Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ.Ерлан Күмісқалиев өзінің Канистерапия орталығында ерекше балаларға арналған сынып ашпақшы. Сынып шағын, бар-жоғы 5-6 адам. Мұндайбалалардың дамуы үшін тағы көптеген бағдарламаларды іске қосуға болар еді, тіпті, қолдау танытушыларда табылуда, алайда, бәрі арнайы жайдың жоқтығына келіп тіреледі.
ҮШ БӨЛМЕ МЕН АС ҮЙ
Мен маусым айының соңында Канистерапия орталығы жаңа ғимаратқа көшкенін естігенде қатты қуандым. Бірақ Атамбаев 12 «в» мекен жайына келгенімізде қуанышым су сепкендей басылды. Химпоселокқа қарай бұрылғанда көтерме қойманың артындағы өндірістік типтегі ғимарат. Бұл жер аялдамалардан алыс, ал, аналарының балаларын көтеріп жүретінін ескерсек, бұл жерге жету қиынға соғады. Кейін ата-аналар мынадай ыстықта балаларға күн өтіп кеткен жағдайлардың да болғанын айтып берді. Аулада темір құрылғылар шашылып жатыр, толған вагон, қадаулар сорайып тұр. Орталық орналасқан екінші қатарға тік баспалдақпен көтерілуге тура келеді. Елестетіп көріңізші, нәзік әйелге 11 жасар баласын екінші қабатқа көтеру қаншалықты қиын екенін. Бірақ ата-аналар бұл жерге де дән риза. Канистерапия орталығына уақытша орынжай ұсынған астаналық кәсіпкерге көп рахмет.
Орталықта 3 шағын бөлме мен ас үй бар. Бұл жерде орналасқан лагерьде ата-аналар танымал реабилитолог Божена БЕЙНАР-СЛАВОВ («Боженаға үміт артады») жасақтаған бағдарлама бойынша балаларын жаттықтырады. Бір бөлменің ортасында арнайы құрылғы орналасқан, ол жерде балаларға паттернинг – арнайы массаж жасалады. Оны жасау жалғыз анаға қиынға соғады, үш көмекші керек. Үш әйел баланы аяқ-қолынан ұстап жүзу кезіндегідей қимылдарды бірдей жасайды, жылдамдықты баласының басын бір жағынан екінші жағына бұрып отырған анасы қадағалап отырады. Әр сеанс 5 минутқа созылады, балаларға күніне 12-ден 18-ге дейін сеанс алу керек.
Екінші бөлмеде балалар басқа бағдарламаларды жасайды, оттекті маска арқылы демалады, жаттығулар арасында демалып, ұйықтайды. Ал, үшінші бөлмеде канистерапия (үй жануарларымен байланыс арқылы терапия) орталығы орналасқан. Дәл осы жерде балаларға арналған арнайы мектеп ашу жоспарланған. Және соңғысы – шағын ас үй, ол балалар үшін өте маңызды. Арнайы диета бағдарламаның негізгі және шығыны көп бөлігі болып табылады. Балаларға біздің өңірімізде өспейтін көкөністер көп қажет, оларды мұздатылған күйінде супермаркеттерден сатып алуға тура келеді. Ата-аналар орталыққа таңертеңгі 7-де келеді, 7.30-да бірінші бағдарлама басталады, барлығы тәртіп бойынша жүреді, қабырғада график ілулі тұр: паттернинг, оттекті маскалар, Немо массаждары, клизмалар, т.б. Спартандық жағдайларға қарамастан балаларда жағымды динамика байқалады: осы кезеңде олардың жөргектерін жиі ауыстыруға тура келеді, себебі, іштегі артық заттар сұйық дәретпен шығады. Әйтеуір, біреуінің туғаннан кейін алғаш рет дәреті дұрысталды. Дегенмен, балалардың кейбірі бағдарламадан кетіп қалды. Өкінішті, кез келген отбасы өз үйінің жайлылығынан қол үзе алмады, бұрын үйде отырып, күнделікті тіршіліктен қол үзбеген, тамақ дайындап, қонақ күткен келіннің, әйелдің, ананың, қарындастың бала денсаулығы үшін күні бойы жоғалып кететінімен көбі келісе қоймады... Бірақ кеткен адамдардың орнына басқалары келді, лагерьге сұранушылар қатары өте көп.
«БАРЛЫҚ МҮМКІНДІКТІ ТАУЫСТЫМ»
Дегенмен, ата-аналар жағдайы жақсы жерде нәтиженің бұдан да жақсы болатынына сенімді. Ерекше балалармен жұмыстар барынша зейін қоюды талап етеді, ал, тар орталықта үнемі ата-аналар балаларымен толып отырады. Тегіс емес едендер, ал, «сабалақ айболиттер» кез келген дыбысқа алаңдап қарайды. Орталыққа арнайы құрылғы вертикализатор – «құрғақ бассейн» тарту еткен болатын, бірақ балалар үшін аса маңызды бұл қондырғыны орнататын жер болмай тұр.
- Қаншама жетістікке жетуге болатын еді! Бәрі бар: білім де, тәжірибе де, адамдар да қондырғылармен көмектесуге дайын. Бізде балаларын аяққа тұрғызу үшін бәрін құрбан етіп жүрген батыр аналар бар. Мен олардың баласы үшін ештеңе істемей, салы суға кеткен адамдар үшін үлгі болғанын қалаймын. Бірақ осы орынжай мәселесін қалай шешетінімді, кімнің есігін қағатынымды білмей дал болдым. Өзімнің бар мүмкіндіктерімді тауыстым. Облыстық және қалалық әкімдіктерге, «Нұр Отанға» да шықтым, желі арқылы да арнайы орынжай табуға тырыстым,- дейді Ерлан.
Қайырымды жандардан түсетін қаржы тек ең қажетті деген қажеттіліктерге жұмсалып жатыр, қалған бөлігі көшуге тура келіп, жаңа орынжай іздейтін жағдайда қажет болатындықтан жинақталуда. «Доман+» емдеудің арнайы бағдарламасын, қандай жағдай болмасын, үзуге болмайды. Билік мүгедек балалары бар ата-аналардың қандай қиыншылықтармен күресіп жүргендерін байқағылары келмейді. Және негіздері де жоқ емес – орталық облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарамайды. Ерлан бұл жерде де ресми медицинамен бірге жұмыс істеуге дайын, дәрігерлер балаларды бағдарлама басталмас бұрын және емдеу курстарынан кейін тексеріп қарап, нәтижелерін балалардың игілігі үшін қолдансын.
ЕРМЕКТІҢ ЖӘНЕ ӨЗГЕЛЕРДІҢ МЕКТЕБІ
Қандай қиындық болмасын, 1 қыркүйекте жаңа жоба іске қосылмақшы – ерекше балаларға арналған мектеп. Ата-аналардың өкінішіне орай, ПМПК (психологиялық-медико-педагогикалық кеңес) олардың балаларының жалпы білім беретін мектепте білім алуына мүмкіндік бермеді.
- Менің ұлым Ермек қазанда 6 жасқа толады, мен оны дайындық сыныбына бергім келген. Ол балалар сал ауруына шалдыққан, ол өзі қозғала алмайды, бірақ басқа жағынан құрдастарынан қалыспайды, 30-ға дейін санайды, қолына қалам, қарындаш ұстай алады. Бірақ ПМПК-дағылар біздің балаларымыз 6 жастан емес, 7 жастан бастап білім алатындарын айтады. Ал, бастысы, ол мектепте білім алады, дәлірек айтқанда, мұғалім үйге келіп тұрады,- дейді Фарида АБДУЛОВА.
Канистерапия орталығына мектеп алды жасындағы бірнеше бала келіп жүр. Қазіргі таңда орталықта жұмыс тәжірибесі мол кәсіби педагогтың көмегімен осы балалар жаттығатын арнайы бағдарлама жасақталуда. Оған танымал ғалымдардың, соның ішінде, әлемге танымал Глен Доманның ең жақсы әдістері енгізілмекші. Балалар күн сайын емес, аптасына екі рет оқитын болады, олар көп жүктеме үшін әлі кішкентай және денсаулықтары да нашарлау. Мектеп үшін арнайы бөлек сынып ашып, оны Глен Доманның арнайы әдісімен жасақтау орынжайдың жоқтығынан мүмкін болмай тұр. Белгіленген күндері сыныптағы парталарды дәлізге жинап тастауға тура келеді, бұл жер канистерапия орталығына айналады.
Сабақтарды арнайы кәртішке-лер арқылы қоршаған ортаны танудан бастау жоспарланып отыр. Оны қазіргі кезде сал ауруының ауыр түріне шалдыққандарды емдеу барысында қолданады. Қаламыздың бір мейірімді тұрғыны мектепке парталар, тақталар және басқа да оқуға қажетті құралдарды алып беру үшін орталыққа ұсыныс түсіріпті.
СӨЗ ЖҮЗІНДЕ ЖӘНЕ ІС ЖҮЗІНДЕ
Облыстық ПМПК әдіскер-дефектологы Бибігүл ЖҰМАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, Атырау облысы бойынша есепте мүмкіндігі шектеулі 6 967 бала тұр. Соңғы кездері Қазақстанда инклюзивті білім беру, яғни, жалпы мектептерде дені сау балалармен бірге білім алудың жүзеге асқандығы көп айтылуда. Бірақ іс жүзінде біздің мектептеріміз ондай балаларды қабылдауға дайын емес. Себебі, олар үшін ПМПК қорытындысы және баланың диагнозы негізінде арнайы оқу жоспарын құрастыру керек. Ал, бізде, тіпті, ақыл-есі кеш дамыған балаларды жалпыға бірдей білім беру бағдарламасымен оқытуға тырысуда, ал, негізінде, олар үшін еңбекке баулуға, әлеуметтік-тұрмыстық бейімделуге, өз-өзіне қызмет көрсете білуге ерекше көңіл аударған жөн.
- Өткен жылы облыстық білім беру басқармасының бұйрығы бойынша мен бірнеше мектепке тексерумен бардым. Қарапайым нәрсені түсіне алмайтын орташа кемшілігі бар балалар үшін жасақталған оқу жоспарларында химия, география, ағылшын тілі көрсетілген жағдайлар да кездесті. Олар, тіпті, сөйлей алмайды, бұл жерде қайдағы шет тілі? – дейді Б.Жұмалиева. Үйден оқыту бойынша да дәл сол мәселе: мұғалімдер бұл балаларды оқыту сағаттарын алып алады да, оны қалай іске асыруды білмейді – олар ерекше балалардың бейімделген бағдарламалар бойынша оқитындарын ұқпайды. Сондықтан Канистерапия орталығындағы шағын мектептің маңыздылығы да осында.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ