
- Шәкіртақылар, гранттар және марапаттар бар. Бір жыл бұрын «Губкин университетінің жұлдызы» аталатын корпоративті сыйлық – алтын, күміс және қола медаль пайда болды. Бұл барлық жағынан үлгілі студенттерге арналған. Барлық мұнай компаниялары, ішінде шетелдік кәсіпорындар тағайындаған корпоративтік шәкіртақылар да өте көп, ішкі шәкіртақымыз да үлкен. 300-дей студент 20 мың рубльден шәкіртақы алады.
-Шетелдік студенттер үшін ше?
- Корпоративті, әсіресе, халықаралық компаниялар ұсынған шәкіртақылар қай елден келгеніне қарамастан, барлық студенттерге арналған. Жалпы, мұнай саласы – интернационалдық кәсіп, сондықтан да біздің студенттердің 20%-ы – шетелдіктер. Олардың барлығы бірдей талаппен оқып жатыр. Ресей, Қазақстан және Белоруссияда заңнамалар ұқсас қой, бюджеттік бөлімге түсіп, шәкіртақы алуға болады.
Ресейге қарсы батыс елдері салған санкциялар жағдайындағы жоғарғы оқу орнының саясатына келетін болсақ:
- Халықаралық экономикалық қарым-қатынастар ұзақ уақыт қалыптасады, алайда оларды бір сәтте-ақ бұзуға болады. Қазір, ең бастысы, әрлі-берлі шаппай, бір қалыпты қозғалу керек. Бұрыннан қалыптасқан байланыстар, сенімді әріптестер бар. Халықаралық жобаларымыз көп болғандықтан, біз ынтымақтастығымызды жалғастырғымыз келеді. Бұл санкциялар күндердің бір күнінде тоқтатылады, өйткені, бұл ешкімге тиімді емес.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген автор