5 шілдеден 6-на қараған түні жоғалып кеткен таксистің мүрдесі табылды.
Жас жігіт әдеттегідей жұмысқа өз көлігімен шығып кетіп, үйіне оралмаған. Туысқандары жан-жақтан белсене кірісіп іздегенмен, таба алмаған. Ресейлік маркадағы жоғалған машина келесі күні, Авангардтағы 4-ші ықшам ауданнан табылған. Бұл полицейлерді оның иесін өлтіріп кеткен болар деген ойға итермелейді. Өкінішке орай, бұл жорамал расталды.
Жігіттің мүрдесін 16 шілде күні түнде жанынан өтіп бара жатқан машинадағы адамдар көрген:
– Ол әуежайға баратын негізгі жолдан 700 метрдей жерде жатқан. Қылмыстық кодекстің 96-бабы бойынша («Кісі өлтіру») қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады телефон арқылы Атырау облыстық ІІД криминалдық полиция бастығы Асан ШАЛҚАРОВ. – Туысқандары оны киімінен, қол сағатынан, тағы басқа белгілері бойынша таныды. Алайда кесімді сөз тағайындалған сот-медициналық сараптаманың еншісінде.
Егер марқұмға дене жарақаты салынған болса, сараптама оның іздерін анықтайтын болады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА