«Арнаулы автобаза» директоры – үй сыпырғышы мен спутник бақылауындағы қоқыс тасығыш туралы
Оқырмандарымыздың сұрақтарына «Интернет-конференция» айдарының кезекті қонағы «Арнаулы автобаза» КМК директоры Мұратбек МАХАНОВ (суретте) жауап берді.
– Неліктен қаланы үй сыпырғышымен сыпырады? Ақшаны үнемдеп, қолдан қураған бұтақтардан жасаған сыпырғышты пайдаланған жөн емес пе? Өйткені үй сыпырғышы тез жарамсыз болып қалады. Шаң-тозаңды азайту үшін асфальтқа неге су шашпайсыздар? Жол қызметкерлері жолжиектерді орнатқан кезде неге су ағатын саңылаулар қалдырмайды?
Ибрагим Баркимбаев
– «Мемлекеттік сатып алулар туралы» ҚР Заңына сәйкес, біз кез келген тауарды, соның ішінде сыпырғышты жеткізуге тендер өткізуге міндеттіміз. Портал анағұрлым төмен баға ұсынатын жеңімпазды анықтайды. Яғни, ең төменгі бағадағы жүгері сыпырғышы немесе қарапайым тілмен айтқанда үй сыпырғышы жеткізіледі. Сондай-ақ, қураған ағаштардың тазалау құралы ретінде қолдануға келмейтінін айта кеткім келеді. Өйткені мұндай шыбықтар осал, сыпыруға келмейді.
Екінші сұрақ бойынша: көктемгі, жазғы және күзгі кезеңдерде суару-жуу техникасы таңертеңгілікте (сағат 7-ден 9-ға дейін) көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін орталық көшелерде жұмыс істейді. Таңертеңгі сағат 9-дан кейін біздің техника ТКШ бөлімімен жасалған келісімшарт негізінде көппәтерлі тұрғын үйлер бойынша жуып-шаю жұмыстарына жұмылдырылады (сәуір мен қыркүйек аралығында).
Іс жүзінде жол-құрылыс жұмыстарын орындау кезінде көлбеу еңістік сақталып, жолжиектер арасына жайылма суларды науаға құюға арналған саңылаулар қалдырылады. Алайда бұл жұмыстарға тапсырыс беруші – қалалық ТКШ бөлімі. Жол қызметкерлері өз жұмыстарын біздің кәсіпорынмен мақұлдауға тиіс емес.
– Қалалық қоқыс орнын қай бағытқа қаладан 15 шақырым жерге көшіру жоспарланып отыр? Мен Оралға баратын тас жолдың 15-ші шақырымында орналасқан Алмалы поселкесінің (А28) тұрғынымын. Осы факт бойынша алаңдаушылық білдіремін. Қоқыс орнының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қатысты қоғамдық тыңдау өткізуді өтінемін.
Данияр Есембаев
–Атырау облысы әкімінің 14.06.2013 жылғы қаулысына сәйкес, қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) көму үшін жаңа полигон мен жалпы алаңы 50,0 га болатын қоқыс өңдеу кешенін салуға жер телімі бөлінді. Жер телімі қаладан 19 шақырым қашықтықта, Махамбет ауданындағы Атырау – Астрахан тас жолының бойында (көлік жолынан 3 шақырым шалғайда) орналасқан.
Қоғамдық тыңдауды Атырау облыстық табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырды. Оның өткізілгендігі туралы ақпарат «Прикаспийская коммуна» мен «Атырау» газеттерінің 26.07.2014 жылғы саны арқылы жұртшылықтың қаперіне берілді. Қоғамдық тыңдау 2014 жылдың 4 тамызында Сәтпаев даңғылы, 6-үй мекенжайы бойынша «Қазақстан» қонақ үйінде өткізілді. Оған табиғат ресурстары мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі талдау зертханасының директоры, экология департаментінің мамандары мен Атырау қаласының тұрғындары қатысты.
«ТЫНЫШТЫҚ БҰЗУШЫЛАРМЕН АЙНАЛЫСПАЙМЫЗ»
- Мен Жайық жағасының бойындағы Әлиев көшесінде тұрамын. Бізге жылдың кез келген уақытында көп адамдар көлікпен келіп, пикник ұйымдастырады. Олар кеткеннен кейін айналаға қоқыс толып қалады. Ал жаздағы жағдай тіптен күйсіз. Біз үйімізге өте алмаймыз, жағалауда шіріп жатқан қоқыстарды иттер көшеге тасиды. Бірақ Арнаулы автобаза қызметкерлері тек жол бойындағы қоқыстарды ғана тазалайды, ал 5 метрдей жердегі жол жиегінде немесе шөп бетіндегі қоқыстарды көздеріне ілмейді. Мен Арнаулы автобазаға қоңырау да соқтым, қалалық әкімдікке электронды хат та жаздым, бірақ одан түк шықпады. Осы жағдайға ықпал етіп, әр кеш сайын полиция жасағын жіберуге болмай ма? Өйткені бұл жерде спиртті ішімдіктер ішіліп, балағат сөздер айтылады, төбелестер орын алып, шамдарды сындырады, көліктердің музыкаларын бақыртып қояды... Біздің жағдайымызды түсінсеңіздер екен. Үйдің маңында кішкентай балаларымыз ойнайды, ал жағалауда көліктер құйындатып жүреді.
Әлиев көшесі, №№ 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10 үй тұрғындары
- Құрметті Әлиев көшесінің тұрғындары! Арнаулы автобаза ұсақ бұзақылық секілді мұндай құқық бұзушылықтарды қадағалай алмайды. «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 330-бабына сәйкес, «қоғамдық орындарды ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтарды шығару және қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, төңiрегiндегiлердi сыйламаушылықты бiлдiретiн басқа да осындай iс-әрекеттер» айлық есептiк көрсеткiштiң 3-тен 10-ға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға не 10 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғады. 333-бабы «Түнгі уақытта тыныштықты бұзу (сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн)» және 336-бабы («Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға мас күйiнде келу») әртүрлі айыппұлдарды қарастырады. Осы баптарды басшылыққа ала отырып, сіз полиция органдарына шағымдана аласыз.
- Мен Геологта тұрамын. Бізде Алмагүлдегідей (үлкен, дөңгелекті) дұрыс қоқыс контейнері қашан орнатылады? Қоқыс контейнерінің айналасында дұрыс қоршаулар жоқ. Контейнерлердің барлығы аласа, тесілген немесе қисық, жапырайып қалған. Геологтағы бүкіл қоқыс контейнерлерін ауыстыруды өтініп сұраймыз! Тағы бір сұрақ – сіздің қызметкерлеріңіздің міндетіне бүкіл учаскелердегі қоқыстарды жинау кіре ме? Бір рет сұрағанымда, оларға тек асфальттың жиегіндегі қоқысты ғана жинау тапсырылғанын айтқан еді.
Әмина Қуандықова
- Жеті Қазына ықшамауданындағы қоқыс бактарына қатысты сұрағым бар. Біздің тұрғын үй кешені мен шетелдіктерге арналған мейманхана кешені арасындағы бактар қоқыстардан ластанып, мыжырайған. Қоршаулар сынған. Сұмдық көрініс. Қала қонақтарының алдында тіптен ұят-ақ. Дөңгелегі бар заманауи бактарды орнатып, ұқыпты етіп қоршауды сұраймыз. Сондай-ақ, қоқыс жинайтын КамАЗ-дар кеткен соң асфальт бетінде мотор мен гидравликадан аққан май көлшігі қалатынын қаперге береміз. Пакеттерді салу үшін қоқыс бактарына жақындап бару мүмкін емес.
Нұрбек
- Атырау қаласының тұрғын үй секторында өндірістік және әлеуметтік нысандарда 356 контейнер алаңдары орнатылған (2076 контейнер). 2013 жылдың аяғында еуростандартты 500 контейнер түсті. Менің білуімше, жыл аяғына дейін қосымша 1500 контейнер алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кәсіпорнымыздың өз қаржысы есебінен 220 контейнер сатып алуға конкурс жарияланды. ТКШ бөлімі 186 қоқыс контейнерінің алаңын салуға тендер өткізгенін айта кеткім келеді. Қазіргі уақытта Нұрсая ықшамауданында жұмыстар жүргізілуде.
Жаңа контейнерлер түскен кезде контейнерлерді аумаққа бөлу жөнінде комиссия құрылады. Оның құрамына ТКШ, қалалық сәулет және СЭС бөлімдері кіретін болады.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды КамАЗ-дарға тиеу кезінде гидропресстің қысымымен биоқалдықтар ағады, бұл асфальт бетінде дақтардың пайда болуына себеп болады.
ТАЗАЛАУ АУМАҒЫ – БІР ЖАРЫМ МЕТР
- Қала маңындағы ықшамаудандарда (мәселен, Мирас, Жұлдыз және т.б.) қоқыстарды жинау және шығаруды қаладағы принцип бойынша, яғни, арнайы белгіленген жерлерге қоқыс бактарын орнатып, оларды уақытында босатып тұруды ұйымдастыруға болмай ма? Қазіргі уақытта әрбір жеке үй қожайыны мен қандай да болмасын ЖК немесе ЖШС арасында қоқыс шығаруға келісімшарт жасалған. Ал әрі қарай қоқысты сирек (кейде 2-3 аптада бір рет) шығарады немесе мүлдем шығармайды (қоқыс шығаратын машиналар сынып қалады, күзгі-көктем кезде жол бұзылады, қожайындар жоқ болады және т.б.). Айналып келгенде көшенің соңында орналасқан үйімнің айналасына қала жаққа қарай тас жолға шыққан кезде салақ тұрғындар-көршілерім (кім екенін білмеймін) тұрмыстық қалдықтар салған қаптарын лақтырып кетеді. Оны өз қоқысыммен бірге қалаға шығаруыма тура келеді (бұған да шүкір, көлігім бар).
Фаина Мақсатқызы
- Қала әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес «Арнаулы автобаза» 6 селолық округке (Ақсай, Геолог, Дамбы, Еркінқала, Кеңөзек, Қайыршақты) қызмет көрсетеді. Қазіргі кезде жаңа техника мен жаңа контейнерлерді сатып алу мәселелері шешілуде. 4 селолық округте санитарлық тазалық жөнінде мердігерлер белгіленген.
1. Қайыршақты селолық округі - «Өтеулиева» ЖК
2. Дамбы селолық округі – «Әжіғалиева» ЖК
3. Ақсай селолық округі – «Есенжан» ЖК
4. Кеңөзек селолық округі – «Әбенов» ЖК.
- Арнаулы автобаза құзырына қоқыс бактарының айналасын жинастыру кіре ме? Нақты мысал: Самал ықшамауданында 19-шы көше мен 4-ші көшенің қиылысында 2 қоқыс багы тұр. Олардың жетпейтіні анық. Іші лық толы болады. Қоқысы төгіліп, оны жел көрші учаскелерге ұшырып әкетеді.
Азамат
- Облыстық мәслихаттың 12.12.2012 жылғы шешімімен бекітілген қала мен Атырау облысының елді мекендерінің аумағын абаттандыру ережесі бойынша, «тазалау жұмыстары қажетіне қарай тұрмыстық қалдықтар алаңынан 1,5 м радиусында жүргізілуі тиіс». Самал ықшамауданында 2013 жылдың күзінде 22 контейнер орнатылды. Алайда бір ай ішінде 8 контейнер ұрланып кетті. Тиісті арыз ҚІІБ-не жолданды. Жаңа контейнерлердің түсуіне қарай сіздің ықшамауданға 20 контейнерді орнату жоспарланған.
- Сіздер қысқа дайынсыздар ма? Жылдағыдай алғашқы қар жауған кезде «ұйықтап қалмайсыздар» ма? Неліктен сіздерде техника түнде жұмыс істемейді?
Насихат Үрпеков
- Бүгінгі күні «Арнаулы автобаза» КМК-де қар күрейтін 45 техника бар. Соның ішінде 7-уінің қылшақты жабдығы бар. 500 текше метр құм, 80 тонна тұз, 240 текше метр тұзды ерітінді әзірленді. Қала көшелеріне инертті материалдарды себетін және қар күрелетін бағыттардың кестелері жасалған.
Жұмыстар көбінесе көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін түнгі уақытта жүргізіледі.
- Біз Баймұханов көшесі, 39А үйде тұрамыз. Бізде ПИК жоқ, подъездерді өзіміз тазалайтынымыз аздай, сіздің қызметкерлеріңіз біздің үйімізді айналып өтеді. Біздің үйіміздің алдындағы арамшөптер кісі бойымен бірдей, қоқыстар шашылып жатыр. Сол мәселені шешсеңіздер екен. Тек 39-шы үймен шатастырып алмаңыз, біздің үйіміз - 39А.
Амангүл
- 2014 жылғы Атырау қаласы мен елді мекендерінің көшелерін санитарлық тазарту жөніндегі келісімшартқа және техникалық өзгешеліктерге сәйкес, үй жанындағы және кварталішілік аумақтарды тазалау жұмыстар тізіміне кірмейді. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңының 35-бабының 2-тармағына сәйкес, үй-жайлардың (пәтерлердің) иелерi ортақ мүлiк пен үйдi ұстауға жұмсалатын барлық шығыстарға қатысуға мiндеттi. Тиісінше, ортақ мүлiктi ұстау міндеттері көппәтерлі үйдегі үй-жайлардың (пәтерлердің) иелеріне жүктеледі. Сіздерге өз ПИК-теріңізді құру керек.
ҚОҚЫС АЛҚАБЫ
- Мен Атырау-Дамбы тас жолының бойындағы саяжай аумағында, «Химик» саяжайлық қоғамының маңында тұрамын. Қазіргі уақытта бұл ауданда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бұл, әрине, жақсы, алайда қала халқының жауапсыздығы көңіліңе қаяу түсіреді: керемет зәулім үй салып алып, көпшілігі құрылыс қалдықтарын, ағаштың кесінділерін, бөтелке, банкілер және басқа да қоқыстарын шашып кетеді. Адамдардың қара дорбаға салған қоқыс-қалдықтарын қолдарына ұстап келіп, жолдың бойындағы шұңқырға тастап немесе кез келгеннің шарбағының түбіне қоя салып, жайбірахат жүре беретіндіктерін талай көрдім! Өткен жылы жол бойында қоқыс салатын контейнер тұрған еді, биыл олар орнында жоқ. Тұрмыс қалдықтарын біз көбінесе өзімізбен бірге қалаға алып келіп, жақын тұрған контейнерлерге тастаймыз. Алайда Арнайыавтобазаның қызметіне ақша төлеп отырмыз. Мен мұндай ақшаны қала сыртында да төлеуге дайынмын, бірақ мұны қалай жасайтынын білмеймін. Мүмкін, шарт жасасу керек шығар және т.б., осыған байланысты менің келесідей сұрақтарым бар:
1. Біздің ауданға қоқыс кон-тейнерлері кері орнатыла ма?
2. Қала сыртындағы аумақтарды тазалайтын қызметкерлер бар ма?
3. Құрылыс салу үшін өз учаскелеріндегі ағаштарды кесіп, далалыққа шығарып тастаған және осы жерлерде қоқыстарын лақтыратын көршілерді қалай жазалауға болады?
Гүлмира Егорова
- Жоғарыда айтып өткенімдей, ТКШ бөлімі бірнеше контейнер сатып алды, енді оларды қай жерге қондыру керектігі жөнінде арнайы комиссия шешеді, сондықтан да сіздің сауалыңызға жауап беруге құзіретті емеспін, өйткені біз ТКШ бөліміне бағынамыз. Екінші сұраққа келсек, Атырау ауылдық округының әкімдігі «БАТУР» ЖК-мен жыл аяғына дейін санитарлық тазалық және тұрмыстық қалдықтарды тасу туралы шарт жасады, сондықтан да хаттарыңызды Атырау ауылдық округы әкімдігіне жолдауыңызды өтінемін.
Үшінші сұрақ бойынша – бұрын айтып өткенімдей, бұл әрекеттер ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 330-бабымен реттеледі, полицияға хабарласуыңызға кеңес беремін.
- Геологтағы Сәтпаев атындағы мектептің маңында қоқыс контейнерлері болған. Бір ай бұрын оларды алып тастады және осы айналада тұратын тұрғындар қоқыстарын бұрын контейнер тұрған жерге тастауды жалғастыруда. Күн сайын таудай болып үйілген қоқыстар желмен бар аумаққа шашылып жатыр. Сұрақтар:
1. Қоқыс контейнері енді қай жерде болады?
2. Бұрын контейнер тұрған жерге заңсыз қоқыс тастауға неге бақылау жасалмайды?
Айдын Бағытжанов
- «Атырау-Жарық» АҚ-тың контейнерлер жанында электр подстанциясының орналасуы және өрт қауіпсіздігі туралы хатына байланысты комиссия (құрамында ТКШ, қалалық сәулет бөлімі қызметкерлері, санэпид дәрігерлері бар) қоқыс алаңын жаңа орынға - №66 үй маңына көшіруге шешім шығарды. Осы аудандағы кейбір тұрғындардың жауапсыздық мәселелері жергілікті әкімдік пен учаскелік полиция қатысуымен шешілуі тиіс.
- Еркінқаланың артындағы жаңа ауданда адамдар қоқысты дорбасымен бірге кез келген жерге лақтыра береді, контейнер жоқ. Машина қашан келеді? Қоқысты кім жинайды? Кімге хабарласуымыз керек?
Рахила Есенғалиева
- Еркінқала ауылдық округында кесте бойынша аптасына 2 рет қоқыс жиналады, сіздердің округтарыңыз бойынша 7 жол жұмысшысы бекітілген.
Қазір жаңа техника мен жаңа контейнерлер сатып алу мәселесі шешіліп жатыр.
№2 ҚАЛАЛЫҚ ҚОҚЫС ТӨГУ ОРНЫ
- Қала көшелерін аралайсыз ба деп сұрағым келеді. Мәселен, Атырау ықшамауданындағы 31-көшені алайық. Сол жерде, Мостовой өзегінің артына екінші қалалық қоқыс полигонын жасап қойыпты. Атырау қаласының тұрғыны ретінде мен бұған ұяламын, мүмкін, бейнетаспаға түсіріп, интернетке салып жіберуім керек шығар? Мұнай астанасының жағдайын бүкіл ел көрсін.
- Әр бейсенбі сайын қала әкімінің орынбасарымен бірге Атырауды аралап шығып, санитарлық тазалық жөнінде жиналыс өткіземіз. Бұл заңсыз қоқыс төгу орны жер телімдері иелерінің жауапсыздығынан пайда болған. Олар шұңқырларды бітеу үшін осы жерлерге құрылыс қалдықтарын төктірді. Алайда мұны қалалық қоқыс полигонына кіру ақысын төлеуден қашқан кейбір жүк көліктерінің жүргізушілері мен көршілері пайдаланып, қоқыстарын осында төкті. Қала билігі ұйымдастырған сенбіліктерде осы жерге 500 тоннадан астам (70 КамАЗ-дай) топырақ төгілді. Күштік құрылымдар тәулік бойы бақылау жасап, жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылуда.
- Бейбарыс даңғылы бойында тек Авиатор көшесінен Тайманов көшесіне дейін қоқыс контейнерлері бар, ал Таймановтан Әлиев көшесіне дейін ештеңе жоқ. Арнайыавтобазаға барып сұрадым, «контейнерлер жетіспейді» деп жауап берді. Мен қоқыстарды салатын жерім болмаған соң, оларды өртеп жіберемін. Сонда мен қоқысты жинағаны үшін неге ақша төлеуім керек?
Мұқан Мүтиев
- Тайманов көшесінен көпірге дейін ыдыссыз тазалау әдісі ұйымдастырылған, алайда көрші көшелердің Мырза Қазірет және т.б.) қиылысында контейнерлер алаңы бар екенін есіңізге саламыз.
Экологиялық кодекс (292-бап, 6-тармақ) бойынша коммуналдық қалдықтарды рұқсатсыз жағуға болмайды.
- 1) «Бавариус» мейрамханасының 13а, 15а, 21а үйлерінің ауласында тұрған контейнерлерді пайдалануға құқығы бар ма? Осы мекемеден шығатын қоқыстардың көлемін және қызметкерлерінің осы ауыр қоқыс дорбаларын контейнерге салмай, жерге қойып кететінін (суреті бар) қаперлеріңізге алуды өтінеміз;
2) Жаз мезгілінде ыстықтан шіріген қалдықтардың жағымсыз сасық иісі жақын жердегі балалардың ойын алаңқайына таралып жатады. Жазда қоқыстарды күніне екі рет алып кетуге болмай ма?
3) Тұрғын үйлер ауласындағы қоқыс контейнерлерінің орналасу нормалары қандай? Бұл нормалар біздің ауламызда сақталған ба? Қоқыс салатын ыдыстар мен олардың аумағы ойнайтын жер емес екендігін кішкентай балаларға қалай түсіндіресің?
Авангард, 4 ықшамаудан, 15а үйінің тұрғындары
- 1. «Бавариус» мейрамханасы бізбен ТТҚ шығару туралы шарт жасасқан жоқ, осы факті бойынша мекеме әкімшілігіне шара қабылдаймыз.
2. Сіздің мекенжайыңыз бойынша 5 жаңа контейнер бар, барлығы кесте бойынша күн сайын тазаланады. Қоқысты күніне 2 рет шығару жөніндегі ұсыныстарыңызды қараймыз.
3. Көппәтерлі тұрғын үйге контейнерлер орнату есебі келесідей (мысал): 100 пәтерлі үй х 4 адам = 1200, оны 1 жылда жиналу нормасына 3м3-ке бөлеміз = 400 м3, оны 365 күнге бөлеміз = 3,29 + (дүкен немесе кеңсе) = 4 контейнер. Сіздердің жағдайларыңызда 5 контейнер талаптарға сәйкес келеді.
АМЕРИКАНДЫҚ ҚАЛАШЫҚТАҒЫ БЕРЕКЕТСІЗДІК
- Мен ұсынған суреттерден Гаухартас ықшамауданы (Американдық қалашық) маңындағы қоқыс жинайтын учаскенің келеңсіз жағдайын көре аласыз. Қоқыс тамыздың соңынан бері жиналған жоқ. Жиналғанның өзінде толықтай тазаламайды. Қоқыс таситын көлік күніне бір рет келіп, бак ішіндегі қалдықтарды ғана салып алып кетеді. Жердегі қоқыстар сол күйінде қалады. Жел, мысықтар мен иттер осы қалдықтарды бүкіл ауданға шашады. «Арнайыавтобаза» басшылығы учаскелердегі жағдайларға қалай бақылау жасайды? Жұмыс сапасын тексеру үшін тексерулер (ескертусіз) ұйымдастырыла ма?
Болат Аманғалиев
- Қала бес учаскеге немесе секторларға бөлінген, 25 бригада күн сайын өздеріне сеніп тапсырылған учаскелерді бақылауында ұстайды, сонымен қатар үстіміздегі жылдың тамыз айында 48 автокөлікке ТТҚ тасуға сапалы бақылау жасау үшін GPS (спутниктік мониторинг жүйесі) орнатылды, біз онлайн режимінде қоқыс таситын көліктер жүретін маршруттарды бақылап отырмыз. Арнайыавтобаза диспетчерлері тәулік бойына қадағалап отырады. Сонымен қатар, кәсіпорын басшылығы күн сайын қаланы аралап шығады. Алайда, кемшіліктер де бар екенін мойындаймыз. Осы учаскені айрықша бақылауға алып, жеке өзім барып тексеретін боламын.
- Құрметті Мұратбек мырза, біз, Сарқамыс-2 ауданының тұрғындары №2 көшеде тазалықты сақтау мәселесін шешуді өтінеміз.
2014 жылға дейін біздің ықшамауданымыз тап-таза болатын. Алайда осы жылдан бастап қоқыс шығару проблемасы туындады, қоқыс таситын көлік сирек келе бастады, содан кейін әр көшеге (бір көше – 1 шақырым) бір немесе екі данадан қаладағы ескі қоқыссалғыштарды орнатты. Нәтижесінде қазір біз қоқыс полигонында өмір сүріп жатырғандаймыз. Машина аптасына бір рет келеді, №1 көшедегі жалғыз контейнер қоқысқа толып тұр. 15 маршрут аялдамасының жанынан өту мүмкін емес, айналаны сасық иіс алып кеткен. Бәрі бұрынғысынша - әр тұрғынның өз контейнері болып, өз қалдықтарын өз үйінің қасына жинайтын болса дейміз. Сіздердің тараптарыңыздан, ең болмаса, аптасына 3 рет кешке қарай көлік жіберіп тұрсаңыздар болды. Келген көлік көше бойымен дабылдатып жүрсе, тұрғындар естіп, қоқыстарын тиеп жібереді (Жаңа Қаратон ауылындағыдай). Түсіністігіңіз бен атқарып отырған жұмыстарыңыз үшін рахмет.
Данияр Саламат
- Сарқамыс-2 ықшамауданында қоқыс шығару кесте бойынша ыдыссыз әдіспен аптасына 2 рет жүзеге асырылады. Тазаланатын аумақтың кеңеюіне, жаңа ықшамаудандардың (Самал, Нұрсая және т.б.) салынуына байланысты «Арнайыавтобаза» арнайы техникалардың жетіспеушілігін сезінуде, жоғарыда айтып кеткенімдей, контейнерлер мәселесі жыл соңына дейін шешіледі деп үміттенемін. Оған қоса қала әкімдігі жеке меншік секторларға қызмет көрсету үшін 7 прицепті трактор алға қаржы бөлді.
- Біз, Баймұханов көшесінің бойындағы жағалау тұрғындарымыз. Сіздерге тәртіп орнату өтінішімен шығып отырмыз. Кезінде жағалауды абаттандырғанына қуанған едік, шамдар жанып, таңертеңгілікте «Арнаулы автобаза» қызметкерлері қураған шөптерді шауып, қоқыс жинап жүретін. Қазіргі ахуал мүшкіл: бүкіл жағалау мен өзен жағасы қоқысқа толған, айналада бөтелкелер, қоқыс салынған қаптар, сынған әйнектер шашылып жатыр. Орындықтар сынған, қоқыс жәшіктері жоқ. Былтыр қураған шөптер кез келген уақытта тұтанып кетуге әзір тұр: абайсызда лақтырылған темекі тұқылы өртке айналуы мүмкін. Түнде жағалауға жарық берілмейді, өйткені шамдардың бәрі сынған. Осыған байланысты ішімдік ішкен жастар жиналып, бөтелкелер тастайды, төңіректен балағат сөздер естіледі, төбелестер орын алып, мопедпен, мотоциклмен жарысады. Жағалауға кірер ауызға орнатылған камера жұмыс істемейді. Осы жағалауға бірнеше камера керек, олар бүкіл аумақты қамтыса, мұндай тәртіпсіздіктер болмас еді. Біз бұл хатты ашынғандықтан жазып отырмыз. Осы мәселені шешуге көмектессеңіздер екен дейміз.
Тұрғындар.
- Сіздің мәселеңіз бойынша жағдайды анықтайтын боламыз. Жиналған қоқысқа, қоқыс жәшіктерінің жоқтығына және жарық беру бағандарын қалпына келтіруге қатысты ТКШ-мен бірігіп, жұмыс жүргізілетін болады. Алайда Арнаулы автобазаның азаматтардың тиесілі емес жерге қоқыс тастау, спирттік ішімдіктер ішу секілді, яғни «Ұсақ бұзақылық» бабына жататын заңға қайшы әрекеттерін толықтай қадағалай алмайтынын, олар үшін жауапкершілікте болмайтынын атап өткім келеді. Алайда жағалаудың өзі қала билігі үшін ерекше нысан болып табылады және тиісінше біздің кәсіпорын осы учаскеде тазалық пен тәртіп сақтауға бар күшін салады. Сіздің тілектеріңіз ескеріліп, бұл мәселе ерекше бақылауға алынатын болады.
Оқырмандардың интернет-конференция мәтініне кірмеген сұрақтары газеттің келесі нөмірлерінде «Диалог» және «Сұрақ-жауап» айдарларымен шығады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ