Былтыр Австриядан әкелінген сиырлар вирустық диарея жұқтыру оқиғасынан соң ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті ірі қара малдың сапасын жақсарту қамына кіріскен болатын. Ауылшаруашылық министрлігі шаруа қожалықтарының алдына асыл тұқымды мал өсіру міндетін қойған еді.
Ал Мейрам ЖЕҢСІКБАЕВ (суретте) болса, ешкімнің тапсырмасын күткен жоқ: жергілікті «Магилан» шаруа қожалығының басшысы осы бағытта жұмыс істеп келеді.
Бүгінде оның Жылыой ауданындағыҚосшағыл селолық округіне қарасты бірнеше шақырымдағы жайлауда орналасқан қожалығында 700-дей қой, 100 шақты түйе, 70-ке жуық жылқы, 30-дай сиыр бар.
Біз Мейраммен Құлсары қаласында өткен ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесінде кездейсоқ кездесіп қалдық. Ол онда қойлары мен марқаларын сатуға келген екен.
Мейрам «Магилан» шаруа қожалығын 90-шы жылы құрып, оған әкесінің атын берген: марқұм Магилан бар ғұмырын мал өсіруге арнаған жан екен.
- Мен 8-ші сыныпты бітірген соң әкеме көмектесе бастадым. Содан бері қарай бұл істі жаныма жақын тұттым, -дейді Мейрам.
Қожалық қыс түссе Қосшағыл-дан 50 шақырымдағы «Қарашүңгіл» қыстағына, жаз шықса 110 шақырымдағы «Сарғасқа» жайлауына көшіп отырады.
Қазір Мейрам мал басын асылдандыруға субсидия алу үшін құжаттар жинап жүр. Бұрын ешкімнің көмегіне жүгінбей өзінің аяғына өз күшімен тұрған қожалықтың жұмысы жаман емес.
Тек бір проблема бар. Ол - су мәселесі. Қожалық мал суару үшін жазда артезиан суларын пайдаланады. Ал қыста мал суару үшін суды Қосшағылдан тасымалдауға тура келеді.
- Біз сол үшін водовоздарды арнайы сатып алдық, - дейді Мейрам Жеңсікбаев. - Судың жоқтығынан шабындық жер де аз. Біз шөпті жеке кәсіпкерлерден сатып алып отырмыз. Бүгінде қора басына шөбімізді үйіп алдық.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА