Атырау жануарларға толды. Редакцияға қала аудандарының көшелерінде еркін серуендеп, өз жолындағы барлық жасыл-желекті жеп жатқан жануарлар туралы хабарлар күннен-күнге түсіп жатыр.
Қолға түспей жүрген жылқылар үйірінің Балықшы мен Жұмыскер поселкелеріндегі көшеттерді азық қылғанына міне, үшінші аптаға созылып барады. Жылқылар сондай-ақ, әуежайға баратын жол мен Авангард ықшам аудандарында да байқалған. Ал, осы таяу күндердің бірінде поселкенің орталық көшесінде түйелер керуені пайда болды. Олар көліктермен жағаласа, қозғалысқа қарсы жүрді. Құдай сақтап, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің құрбан болғаны жоқ. Кейбіреулер тіпті, қоғамдық тәртіп бұзушыларды бейнетаспаға түсіріп те үлгерген.
Біз «Арнаулыавтобаза» КМК хабарластық. Өткен жылы бұл кәсіпорынның иесіз жануарларды ұстаумен айналысқаны белгілі. Егер сол малдардың иелері бірнеше күн ішінде өз малын алып кетуге келмесе, онда олар кәсіпорын қоймаларына қамалған жерінен пышаққа ілігіп, еті балалар үйіне жіберілетін болды. Алайда, КМК директоры Дулат ТҰРҒЫМБАЕВ бұл жолы жануарларды «аулаудан» үзілді-кесілді бас тартып отыр. Биылғы жыл ол шаруаның барлығы біздің қаламызда көгалдандырумен айналысушы «МұнайҚұрылысCервис LTD» ЖШС-не берілгендігін айтты. Біз осы ЖШС-тің учаске бастығы Владимир ГВОНИНМЕН хабарластық. Ол жануарларды ұстау мүмкін болмай отырғандығын айтты. «Бұл жылқылар мен түйелер бізге де үлкен кедергі келтіруде, өз жолдарындағы жасыл өсімдік атаулының бәрін жеп қойды. Біздің бағбаншыларымыз оларды жасыл желектерден әлсін-әлсін қуып тастап отырады. Біздің қолымыздан келетіні осы ғана, қаңғыбас малды ұстап, қамауға біздің құқығымыз жоқ».
Анастасия ПАСТУХОВА