29 қыркүйекте Қазақстан мен Ресей Федерациясының өңіраралық XI ынтымақтастық форумы өз жұмысын басталды. Мұндай форматтағы жыл сайынғы кездесулер 2003 жылдан бері өтуде.
КАРТИНАЛАР КӨРМЕСІ
Бірінші күні Ресей делегациясының қатысуымен бірқатар шаралар өтті. Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, ҚР Энергетика вице-министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН және Ресей Энергетика министрлігінің мемлекеттік энергетикалық саясат департаментінің директоры Алексей КУЛАПИН «Көмірсутек саласындағы инновациялар» атты 2 күндік көрмені ашты. Жаңа көрме кешенінде (оны салуға тендерді облысқа танымал кәсіпкер Сағат ТҮГЕЛБАЕВ алған болатын, нысан 4 ай ішінде Форумға дайындық шеңберінде тұрғызылды) 60 шақты отандық және ресейлік компаниялар мен ғылыми институттар: «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, НКОК, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», Маерск Ойл Қазақстан ГмбХ, Kazenergy қауымдастығы, «Татнефть» ААҚ, «ЭНГО Инжиниринг» ЖШҚ, «ВНИПИгаздобыча» ААҚ… өз стендтерін қойды. Көрме форматы нысандар жетістігін және оны іске асырудағы зерттеулерді әдеттегідей насихаттаудан алшақ жатыр. Басым бөлігінде қатысушылар сандық көріністегі заманауи технологияларды ұсынады.
Көрме бүгінгі сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Шектеулі мамандықтағы сала ескеріліп, көрмеге шақырту бойынша кіреді. Бүгінге Қазақстан мен Ресей серіктестерінің арасындағы он бес шақты өңіраралық экономикалық меморандумға қол қою белгіленді.
ЖАСТАРДЫ - APEC PETROTECHNIC-КЕ
Сонымен қатар APEC Petrotechnic («Кәсіпқор») колледжінде «KAZENERGY –көшбасшылық және инновация» Жастар форумы өз жұмысын бастады. Бұл форум қос ел жастарының инновациялық ғылыми-техникалық және әлеуметтік-коммуникациялық жобалардағы жеткен жетістіктерін көрсету, ресейлік, қазақстандық жастар ынтымақтастығы келешегінің дамуы мен екі ел жастары мен жастар ұйымдарының тиімді өзара әрекет жасауының алаңын қалыптастыруды көрсетеді.
Жастар форумының шеңберінде инновациялық «Innovation man» жобаларын әзірлеушілердің конкурсы, сондай-ақ «Теңізшевройл» бас директоры Тим МИЛЛЕР мен И.М.Губкин атындағы мұнай және газ Ресей мемлекеттік университетінің ректоры Виктор МАРТЫНОВТЫҢ шеберлік дәрісі өтті.
Жастар форумы аясында пікірсайыс ұйымдастырылып, «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы оқытушылары арасындағы ынтымақтастық туралы» және «ҚР мен РФ энергетика саласындағы жастар ұйымдары арасындағы ынтымақтастық туралы» меморандумдарға қол қою, «Жас мұнайшылар кеңесін» құру жоспарланған.
Жастар форумына ҚР Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан СӘРІНЖІПОВ, РФ Энергетика министрі Александр НОВАК, РФ Білім және ғылым министрі Сергей ЧУЕВ келді. Жастар форумы жұмысының қорытындысы бойынша қарар қабылданып, ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды.
САНКЦИЯЛАР: ҚОРҚЫНЫШ МЕН ПАЙДА
Ал сол кезде «Ренессанс» отелінде Іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Шекаралық ынтымақтастық жөніндегі Ресей-Қазақстан Іскерлік кеңесі 2006 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы сауда-өнеркәсіп палаталарының бастамасы бойынша құрылған.
Іскерлік кеңесінің отырысы ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен РФ Сауда-өнеркәсіп палатасының өзара іс-әрекет мәселелеріне арналды. Бұл жерде қазақстандық өнімдерді өңірлік ресейлік нарыққа экспорттау мәселелері, РФ мен ҚР экспортшыларының өзекті дерекқорларын құру, сонымен қатар екі ел бизнесмендерінің басқа өзекті мәселелері талқыланды. Атыраудағы іскерлік кеңеске Ресейдің аумақтық сауда-өнеркәсіп палатасы мен бизнес-қоғамдастығының өкілдері келді. Қазақстандық тарапты кәсіпкерлердің өңірлік палаталарының, ең алдымен, шекаралық өңірлердің, қазақстандық бизнес-қоғамдастықтың басшылары таныстырды.
Ескі серіктестер – Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы әлемдік кеңістіктегі біздің көршіміздің төңірегінде қалыптасқан саяси ахуалды сөзсіз ынталандыратындығы туралы ҚР ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары Рахым ОШАҚБАЕВ журналистерге мәлімдеді:
- Қазақстанда ресейлік бизнесмендердің белсенділігі артуда. Жыл басынан бері бізде ресейлік қатысудағы 1300-ден астам біріккен кәсіпорындар құрылды. Біз өзара серіктестікті одан әрі дамытқымыз келеді және проблемалы мәселелерді талқылаймыз. Ал Ресейге қарсы әлемдік қоғамдастық енгізген санкцияның салдары жанама болса да, Қазақстанға теріс ықпалын тигізері сөзсіз.
- Негізгі серіктестің жкономикалық құлдырауы, ішкі жалпы өнімнің және рубль бағамының едәуір төмендеуі күтіліп отыр, жорамал позитивті емес. Егер девальвация болса, бұл біздің валютаның келешегіне де ықпал етеді. Бұл факторлар ҚР-ның алтын-валюта резервіне қысымды күшейтеді.
- Яғни, бұл бізде де девальвация туғыза ма?
- Міндетті емес, оның үстіне, үкімет бұған жол бермейді. Бүгінгі ахуал – біздің саясатымыз үшін салмақты қарсылық. Бірақ біздің үкіметіміз өте кәсіби әрекет ететінін әділ атап өту керек, - деп атап өтті Рахим Ошақбаев. – Капиталдың жылыстауы мен экономикалық өсімнің төмендеуіне жол бермес үшін бірқатар салмақты алдын алу шаралары алынды. Бізде капиталға рақымшылық жасау науқаны басталғанын естеріңізге салайын. Өткізіліп жатқан заңдастыру капиталдың құйылуына стимул болады. Бүгінде жаңа жобаларды қолдау қалыптасқан, алайда: неліктен өндірісті дамытуға, көлемдерді көбейтуге инвестиция салмасқа деген сұрақ туындады. Сондықтан толық емес қуаттылықта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарға субсидиялар бөлу шаралары жасақталды. Мемлекет тұрғысынан оларға қолдау көрсету - бұл данышпандық. 76 млрд теңге шеңберінде үкімет инвестициялары қарастырылған. Оларды 400-500-дей компаниялар алады.
Сондай-ақ, елбасының бастамасымен салықтық жеңілдіктер мен инвестицияның 30 пайызын өтеуді қарастыратын «Инвестициялар туралы» заң қабылданды. Қазір біз, Ұлттық палата, өз деңгейімізде шетелдік компаниялар мен олардың елшіліктерінің Қазақстанда бизнес жүргізуге едәуір қызығушылықтары бар екенін көріп отырмыз.
Ошақбаевтың айтуынша, бизнеске салық жүктелімі Ресейде едәуір жоғары екен:
- Егер ағымдағы санкциялар мен шарттар Ресейде бизнес жүргізу үшін проблемалар туындатса, Қазақстанның бірыңғай кеден аумағының бір бөлігі болып табылатынын ұмытуға болмайды. Бұл тауарлардың еркін қозғалысын білдіреді. Ресейде бизнес жүргізу ауыр болатын көптеген шетелдік компаниялардың: «Неліктен Қазақстанда осындай өндірісті жақсы бизнес-климатпен және төменгі салықтармен жолға қойып, бұл тауарларды Ресейге экспорттамасқа?» деген сұрақтар қоюы қисынды.
БӘРІ ТЕҢ, АЛ РЕСЕЙ – 87%
Іскерлік кеңес отырысымен қатар «Еуразиялық интеграция: бизнес-қоғамдастық көзқарасы»; «Мұнай-газ саласы мен мұнай-газ машина жасау саласындағы ресейлік-қазақстандық серіктестік» және «Ресей мен Қазақстанның трансшекаралық өзендері бойынша өзен кеме қатынасын дамыту» деп аталатын үш панельді сессия өтті.
«Еуразиялық интеграция: бизнес-қоғамдастық көзқарасы» сессиясында баяндамашы ҚР ҰКП техникалық реттеу департаментінің директоры Сергей РАДАЕВ қызықты цифрларды келтірді. Анықталғандай, бүгінде Ресейде техникалық регламенттерді – тікелей әрекеттегі нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуде радикалды артықшылықтар бар екен. Бұл КО-ға қатысушы елдер мен БЭК аумағында міндетті қолданыста болатын стандарттар.
- Мүше елдер үшін бірыңғай техникалық регламент қалыптастыру комиссиясының құрылымында ресейліктер 87 пайызды құрайды.
- Бірақ бұл комиссия құрамында мүшелері басым болатын елдердің мүдделерін тықпалауға сөзсіз әкеледі ғой.
- Солай. Бірақ бұл сұрақты маған қоймаңыз. Формальды түрде бәрі тең құқылы, бірақ іс жүзінде Қазақстан мен Белоруссия бұл процесте минималды қатысуға ие. Сондықтан техрегламенттер негізінен ресейлік бизнес-қоғамдастықтың мүдделерін ескереді.
АЛДЫМЕН КИІЗ ҮЙ, СОДАН СОҢ ФУРШЕТ
Сонымен қатар дүйсенбі күні облыстық әкімдік алдындағы алаңда орналасқан «Этноауыл» өз меймандарын қабылдай бастады: бұл байырғы қазақ тұрмысын, салт-жоралғылары мен әдет-ғұрыптарын визуалды көрсету үшін құрылған мәдени-тарихи жоба. Біздің халқымыздың құндылықтар жүйесіндегі ақ киіз үй – мерекенің, үлкен оқиғаның жүзеге асуы. Аудан орталықтары мен ірі отандық компаниялар 10 ақ киіз үйді тікті. Кірер ауызда қала меймандарын Махамбет атындағы облыстық драма театрының әртістері ұлттық киім киіп, тәттілер салынған шашумен қарсы алатын болады. Келушілер қымыз бен бауырсақтан дәм тата алады. Әрбір киіз үйдің тарихи ерекшеліктерге немесе халықтың қалыптасу кезеңіне арналған өз тақырыбы бар.
ПРЕЗИДЕНТТЕР БҮГІН КЕЛЕДІ
Бүгін – Форумның негізгі күні. Өйткені екі мемлекеттің басшылары Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Владимир ПУТИН келеді деп күтіліп отыр. Қазақстан мен Ресей президенттері жеке сұхбат жүргізеді. Бірқатар бірлескен құжаттарға, соның ішінде Ресей мен Қазақстан өңірлері арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ