Атырау, 27 қараша 13:42
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Көбесі сөгілген

2 892 просмотра

А.Денисовтың фотоколлажы.А.Денисовтың фотоколлажы.Қазір, құбыр желісіндегі апаттан және мұнай өндіруді тоқтатқаннан кейін Қашаған мен Қарабатанда не болып жатқандығы бәрімізге беймәлім. NCOC баспасөз қызметіне жазған сұраныстарымызға жауап қайтарылмайды. Бейресми ақпарат көздеріміз хабарлағандай, жақында А және D аралдарындағы екі ұңғыманы жөндеу жұмыстары аяқталыпты.

Қашағанда барлығы 400-ге жуық бұрғылау ұңғымасы бұрғыланған. Алғашқы мұнай өндіруді бастағаннан бері (2013 жылғы 11 қыркүйек) тек екеуі ғана – А және D аралдарында бір-бір ұңғымадан ашылған. Бұл, ақпарат көздері хабарлағандай, профилактикалық жөндеу жұмыстары болған сыңайлы.

АПАТТЫҢ ХРОНОЛОГИЯСЫ

Қашағандағы мұнай өндірісін толықтай тоқтатуға әкеп соқтырған шығарындылар хронологиясын естеріңізге салайық.

2013 жылғы 25 тамыздақұбыр желілеріне, теңіз кешені қондырғыларына және «Болашақ» зауыты жабдықтарына сынақ жұмыстарын жүргізу барысында мұнай мен газды бөлу учаскесінде клапаннан ағу (утечка) оқиғасы тіркелді. Абырой болғанда, сынақ күкірт сутегіден тазаланған мақаттық газбен жүргізілген еді.

2013 жылғы 11 қыркүйектеҚашағанда мұнай өндіру басталды.

2013 жылғы 24 қыркүйектежерүсті газ құбырын кезекті тексеру кезінде «Болашақ» зауытынан 2 шақырым жерде ауа құрамында аздаған газ бар екендігі анықталды. Зауыттағы газ дабылы іске қосылмады, қызметкерлерге төнген қауіп жоқ» (NCOC баспасөз бетшесінен).

Кейін анықталғандай, осы ағу салдарынан болған қалдық газ «Қашаған» кен орнының жерүсті және теңіз кешендеріндегі алау қондырғысында жағылды. Осы күні барлығы 700 мың текше метр жоғары күкіртті газ жағылған. Осы факт бойынша Атырау облыстық экология департаменті ҰҚКД бастамасымен Консорциумның қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Ұлттық қауіпсіздік мекемесінің хатында 2012 жылғы 12 қыркүйектегі флюидтің төгілуі, 2013 жылғы 24 қыркүйекте күкіртсутегінің ағуы және 2013 жылғы 9 қазанда күкіртсутегінң ағуы фактілері бойынша тексеру жүргізу сұралған.

2013 жылғы 6 қазанда Қашағанда мұнай өндіру қайта басталды.

2013 жылғы 9 қазанда D аралының өндірістік нысанында техникалық ақау орын алды. Мұнай өндірісі тоқтатылды. «Осындай кешенді, технологиялық қиын нысандарды қолданысқа енгізгенде мұндай шағын олқылықтар болып тұрады», - деп хабарлады NCOC-тың баспасөз қызметі.

2013 жылғы 14 және 16 қазанда газ құбырының басқа да учаскелерін тексеру барысында пісіру тігістерінен тағы да 4 ағу анықталды.

Agip KKO мен NCOC-қа 134 млрд теңге көлемінде экологиялық айыппұл салынды. Консорциум газ құбыры мен мұнай құбырын толықтай ауыстыру туралы мәлімдеп, кемінде 2 жылға мұнай өндірісін тоқтатуға мәжбүр екендіктерін хабарлады.

Қашағанда барлығы 320 000 баррель мұнай өндіріп үлгерді.

12,9% ЖАЗАМЫЗ, 16% - ОЙДА

Қашағанның басындағы барлық пәле газ құбырынан шықты. Баршамызға белгілі, оның құрылысы 2005 жылғы 11 тамызда басталып, 2012 жылғы 25 мамырда аяқталған еді. Жалпы ұзындығы 95 шақырым (66 шақырым теңіз суы астында, 29-ы құрлықта), құбырдың диаметрі 70 см. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мемлекеттік экологиялық сараптамасының 2005 жылғы 22 маусымдағы «Қашаған кен орнының тәжірибелік-өнеркәсіптік әзірлеу нысандарын жайластыру жобасы. Кәсіпшілік құбыр желілері. ҚОӘБ (жерүсті бөлігі)» жобасына жасаған қорытындысына сәйкес, газ құбыры құрамында 12,9%-ға дейін күкіртсутегі бар дегидрацияланған жоғары күкіртті газды тасымалдауға арналған. Алайда іс жүзінде қашағандық газдың құрамындағы күкіртсутегі 16%-ды құрайды. Сандардағы осы айырмашылықтарға қарамастан ҚООМ кезінде осы жобаға неге рұқсат бергені жұмбақ болып қалуда.

БАРЛЫҚ ТІГІСТЕН КЕТТІ

«АЖ»-ға NCOC баспасөз қызметі хабарлағандай, құбыр секцияларын Sumitomo және JFE сияқты екі жапон компаниясы жеткізген. Құбыр желілерін қондыру және пісіру жұмыстарын Saipem (бас мердігер) компаниясы жүргізген. Зерттеулер нәтижелері көрсеткендей, барлық жарықтар пісіру тігістерінен кеткен екен.

2013 жылғы қарашадағы ағу оқиғаларынан кейін Қарабатанда жөндеу жұмыстары басталды, оны Sicim компаниясы мен KCOI (Kazakhstan Caspian Offshore Industries) жүргізді. Екі итальяндық компания да құбырларды кесу, тегістеу және пісіру жұмыстарымен айналысты. Түрік компаниясы Kazen радиографиялық жұмыстарды атқарды.

Көзбен көргендердің айтуынша, газ құбырын бөлшектеп кескенде, құбырдың бөлінген сегменттері бір-бірінен метр қашықтыққа ұшқан, бұл құбырларды жалғағанда қатты күш салынғанын білдіреді және пісіру технологияларын өрескел бұзған деген тұжырымға да келуге болады.

Сонымен, газ құбырын жөндеу әрекеттері оң нәтиже бермегендіктен, оны қайта бұзуға тура келді. Алайда қайта бұзылған су асты құбыры ма, әлде жерүсті құбырлары ма, халыққа белгісіз.

ӨЗ ЕСЕБІНЕН ЖӘНЕ ОҒАН ҚОСА 30 МЛН

Қашаған құбыр желісі – бұл сіздерге Жилгородок көшелеріндегі су құбыры емес. Оны түгелдей ауыстыру және өндірісті 2 жылға тоқтату үлкен экономикалық зиянын тигізеді. Алайда осы ұятты болған сәтсіздікке кінәлі аталмады, үкіметте де, Консорциумда да ешкім жазаланған жоқ. Газ құбырына кім мемлекеттік қабылдау жасағанын да ешкім білмейді.

Тамыз айының басында мұнай және газ министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН қазақстандықтарды жұбатқандай болды: «2012 жылы жасасқан шарттар мен оларға енгізілген қосымшаларға сәйкес, Қашағандағы коммерциялық өндірістің тоқтатылған әр тоқсаны үшін мердігер мемлекетке $30 млн төлеуі керек». Ол, сондай-ақ, құбыр желісін орнату, кен орнын іске қосумен байланысты жұмыстар өндіріс басталғанға дейін қайтарымсыз болып табылатынын және бар шығын өндірілетін мұнайдан емес, мердігердің есебінен жүзеге асатынын тағы бір айтып кетті.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

26 тамыз 2014, 16:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.