Жылыой ауданында қара суды қанып ішу оңайға түспеуде. Сөйтсе де, тұтынған судың төлемақысынан қашқандар есептегіштерді өздеріне «бағындыра» бастапты.
«Жылыойсуканал» КМК-ның бастығы Балтабай ИБРАЕВТЫҢ мәлімдеуінше, Құлсары қаласына тәулігіне 4 мың текше метр су берілсе, ал Жаңа Қаратон селосы 24 сағат бойына тұтынуда. «Игілік» бағдарламасы бойынша қала басында қызу жұмыс қалыптасқан, әкімдікке сенсек, нәтижесін бірер айда көретін боламыз. Десек те, Жаңа Қаратон селосында есептегіштен су ұрлаушылардың суреттерін Ибраев мақтанышпен көрсетті. Тексерушілер әдеттегіден үш-төрт күн бұрын есептегіштерге барлау жүргізгенде нағыз масқара қылықтың үстінен түскен болып шықты. Магнит, ине, тіпті есептегішті құрсаулап тастау арқылы оны жүрісінен жаңылдырғандар суды есепсіз пайдаланған. КМК бастығының мәлімдеуінше биылдан бастап үкіметтен субсидия беріліп, төлемақының басым бөлігін үкімет өз мойнына алса, ал қалған бөлігін төлеуден қашқандар осы әрекетке көшіпті. Ал төлемақы бағасы өскен жоқ, баяғыша қалған. Су ұрлаушылар енді сот алдына барып, айыппұл төлейтін болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА