18 шілде күні ел жатар мезгілде белгісіз екеу Атырау-Еркінқала трассасының бойында орналасқан Өркен поселкесіндегі «Бекжан» минимаркетінің қожайындарына шабуыл жасаған. Қылмыскерлер ер адамның мойнынан атып, көліктен ақша салынған сөмкені алып кетіп, із суытқан.
Атырау қаласы прокурорының аға көмекшісі Жансая ИМАНҒАЗИЕВАНЫҢ айтуынша, 18 шілде күні «шамамен сағат 23.30-да шабуыл жасалып, ақшалай қаржы мен құжаттарды алып кеткендігі туралы ақпарат келіп түсті. Оқиға болған жерге сол мезет жедел-тергеу тобы барды. Өз жауаптарында жапа шегуші әйел дүкенін жауып, күйеуімен бірге «Toyota RAV-4» маркалы көлігіне отыра бергенде, азиялық ұлтты, шамамен 20-25 жастағы белгісіз екеудің жетіп келгенін, оның біреуі күйеуінің мойнынан зақым келтіретін тапаншамен атып, екіншісі машинаның ішінен сөмкені жұлып алып, екеуі де қылмыс болған жерден ғайып болғандығын айтқан».
Жарақат алушы, бағына орай, тірі қалған. Күдіктілердің бірі ұсталған. Ол адамнан ұрланған заттар алынды. Екінші күдіктіні іздестіру жалғасуда, бірақ оның жеке басы анықталған. Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 179-бабының 2-тармағы (қарақшылық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Іс қала прокурорының бақылауына алынды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА