Атырау, 26 желтоқсан 18:13
 ашықВ Атырау -4
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

“Өртенген үйді өрімдей қыз қалай жөндейді?”

3 531 просмотра

«АЖ» поштасына Мақат ауданы Доссор поселкесінен дабыл түсті. Үйі өртенген тоғызыншы сынып оқушысы көмек сұрайды.

Доссордан бізді Асылайдың нағашы апасы Сандуғаш ОРАҚҚАЛИЕВА қарсы алып, мән-жайдан хабардар етті. Ұлы Отан соғысынан кейін, яғни 1948 жылы салынған барак үйдің сәні кетіп тұрғанымен, баспана қылуға жарайтын еді. Жалпы аумағы 34,5 шаршы метрлік шап-шағын тұрғын үй осы жылдың 8 қаңтарында өрт құшағында қалды. Өрттің шығу себебі от жағатын пештің қабырғасы қамыстан тұрғызылғандықтан болып шықты. Жауапты - тұрғынның өзі.

 Ол үйді жөндеп алуға олардың жағдайлары жоқ. Сондықтан нағашы апасы ретінде шырылдап, әркімнің есігін тоздырып жүргенім, - дейді С. Ораққалиева.

Сандуғаштың түсіндіруінше, Энергетиктер ықшам ауданы, 12-1 үйдің қазіргі тұрғыны Асылай ОРАҚҚАЛИЕВАНЫҢ ата-анасы қайтыс болған. Шешесі үш жыл бұрын өмірден озғаннан кейін Асылайға қорғаншы болып оның туған апасы Арайлым тағайындалады. Карабатанда ауысымдық негізде жұмыс жасаған ол қызметке кеткенде мектеп оқушысы сіңлісін нағашы апасының үйіне қалдырып кетіп отырған.

 Асылайдың қамқоршысы, апасы жақында Мақатқа тұрмысқа шығып кетті. Үйім жақын болғандықтан Асылайға өзім бас-көз болып жүрмін. Күйеуім қайтыс болды, қолымда екі келін, бала, он төрт адам бір үйде тұрып жатырмыз. Асылайға көмектесетін жағдайым жоқ. Аудан әкіміне бардым, көмектесеміз деген. Бірақ екі айдан бері тым тырыс. Не істерге білмей, «АЖ-дан» көмек сұрап отырғаным. Әке-шешесі жоқ, өзі қыз бала, аянышты ғой тағдыры. Үйін жөндеп берсе қарасып тұрар едім, оны басқа жақ-қа жібере алмаймын. Облыс әкіміне арыз түсіргем, ол ауданға жіберіпті, - дейді Сандуғаш бір топ құжатты қолымызға ұстатып.

Доссор поселкесінің әкімі Ж. ТӘЖІҒАЛИЕВаудан әкімін хабардар еткен. Ал аудан әкімі орынбасары Ж. САҒИЕВ демеушілікпен жөндеп береміз деген хатында. Күндер болса заулап өтіп жатыр.

 Мақатта екіқабатты барак үй қыста өртеніп, облыстық бюджеттен үй алуға он үш млн. теңге қаржы бөлініп, көмектескен. Өйткені ол үйді жөндеуге мүмкіндік болмады. Ал Асылай Ораққалиеваның баспанасы барак болғанымен, тұруға келеді. Біз демеушілікпен үйін жөндеп беруге келісіп отырмыз. Оны «Доссормұнайгаз» өз міндетіне алған болатын, өрт сөндіру кезінде зақымданған көршісінің шатыры қоса жөнделмекші. Мен мұны өзім тікелей басшылыққа алып отырмын, - дейді Мақат ауданының әкімі Қилымғали ҚАЙНЕНОВ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

21 шілде 2011, 01:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.