Атырау, 27 қараша 13:48
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жаңа полигон 2017 жылы ашылады

3 258 просмотра

Мұратбек МАХАНОВ.Мұратбек МАХАНОВ.Қалалық қоқыс полигонындағы өрттердің саны 2010 жылмен салыстырғанда 93,2%-ға төмендеді. Бұл таңғаларлық статистиканы «Арнайыавтобаза» КМК-нің қоршаған ортаны қорғау бойынша жоспарларын қоғамдық тыңдауда кәсіпорын директоры Мұратбек МАХАНОВ жария етті.

ДҮРБІЛІ КҮЗЕТШІЛЕР

Қоғамдық тыңдау материалдарынан: «Қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигонындағы өрттер бойынша нақты көрсеткіштер: 2010 ж. – 44 өрт, 2011 ж. – 40, 2012 ж. – 23, 2013 ж. – 6, жыл басынан бері – 3. Қоршаған ортаның ластануына жол бермеу және полигонның жалпы қауіпсіздігі мақсатында келесі жұмыстар жасалып жатыр:

1. Қадағалау бекеттерінен тәулік бойы бақылау жүргізіледі;

2. Полигонның өртенуіне жол бермеу үшін экскаватор, екі бульдозер, екі жүк машинасы және «АтырауСуАрнасы» КМК-ден жалға алған суару машинасы тұрақты жұмыс жасайды;

3. Полигон аумағында 5 қадағалау мұнарасы бар, күзетшілер дүрбі және рациялармен жабдықталған».

Алайда, ластаушы заттарды эмиссиялауға (шығаруға) рұқсат алу үшін бұл жеткіліксіз. Тыңдау кезінде оқылған жоспарды Арнайыавтобаза 2015-2017 жж. эмиссиялауға рұқсат алу үшін әзірлеген және экологияны қорғау бойынша белгілі бір талаптарды орындауға міндеттенеді.

Жоспарды «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» ММ тапсырысы бойынша жобалау ұйымы әзірлеген. Онда тоқсан сайын мониторинг өткізу арқылы атмосфералық ауаны қорғау бойынша іс-шаралар, көктем-жаз мезгілдерінде шаң басу жұмыстары (суару), эндогендік өрттердің алдын алу және жою, өндірістік база мен кеңселік орынжайларда судың кетуін болдырмау сияқты жұмыстар қарастырылған. Кәсіпорынның жер асты суларын бақылау үшін 4 қадағалау ұңғымасын бұрғылауды жоспарлауы «Қоршаған ортаны қорғау бойынша аналитикалық зертхана» КМҚК директоры Ғалия ҮМБЕТӘЛИЕВАНЫҢсынына ұшырады. Ол жоспарға санитарлық аймақтың сыртынан тағы бір ұңғыма орнатып, көрсеткіштерге салыстырмалы талдау жасауды  ұсынды. Бұл жер асты суларының ластануын болдырмауға мүмкіндік береді.

ТАРАЗЫЛАР МЕН ДОЗИМЕТРЛЕР САТЫП АЛАДЫ

Жоспар бойынша жылына екі рет топырақ құрамын бақылау бойынша кешенді жұмыстар қарастырылған. Сондай-ақ, өндірістік база аумағын және ҚТҚ полигоны периметрін көгалдандыру да ескерілген. Жоспарға өндіріс қалдықтарын жинап, ескі авто тегершіктерін, аккумуляторлар, майлар, фильтрлерді қайта кәдеге жарату бойынша мамандандырылған кәсіпорындарға тапсыру жұмыстары да салынған... Сонымен қатар, Арнайыавтобаза қоқыстарды іріктеп, пластик бөтелкелерді, гофро ыдыстарды, қағаздарды, қара және түсті металл, полиэтилен дорбалар қалдықтарын кері өндіруге тегін тапсыру тәжірибесін енгізбекші. Осы шаралардың арқасында қалдық полигонындағы қоқыстар көлемін қысқартып, қоршаған ортаға эмиссиялау үшін төленетін соманы азайтып, 24,3 млнтеңге экономикалық пайда көреді.

Аумағы 61 гектарды алып жатқан (бүгінде 35 гектары бос емес) қоқыс полигоны 1977 жылдан бері жұмыс жасайды. Осы уақыт ішінде, шамамен, 2 млн тонна қалдық көмілген. Жоспарланып отырған автокөлік таразысын сатып алу келіп түскен қоқыстардың көлемін дәл есептеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, радиациялық, биологиялық және химиялық қауіпсіздік аясында дозиметр сатып алу жоспарлануда. Дозиметрді қондыру құрамында радионуклидтер бар қалдықтарды тауып, жоюға мүмкіндік береді. Қоршаған ортаны қорғау бойынша жоспарланған іс-шаралар «Арнайыавтобаза» КМК-нің жеке қаражаты және жергілікті бюджет қаржы құралдары есебінен орындалады (айта кетсек, кәсіпорын тарихында бірінші рет 2013 жылы табыстылыққа қол жеткізді және арнайы техниканы бөліп төлеу және жеке қаражаттарын үнемдеу арқылы сатып алуды жоспарлап отыр). 2015-2017 жылдары «Арнайыавтобаза» КМК нысандарында қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шараларды орындауға салынатын инвестицияның жалпы сомасы - 26,9 млн теңге.

БҰРЫНҒЫ ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫ ЖЭО СИЯҚТЫ БОЛАДЫ

- Үкімет бағдарламасына сәйкес, Атырау ҚТҚ полигондарын салу бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылатын 9 қаланың ішіне кірді. Болашақ ҚТҚ полигоны жалпы ауданы 50гажерді алады және қаладан 15 шақырым жерде орналасады. Қазіргі уақытта «Қазақ Су арнасы жобасы» АҚ әзірлеген  жобаны техникалық-экономикалық негіздеу жұмыстары жүріп жатыр», - деп хабарлады М. Маханов. Оның айтуынша, қоршаған ортаға зиянын төмендету үшін ескі қоқыс орны рекультивацияланады (жерді қалпына келтіру).

- Рекультивация екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші – қоқыс орнын (2015-2017 жылдарда қалдықтарды көмуге арналған аумақтан басқа) қалпына келтіру жұмыс жобасын дайындау. ТЭН жобасына келісім беру осы ағымдағы жылдың ішінде жүргізіледі. Екінші кезеңде қоқыс орнының қалған учаскелерін рекультивациялау жоспарлануда. Бұл жұмыстар 2017 жылға жоспарланып отырған жаңа полигон қолданысқа берілгеннен кейін ғана жүргізіледі. Алға қарай ескі полигон жабылып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін бұл нысан жылу қуатын жеткізуші ретінде қолданылуы мүмкін. Өйткені, рекультивация кезінде газ шығарушы ұңғымалар қондырылады. Бұл қуатты электр ретінде кері өңдеп немесе бұл жылуды, көптеген елдер тәжірибесіндей, қалалық ауыл шаруашылық өнімдерін өсіретін жылыжайларға пайдалануға болады.

Жоспар қатысушылардың аз-мұз түзетулері мен ұсыныстары арқылы қабылданды.

Айта кетсек, облыстық бюджет жаңа полигон құрылысын бұрыннан да қаржыландырып қойған еді: 2008 жылы қаламызға танымал кәсіпкер Айбат СҮЛЕЙМЕНОВТЫҢ мердігер компаниясы «Снабойлстрой» ЖШС «Қоршаған ортаны қорғау нысандарын дамыту» бюджеттік бағдарламасының аясында жалпы құны 1,7 млрдтеңге «Полигон құрылысы» нысаны бойынша тендерді ұтқан еді. «Снабойлстрой», тергеушілердің пікірінше, осы жобада 1,5 млрдтеңгені игерген. 2012 жылы жартылай салынған нысанды қаржы полициясы қамаққа алды, Сүлейменовке қатысты қылмыстық іс қозғалды, алайда, ол өз бизнес әріптесі, облыстың экс-әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВПЕН бірге қашып кетті. Республиканың пилоттық жоба аясында Атырауда полигон құрылысын қаржыландыруына қарағанда, №1 әрекет енді қалаға керек емес сияқты. Осыдан кейін қазіргі команданың бұрынғы басқарушылардың тағы бір аяқтамаған ескерткішін қалай пайдаланатыны қызығушылық тудырады. Алайда, бұл Бергей Рысқалиевтің ҰҚҚ қылмыстық ісі бойынша сот процесі аяқталғаннан кейін ғана белгілі болады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

14 тамыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.