Адамға көмектесу үшін оған үнемі балық беру міндетті емес, қармақ сыйласаңыз да жетіп жатыр. «Шаңырақ» балалар ауылының директоры Гүлсара БОТАТАЕВА өз мекемесінің кішкене тұрғындарын тәрбиелеу үдерісіне осы тұрғыдан қарайды.
Біз айналасына өзі сияқты қайырымды адамдарды жинаған Тарас ЖАЛЫМБЕТОВТЫҢ арқасында балалар ауылында өз тігін шеберханасы пайда болғаны жөнінде жазған едік.
- Сол кезде біздің идеямызды қолдаған жастар өздері қаржы жинап, қажетті жиһаздарды, жабдықтар мен құралдарды сатып алып, өз қолдарымен жөндеу жұмыстарын жасаған еді, - дейді Гүлсара Аманғалиқызы.– Бүгінде қыздар сыйға тартқан шеберханада қуана жұмыс жасауда. Көрпе, ұлттық нақыштағы сүлгілер тігеді, пішу мен тігу сырларын, қолөнердің түрлі техникасын меңгеріп жатыр. Әдемі ескерткіш бұйымдар жасайды. Бұл заттар өзімізде жатып қалған емес. Барлық бұйымдарды келген қонақтар мен бізге көмектескен адамдарға сыйға тартамыз.
Тарас Жалымбетов және оның командасымен ынтымақтастық тек тігін шеберханасымен аяқталған жоқ.
- Осы жылдың басында бізге төрт кішкене көжек тарту етті. Біз оларды шағын сарайшыққа жайғастырдық. Шынымызды айтсақ, олардың жағдайлары мәз емес еді. Алайда, біздің балаларымыз жануарларды мұқият күтіп-бағып, қолдарынан келгенше орындарын тазалап тұрды. Міне, ауыл аумағына жем үшін жоңышқа еге бастадық. Көжектер өсті, қазір бізде 12 қоян бар, - дейді Ботатаева. – Осы кезде досымыз Тарас көжектерге ыңғайлы қора салу идеясын тағы қолдады.
Осы идеяны жүзеге асыру үшін оның достары, таныстары және әлеуметтік желілердегі басқа адамдар да атсалысты. Қояндардың жаңа үйінің едені жасалды. Қоршау қаңқасы да тұрғызылды. Алға қарай қояндардың жаңа үйінде перзентхана, кішкене көжектер бөлмесі, өсіп келе жатқан және ересек қояндарға бөлек-бөлек қоршаулар салынбақшы. Балалар үйінің шәкірттері құрылыстың аяқталуын күтіп қана қоймай, асыранды жануарлары жаңа үйге тезірек көшу үшін кейбір жұмыстарға өздері де араласуда.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор