Атырау, 27 қараша 12:53
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +4
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Тұйық шеңбер

3 337 просмотра

Құрылыс саласының мәселелері өңірлік кәсіпкерлер Палатасы ұйымдастырған «Атырау құрылысы» конференциясы барысында талқыланды.

«ІРІ КОМПАНИЯЛАР ҚАЙДА?»

Конференцияға Батыс Қазақстанның төрт облысының құрылыс компаниялары, сонымен қатар, ірі мұнай компанияларының өкілдері қатысты. Өңірлік кәсіпкерлер Палатасының директоры Асылбек ЖӘКИЕВТІҢ айтуынша, конференцияның басты мақсаты – «компаниялармен танысу және олардың күшін нығайту».

Облыс әкімінің орынбасары Тимуржан ШӘКІMОВбіздің облыста құрылысшылар үшін жұмыстың көп екенін атап өтті, соның ішінде «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы да белсенді жүзеге асуда. Былтырғы жылы 515 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді, биылғы жылдың басынан бері – 222 мың шаршы метр. Аудандарда жергілікті бюджет есебінен баспана құрылысы жүруде. Облыс орталығы мен аудандарда әлеуметтік нысандар – мектептер мен балабақшалар салынуда.

«Қазақстанның қызмет көрсету компаниялары одағының» төрағасы Алмаз ҚҰДАЙБЕРГЕНосы саланың әлсіз тұстарына тоқталды:

- Батыс Қазақстан өңірінде, шамамен, 400 әртүрлі құрылыс компаниясы бар, бірақ олардың арасында50-100 миллион доллар айналысы бар ірілері қанша? Қарабатандағы зауыт құрылысы басталған кезде бізде екі ірі қазақстандық құрылыс компаниясы болды. Құрылыс аяқталды, ал, бізде сол 2 ірі компания ғана бар. Қалғандарының бәрі - 3-10 млн айналым қаражаты бар ұсақтары. Біздің компания белгілі бір көлем алған кезде тапсырысты орындау үшін қаражат іздестіре бастайды, бірақ банктер, әсіресе, 2007 жылғы дағдарыстан кейін, құрылысты қаржыландыруға құлшына кіріспейді. Ірі мұнай компаниялары, ТШО да өздерінің ірі тапсырыстарын жергілікті фирмаларға арта алмайды, сол себепті шетелдік құрылыс компанияларына жүгінеді. Ал, олар, өз кезегінде, бірнеше жергілікті қосалқы мердігерді жалдайды. Бірақ біздікілердің бұл жұмыстардағы маржасы соншалықты көп емес. Яғни, жергілікті компаниялардың өсуге мүмкіндіктері жоқ. Осы тұйықталған шеңберден қалай шығуға болады деген сұрақ туындайды. Мемлекет БК құрыңдар дегенді айтады. Бірақ ол шетелдік кәсіпорындар үшін тиімсіз. Егер бұрын ол 1-категориялы лицензияға ие болса, жергілікті компаниямен біріккен соң 2-3 категориялы лицензияны алады да, ірі жобалар бойынша қомақты тапсырыс алу мүмкіндігінен айрылады. Және басқа тәжірибе бар: шетелдік компания, мәселен, Зимбабве немесе Гаитиде жұмыс жасады деген құжаттарын көрсетіп, Қазақстанда филиалын құрады. Филиал 1-категориялы лицензия алады, себебі Мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылаушы (ГАСК) Зимбабвеге барып, шетелдік кәсіпорынның базасын, жұмыстарының сапасы қандай деңгейде екенін тексере алмайды. Ал, жергілікті фирмалар белгілі бір көлемге ие болу үшін бірнеше жыл жұмыс жасайды.

А.Құдайбергеннің пікірінше, ТШО-дағы үшінші буын зауыттың құрылысына байланысты жергілікті компаниялардың келешегі бар. Оның ресми бюджеті 4 млрд доллар, ал, ресми емес бюджеті одан да жоғары. Өткен жылы Қазақстан үкіметі ТШО-мен жобаны жүзеге асырудың басталғаны туралы меморандумға қол қойған болатын, алғашқы келісімшарттарға да қол қойылуда және жергілікті құрылыс компаниялары жобада лайықты орын алады деп күтілуде.

ШЕТЕЛГЕ БАРУ КЕРЕКТІГІН ДӘЛЕЛДЕ

Өңірлік кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Нұржан ҒАНИМҰРАТ құрылыс фирмалары басқа саладағы компаниялар секілді қажет болған жағдайда өздерінің мамандары мен жұмысшыларын мемлекет есебінен шетелге оқуға жібере алатындарын айтып өтті. Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлесіп осы жылдың мамыр айында негізгі мақсаты жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру және жаңа технологияларды трансферттеу болып табылатын бағдарламаны іске қосты.

- Осыған дейін Болашақ стипендиясы бойынша шетелге мемлекеттік қызметкерлер, оқытушылар, магистранттар баратын болса, қазіргі уақытта экономиканың әр саласындағы компаниялар да мемлекет есебінен өз мамандары – жұмысшыларын, техниктері мен инженерлерін шетелде оқытуға мүмкіндік алды. Бізде Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тарту деңгейі жоғары, бұл жергілікті мамандар құзыретінің төмендігін білдіреді. Мемлекет осы олқылықты түзетуге әзір. Процесс былай жүреді. Мәселен, жергілікті компания американдық құрылыс фирмасымен серіктестік қарым-қатынаста делік, сонда ол өзінің қызметкерін нақ осы фирмаға жібере алады. Бұған қажетті барлық құжаттар Болашақтың сайтына орналастырылған, оларды жергілікті жердегі кез келген ХҚКО-на тапсыру қажет, сол жерден олар Астанадағы комиссияның қарауына жіберіледі.

Құжаттарды қарау кезінде басымдық дәлелдемелерге түседі. Салмақты дәлелдер керек: айталық, адам осы саладағы фирма үшін өте маңызды білім алу үшін шетелге баруы тиіс және ондай білімді Қазақстанда алу мүмкін болмай тұр. Сонымен қатар, үміткер мемлекеттік тілді білетінін дәлелдеп, психологиялық тұрақтылық сынағын тапсырады. Құрамына жоғары шенділер, тіпті, премьер-министр кіретін сараптама комиссиясының қорытындысы шешуші болып табылады. Іріктеу қатал, бірақ соған лайықты.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

7 тамыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.