Өткен демалыс күндері АМУ ғимаратында «Атамекен Стартап» ОФ пен Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы бірлесе ұйымдастырған жастар арасындағы «Атамекен Старт-ап» бизнес идеялар байқауы үшінші рет өтті.
ДОРБАЛАР, ТОРТТАР, КӘДЕСЫЙЛАР
Байқау басталмас бұрын АМУ фойесінде қазір жұмыс жасап жатқан бизнес-идеяларды таныстыру көрмесі ұйымдастырылды. Тәуекелге бел буып, өз идеяларын іске қосқан жас кәсіпкерлер өз жетістіктерімен бөлісті. Мәселен, Асыланбек МӘЖИТОВ жерді ылғалдандырып, сонымен қатар тыңайтуға мүмкіндік беретін тамшылатып суландырудың жаңа технологиясын ұсынды.
- Бұл тыңайтқыштарды ферменттейтін арнайы аппарат-тың арқасында мүмкін болды. Мұнда тыңайтқыштың белгілі бір өлшемі салынып, кейін ол тамшылатып суландыру жүйесіне түседі. Бұл жерде тыңайтқыштардың шамадан тыс болып кетуіне жол берілмейді, өйткені мөлшерлер мұқият есептеледі, - дейді жас кәсіпкер. Оның әдісі тыңайтқыштарды 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Биыл Асыланбек тәжірибелік 4 гектар жерге қияр, баклажан, пияз және орамжапырақ өсірді. Оның алғашқы клиенттерінің бірі КТК болды. Компания осы инновациялық технологияны көгалдар мен жасыл желектерді суаруға пайдаланып жатыр.
Ал Мақат ауданынан келген жас кәсіпкер Гаухар ІЛИЯСОВА бала кезінен бері анасымен бірге торт, тәтті нан пісірген екен, сондықтан да кулинариялық құпияны жастайынан меңгерген. Іскер қыз өз бизнесін де осы салада ашуды шешіпті. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, кондитерлік цех ашатын орынжай сатып алған. Бүгінде Мақатта ерекше торттар мен түрлі тәттілер дайындайтын аспаздың тұрақты клиенттері көбейген.
Таныстыру көрмесіне жалпы 18 жас кәсіпкер қатысты. Бұл да өз алдына бөлек бір байқау болды – комиссия өз пікірлерінше ең үздік бизнесті анықтады. Бірінші орынды қағаз дорбалардың сынақтық партиясын шығарған «Бум - 2020» ЖК алды. Бұл бүгінгі таңда Атыраудағы осындай жалғыз кәсіпорын. Жастар өндіріс қуаттылығын айына 400 мың қағаз дорбаға жеткізбекші. Екінші орынды ұлттық кәдесыйлар дайындаумен шұғылданатын Нұрлыбек БИСЕМБАЕВ алса, үшінші орында – кондитер Гаухар Ілиясова.
Көрмеге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН бүгінде мемлекет жас кәсіпкерлерге барлық жағдайды тудырып отырғанын атап өтті.
БӘРІНІҢ ДЕ МҮМКІНДІКТЕРІ БАР
Осы күні «Атамекен Стартап» байқауы да басталып, финалдық бөлігіне 14 команда қатысты. Ауылшаруашылық саласында, құрылыс, балалар мен жастардың демалысын ұйымдастыру, қалдықтарды өңдеу, сұйық сабын және т.б. жасауға қатысты бизнес-жоспарлар болды. Жүлделі орындар келесідей бөлінді: үшінші орынды және 100 мың теңгелік сыйлықты сиыр еті панкреатині негізінде медициналық препараттар өндіру бойынша жобамен «ДАБ» командасы алды. Дәрі-дәрмекті осы жолмен жасау дін тұрғысынан шошқа етін жемейтін пациенттер үшін өте маңызды. Екінші орын және 200 мың теңгелік сыйлық декоративтік жасыл желек ретінде қолдануға болатын мәңгі жасыл шырмауықты арнайы блок жасау идеясын ұсынған «Экомен» командасына берілді. Бұл блоктардың тиімділігі, оларды келесі бір жерге оңай көшіруге болады, ал таңдалып алынған шырмауық сорты Атыраудың кез келген жайсыз климатында жайқалып өсе береді.
Бірінші орын және 300 мың теңге сыйлық «VPK» - Video People of Kazakhstan командасына интернет-видео қолданушыларды қолдау жобасы үшін берілді. Авторлардың айтуынша, қазақстандық интернет қолданушылар youtube-қа бейнероликтер салғанда еш қаржылай пайда көрмейді. Жастар «Арна Медиа» ақпараттық холдингі арқылы Ютуб басшылығымен қазақстандық интернет-роликтер авторларына прокаттардан белгілі бір табыс алуға мүмкіндік беру жөнінде келісімге келмекші.
«Атамекен Стартап» қоғамдық қорының директоры Нұрлан ТАЗАБЕКОВТЫҢ айтуынша, байқау қатысушылары жобаларының көптігімен, сонымен қатар сапалылығымен қуантты.
Сондай-ақ ол алдыңғы байқауларға қатысушылардың сәтті жүзеге асқан бизнес жоспарларының пайызы да жоғары екенін атап өтті.
- Бұл байқауда ұтылғандар жоқ. Барлық идеялар бизнес періштелері клубына беріледі және барлық қатысушылардың өз бизнес жобаларын дамытуға 50 мың долларға дейін алатын мүмкіндіктері бар. Өткен жылы бизнес періштелері клубы Қазақстан бойынша 10 жобаны жалпы сомасы 100 мың долларға қаржыландырды.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор