Атырау, 23 желтоқсан 18:44
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Жағажайдың жағдайы жақсы емес

3 056 просмотра

Жаздың орта шені болып қалса да, қаладағы жағажайлар әлі күнге дейін ретке келтірілмеген. Бірақ бұл қала тұрғындары үшін кедергі болып отырған жоқ. Балалары мен ата-аналар ашық күн көзінде лас жағалаулардағы суға шомылып жүр.

Естеріңізге салар болсақ, қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі қаладағы екі орталық жағажайдың қожайындары болады деп мәлімдеген болатын. Тендер қорытындылары бойынша орталық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жанындағы және Жилгородоктағы жағажайлар «Вест энерджи сервис» ЖШС-нің сенімді басқаруына беріліпті. Келісім-шарт бойынша, соңғы компания осы жағажайларда таяудағы 7 жыл бойына қызмет көрсетеді.

Екі апта өтсе де, жаңа қожайынның әрекеті әзірге байқалмайды. Биотуалет секілді салтанатты айтпағанның өзінде, жағажайларда күнқағарлар да, ағаш төсемдер де және киінетін кабиналар да жоқ. «Тапқыр» атыраулықтар үшін жылжымалы әжетханалардың жоқтығы бөгет емес. Олар өз мұқтаждықтарын жаңа жағалаудың түбіндегі бұталардың түбінде «өтейді». Жағажайлар қоқысқа толып, Жилгородоктағы жағажайдың жағасы сыра бөтелкелеріне көмілген.

Қаладағы жағажайлардың қожайыны «Вест энерджи сервис» ЖШС-ін табу оңай шаруа болмады. «Қазақтелекомның» анықтамалығында бұл компания тіркелмеген боп шықты. Дегенмен, бірінші басшының байланыс телефондарын таптық. Ұялы телефон арқылы менің сауалымды тыңдаған ер адам қолының бос емес екендігіне сілтеп, қайта қоңырау шалуымды өтінді. Содан кейін қоңырауға жауап бермеді.

Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметтері бойынша, тек өткен демалыс күндері Жайық өзеніне 3 адам суға кеткен. Оның бірі «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің маңында қаза болған. Облыстық судан құтқару қызметінің құтқарушылары 20 жастағы жігіттің денесін үш жарым сағаттан кейін тапқан. Ал жыл басынан бері 28 адам суға кетіп, 21-і қаза болып, 7-уі құтқарылған.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

14 шілде 2011, 00:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.