Атырау, 27 қараша 18:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қожамжаровтың «жеке қойылымы» және ЕАЭО

2 127 просмотра

Фото: liter.kzФото: liter.kz24 қыркүйектегі Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысы ҚР Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің жаңа төрағасы Қайрат ҚОЖАМЖАРОВТЫҢ жеке қойылымы ретінде өтті деуге болады. Ол депутаттардың назарына Қазақстанның 15 Кодексі мен 66 заңына түзетулер енгізуді қарастыратын заң жобасын ұсынды.

Алайда, жаңа агенттік төрағасының айтуынша, өзгерістердің көпшілігі қағаз жүзінде ғана қалады және тек қаржы полициясының жойылуымен байланысты: президенттің қаржы полициясын жою туралы шешімді қабылдауына экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстардың барлығына тергеу жүргізу бір күштік құрылымға жүктеліп, нәтижесінде «келеңсіз жағдайлар» туғызғаны басты себеп болды.

Экономикалық және қаржылық қылмыстармен байланысты 35 бап бойынша қаржы министрлігінің арнайы органы тергеу жүргізеді. Ал Қайрат Қожамжаровтың жаңа жемқорлыққа қарсы ведомствосы мемлекеттік аппарат қызметшілерін іріктеу және сапалық  құрамына жетекшілік жасаумен қатар олардың жемқорлық іс-әрекеттерге қатысты 32 бапты орындауларын бақылауға алады. Бір қызығы, Қожамжаров өзінің жаңа ведомствосын «демилитаризациялау» қажеттігі туралы екі рет айтып өтті, өйткені «біздің ойымызша, қызметкерлеріміздің погонының жоқ болуы азаматтардың белгілі бір деңгейде сенімін оятады».

Алайда, агенттіктің шұғыл тергеу топтарының қызметкерлеріне погонның орнына үлкен әлеуметтік жеңілдіктер, соның ішінде басқа күштік құрылымдарда еңбек өтілдерін, шендерін сақтай отырып, қызметтерін жалғастыру құқығы берілмек. Өйткені жаңа ведомствоға құқық қорғау органы мәртебесі беріледі. Агенттік төрағасының айтуынша, бұрынғы қаржы полициясы қызметкерлері жаңа құрамның тек 20 пайызын ғана құрайды және негізінен «өз тәжірибелерін жас қызметкерлермен бөлісетін болады». Оның пікірінше, салық инспекциясы, қаржы полициясы және кеден комитетінің бүгінге дейін жиналған деректер базасы мен барлық ақпараттық ресустарын біріктіру тек көлеңкелі экономикамен тиімді күрес жүргізу және бюджетті толтыруға жағдай жасап қана қоймайды, сондай-ақ ШОБ нысандарын тексеру мөлшерін азайтады.

Қайрат Қожамжаров өз сөзінде жаңа құрылып отырған агенттік мемлекеттік қызметшілерді жазалап қана қоймай, олардың құқықтарын қорғауы керек деп баса айтты. «Мемлекеттік қызметшілердің қорғансыздығы, бірінші кезекте, барлық деңгейдегі әкімдердің ауысуы кезінде көрінеді», - деп шенеуніктермен сөйлескеннен кейін түйген қорытындыларымен бөлісті агенттік төрағасы. Жаңа тағайындалған басшы жергілікті шенеуніктерді «өз» командасы өкілдерімен ауыстыратыны жөнінде айта келіп, көп жағдайда «бастық өз адамдарын қылмыс жасау үшін әкелетіндігін» ескертті.

- Заңға қайшы әрекеттер жасау үшін нөкерлері болуы керек, ал ықпалдастық -  болашақта ұйымдасқан қылмыс тобын құрудың бастамасы. Біз бұған жол бермейтін боламыз.

Қ. Қожамжаров мемлекеттік қызметшілерді тестілеу жүйесін де әділетсіз деп есептейді. Ол «тестілеу жүйесінің ішінде де жемқорлыққа жағдай туғызылған» деп мәлімдеді. Ол шенеуніктің жұмысын тек заңдарды білу бойынша ғана емес, әріптестері мен халықтың пікірі арқылы объективті бағалау керек деп есептейді. Қожамжаров президентке қазіргі қолданыстағы тестілеу жүйесін жойып, жаңа, атап айтсақ, полиграфты қолдана отырып бағалайтын жүйе енгізуді ұсынбақ. Айтпақшы, Қайрат Қожамжаров мемлекеттік қызметшілердің жас болғандарын қалайды және олардың тәжірибесіздігі оны қорқытпайды екен. Егер шенеунік 35 жасқа толғанша вице-министрдің деңгейіне жетпесе, мемлекеттік қызметті тастап, жеке меншік секторға кетуі керек деп кеңес береді.

Депутат Розақұл ХАЛМҰРАДОВТЫҢ «тендерлік» қылмысқа қарсы әрекет ету сапасы туралы қойған сұрағына Қожамжаров: «Көріп жүрсіздер ғой, қаншама қылмыстық іс көтерілсе де, жаңа істердің шегі көрінбейді»,- деп жауап берді. Оның пікірінше, мемлекеттік сатып алудағы жемқорлықпен тек күштік әдістермен күресу аздық етеді: осындай қылмыстардың негізін жою керек, соның ішінде әкімшілік кедергілерді алып тастау қажет.

Депутат Қуаныш СҰЛТАНОВ жаңа агенттікке әділдікдіктің үлгісі болуын тілеп, аз-мұз беделі бар шенеунік мүше болуға міндетті «Нұр Отан» партиясы да өз қатарын жемқорлардан тазалауы керектігін айтып өтті. Оның айтуынша, тек 2013 жылы жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін 21 мың адам партиядан шығарылған екен.

Депутат Владислав КОСАРЕВ агенттіктің жаңа төрағасына ақыл ретінде «ұрлық сызбасы нысандарды жобалау кезеңінде ойластырылады, ал «алтын балалар» ақша қанша, қайда және қашан түсетінін, тендерді кім ұтатынын білетінін» есіне салып кетті.

Барлық қатысушы жүз депутат та ұсынылған заң жобасын бірінші оқылымда-ақ бірауыздан қабылдады. Жыл аяғына дейін осы ұсынылған күйінде қабылданатын шығар.

Алайда, менің пікірімше, Қожамжаровтың «қойылымы» күн тәртібіндегі маңызы жағынан тек екінші болған сияқты. Ең басты мәселе ««Еуразиялық Экономикалық Одақ туралы» шартты ратификациялау туралы» ҚР Заңы жобасы бойынша қорытынды дайындау» болды. Алайда қызу талқылау болған жоқ, өйткені халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің төрағасы Мәулен ӘШІМБАЕВ комитеттің ақырғы қорытындысын тек осы жылдың 13 желтоқсанындағы Мәжіліс отырысында ұсынатынын айтты.

Бір қызығы, депутаттар осы күн датасы үшін тып-тыныш, еш сұрақ қоймастан бірауыздан дауыс бере салды. Сондай-ақ, аса маңызды мемлекетаралық келісімді талқылау мен қабылдауға жаңа жыл алдында бір-екі отырыс қана қалатыны ешкімді алаңдатпады. Әй, қайдам, сол талқылау бола ма екен өзі?

Жасұлан КӨЖЕКОВ,

меншікті тілші, Астана

25 қыркүйек 2014, 17:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.