Атырау, 27 қараша 15:46
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Аи-92: 150-ді еңсермей, алқымнан қолды босатпас

2 045 просмотра

Аи-92 бағасын көтеру бензин тапшылығы мәселесін шеше алған жоқ. Өткен аптаның аяғынан бастап жергілікті ЖҚБ-лар жұмысы тоқтап тұр десек те болады. Демалыс күндері бензин құю үшін көлік иелері екі сағаттық кезекке тұруға мәжбүр болды. Жергілікті құю бекеттерінде ЖЖМ-ның жоқтығын ірі трейдерлердің (көтерме бағамен сатушылар) ЖҚБ-ларға бензин бермей отырғанымен түсіндіруге болады.

АМӨЗ

Қазақстан Отын Қауымдастығы (ҚОҚ) деректері бойынша, Атырауда АМӨЗ-бен жұмыс жасайтын 20-ға тарта ірі көтерме сауда компаниялары бар. Олар зауытқа өз мұнайларымен кіреді, зауыт оны өңдейді, әрі қарай өңделген өнімді көтерме бағамен сатушылар ЖҚБ-ларға таратады.

Неге трейдерлер құю бекеттеріне бензин бермей отыр? Бұл - жауапсыз қалып отырған ең басты сұрақ. ҚОҚ-та бізге көтерме сауда компанияларының бірнеше себептері бар деп түсіндірді: бірі зауыт бензин шығармай жатыр десе, келесілері өңдеуге беретін ресурс (шикі мұнай) жоқ деп сылтауратады.

Жергілікті бензин нарығындағы «ішкі» жағдай туралы өзін атамауды өтінген ЖҚБ иелерінің бірі әңгімелеп берді:

- Бізде бензин мәселесі мамырда басталды. Бұған дейін біз оны «ҚМГ-Өнімдері» компаниясынан көтерме бағамен сатып алатын едік. Олар бізге бір литр бензинді 115 теңге өткізу бағасы кезінде 103 теңгеден ұсынды. Алайда, кейіннен «ҚМГ-Өнімдері» өздерінде 92-ші де, 95-ші де жоқ деп, біздерге бензин беруді тоқтатты. Мамыр айынан бастап біз әкімдік бекіткен бөлу нормалары есебінен күн көрдік. Өздеріңіз білесіздер, көп уақыттан бері Оператор (ірі трейдерлер), облыстық әкімдік және ЖҚБ арасында үш жақты меморандум жұмыс жасап жатыр. Осы меморандумға сәйкес, көтерме бағамен сатушылар бензинді бізге 13-17% маржа көретіндей бағамен сатуы керек.

Әкімдік бізге әр айдың 25-іне дейін өтінім жіберуімізді талап етеді, ал ай басында қай көтерме сауда компаниясынан қанша сатып алуымыз керектігі жөнінде мәлімет береді. Осы жерде проблемалар басталады. Біз трейдерлерге хабарласамыз, олар өздерінде ресурстар жоқ деп бас тартады. Бұлай болуы мүмкін бе, көлемдерді бөлумен Мұнай және газ министрлігі (МЖГМ) айналыспай ма? АМӨЗ осы министрлікке бағынады және оған мұнай өнімдерінің көлемі жөнінде ақпараттар береді. Осы көлемдерді негізге ала отырып, МЖГМ оларды атыраулық ЖҚБ-ларға бөледі. Алайда, бұған қарамастан, көтерме сауда компаниялары бізге ЖЖМ бермей отыр. Мүмкін, меморандумда көрсетілген атыраулық ЖҚБ-лар үшін 13-17% маржа туралы талап ірі трейдерлар үшін тиімсіз болар, сондықтан да олар басқа жеке меншік ұйымдарға бензинді қымбатқа сатып жатырған шығар?

 

РЕСЕЙ ЗАУЫТТАРЫ

ҚОҚ деректері бойынша, биыл Ресей еуро-3 және еуро-4 стандартты бензин шығаруға көшті, тек бір ресейлік зауыт қана еуро-3 бензинін шығарады, алайда ол Қазақстан шекарасынан алыс орналасқан, сондықтан да еліміз онымен жұмыс жасамайды. Қазақстандық МӨЗ-дер еуро-2 стандартты бензин шығарады. Жыл басынан бері Ресейдің ішкі нарығындағы бензин бағасы 30%-ға қымбаттады, яғни, біздің ақшамен санағанда, ресейлік ЖҚБ-лардағы 92-нің бағасы – 150-160 теңге. Бұл баға ішіне акциздер мен ҚҚС салынған (шамамен 18%). Ресейліктер бізге бензинді акцизсіз және ҚҚС-сыз сатады, сәйкесінше, көтерме бағасы арзан – Ақтөбе шекарасынан литрі 125 теңгемен шығады. Алайда Атырауға дейін тасымалдау, ЖҚБ иелерінің айтуынша, 5-8 теңге шамасында. Нәтижесінде, бөлшек сауда бағасы 128 теңгені құрайды.

Дүйсенбі күні ҚОҚ ҚР Премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВКЕ хат жолдады, онда РФ-дан және басқа елдерден жеткізілетін еуро-4 (Ресейде оны К4 деп атайды) және одан жоғары стандартты  бензин мен дизельдік отын бағаларын реттеуді алып тастау сұралған.

Хаттан үзінді келтірейік:

«Қазақстан мұнай өнімдері нарығы қажеттілігінің 40%-ы Ресей Федерациясынан келетін импорт арқылы жабылады... Бұл шара Ресей Федерациясынан өзіндік құны қазір жоғары болғандықтан мүмкін болмай отырған К4 және К5 сыныпты мұнай өнімдерін жеткізуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді... Жоғарыда аталып өткендердің негізінде Сізден К4 және К5 экологиялық сыныпты мұнай өнімдерін Бағаларына мемлекеттік реттеу белгілене-тін мұнай өнімдерінің тізбесінен алу туралы мәселені қарап, коммерциялық баға бойынша сатуға рұқсат беруіңізді сұраймыз».

Жасырын дереккөзімнің айтуынша, бағаны реттеу жойылған жағдайда, Ресейден әкелінген 92-ші бензиннің құнының бір литрі жергілікті жанар-жағармай құю бекеттерінде 150-155 теңгеге жетеді.

- Мен өзім жақында ресейлік бензинді 125 теңгеден сатып алдым. Біздегі өткізу бағасы – 128 теңге. Мұндай баға бойынша кіріс айына 180 мың теңге болады. Жанармай құю бекетінде менде 47 адам жұмыс істейді. Сондықтан тек жалақының өзі 3 млн теңгеден астам болады, оған қоса мен меншік иесі болмағандықтан жанармай бекетін жалға алуды, коммуналдық қызметтерді, салықтарды және т.б. қосыңыз. Қазір менің бекеттерімде 95-ші бензин тек талонмен сатылады, 92-ші бензиннен 4 тонна қалды, тағы дизельдік отын бар. Мен көлік қызметтерін көрсететін болғандықтан ғана табысым жүріп тұр. Көптеген бекеттер тұрып қалған.

Бізге қыркүйекке көлемдерді бөлу әзір болғанын және облыс әкімінің орынбасары Нақпаев-та жатқанын айтты. Оны ашық іліп қойсын. Өйткені, бұл меморандумның ешқандай мәнісі жоқ. Әкімдік әр мәрте сайын бізден ақпарларды, қалдықтарды, бағаларды сұратады, ал оның орнына ештеңе жоқ. Сондықтан біз Қазақстанның бөлшек бағаны реттеуге салған тыйымын алып тастауын өтінеміз. Егер зауытымыз бізге бензин бермейтін болса, онда басқа жол жоқ.

Бензиннің тапшылығын тудыратын тағы бір фактор, менің дереккөзімнің айтуынша, АМӨЗ-дің толық қуаттылықта жұмыс істемеуі болып отыр:

- Қазақстанға бүкіл мұнайды өңдегеннен гөрі экспортқа жіберу тиімді болып отыр. Сондықтан біздің зауыт өз қуаттылығының 60-70 пайызына жұмыс жасайды. Бұл да - тапшылық факторларының бірі. Елде мұнай жетіспейді.

Сонымен қатар, жанармай бекеттерінің қожайындарына коммерциялық ұсыныстар түсіріп жатқан ҚМГ-нің әрекеті түсініксіз. Біздің бекеттерімізді жалға алғысы келеді. Бәлкім, бізді нарықтан шығару үшін әлдекім жасанды түрде тапшылық жасап отырған шығар?

Қазақстанда отын тапшылығын жасанды түрде туындатып отырған кім?

- Бізді кез келген орган тексере алады, біз бар болғаны көтерме сатушылар мен халық арасындағы делдалдармыз. Бізде отынды сақтауға арналған үлкен ыдыстар жоқ. Сондықтан біз тапшылықты туындата немесе, керісінше, жоя алмаймыз, -деді бізге жанармай құю бекетінің құпия қожайыны.

Шынымен де, жекелеген жанармай бекеттері тапшылықты қолдан жасай алмайды. Бұл ең алдымен трейдерлердің, ірі жеткізушілер мен ҚМГ-нің қолдарынан келеді. Оның мақсаты айқын: бензиннің бөлшек бағасын баршасына – ҚМГ, МӨЗ және түрлі жанармай бекеттерімен қоса трейдерлерге жақсы табыс беретіндей деңгейге көтеруге қол жеткізу. Айта кетелік, бұл мақала баспаға жіберілген кезде АМӨЗ-дің біздің сауалымызға берген жауабын әлі алмаған едік. Зауыт жауабының мағынасын болжау қиын емес: «жеткізушілер мұнайды бізге қанша берсе, сонша өндіріп, тиейміз; тапшылықты біз жасап отырған жоқпыз» дер.

…Биыл Қытай ішкі нарықта төрт мәрте бензин бағасын төмендетті. Себеп - әлемдік нарықта мұнай бағасының сәл төмендеуі. Бізде, мұнай өндіретін елде мұнай бағасын көтеру мен төмендету міндетті түрде бензин бағасының өсуіне әкеледі.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

4 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.