Атырау, 9 желтоқсан 22:01
 ашықВ Атырау -9
$ 514.65
€ 544.60
₽ 5.17

Жас мамандар несие алуға құлықсыз

4 446 просмотра

Өткен жылдың басында ауыл шаруашылығы министрлігі «Аграрлық саланың жас мамандарына шағын несие беру туралы» бұйрығын бекіткен еді. Бір жарым жылдан асса да, жеңілдікпен берілетін шағын несиені ауылдағы бірде бір жас маман пайдаланбаған.

Жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы ең алдымен мал өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығының жас мамандарына арналған. Шағын несие 400 мың теңгеге дейін үш жыл мерзімге беріледі, ал сыйақы мөлшерлемесі жылдық 9,5 пайыздан аспайды.

Бұл несиелерді малдәрігерлік емдеу, ветеринарлық санитария, агрономия, өсімдіктерді қорғау және карантин, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, аграрлық техника және технология секілді мамандықтар бойынша жоғарғы немесе кәсіптік-техникалық білім алған жас мамандар пайдалана алады.

– Осы бұйрыққа қол қойылған күннен бергі уақыт ішінде арнайы шағын несиелерді бірде бір жас маман пайдаланған жоқ, - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау өкілдігі директорының орынбасары Нұргүл ШОНАЕВА. – Осындай жағдай Қазақстанның басқа да аймақтарында байқалады. Жас мамандардың ұсынылған жеңілдік несиелерін пайдаланбауына бірнеше себептер бар. Біріншіден, бұл бағдарламаның шарты бойынша осыдан үш жыл бұрын білім алған жас мамандар несие ала алады. Сондай-ақ, жас мамандар несие алар кезде ауыл шаруашылық ұйымдары мен шаруа қожалықтарында, ауыл шаруашылық саласындағы мемлекеттік кәсіпорындарда үш айдан кем емес уақыт жұмыс жасауы немесе ауылда үш айдан кем емес малдәрігерлік емдеу қызметтерін көрсетулері тиіс. Бізде оқу орындарын аяқтаған жас мамандар мамандықтары бойынша жұмысқа сирек орналасады. Бұдан басқа, бұл мамандықтар жастарды онша қызықтыра қоймайды. Немесе ауыл шаруашылығы мамандары болғанымен, олар бағдарлама шарттарына сай келмейді.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» қаржылық-несиелеу ұйымы 100 пайыздық мемлекеттің қатысуымен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы компаниясының тобына кіретін ұйым. Қор ауыл тұрғындарына шағын несиелеу жүйесін дамыту арқылы қаржылай қызмет ұсынуға және оның қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. Арнайы бағдарлама жасалып, қолдау көрсетілген жас мамандардан басқа, шағын несиелеу өнімдерін ауылдың басқа да тұрғындары пайдалана алады. Ауылдағы шағын несиелеу сомасы 1 млн. теңгеге дейін құрайды, сыйақы мөлшерлемесі жылдық 9,5 пайыз. Несие үш жылға дейінгі мерзімге беріледі. Атырау облысының аумағында осы несиені мұнай өнеркәсібі дамыған Мақат пен Жылыой аудандарын қоспағанда, ауылдық жерлердің тұрғындары пайдалана алады. Ауыл тұрғындары алған шағын несиелердің 80-90 пайызы мал шаруашылығын дамытуға, 5-7 пайызы өсімдік шаруашылығына, қалған несиелер ұсақ сауда мен халыққа қызмет көрсету саласын дамытуға жұмсалады.

Тамара СУХОМЛИНОВА

21 шілде 2011, 01:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.