Атырау, 27 қараша 12:36
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +4
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Есеп берудегі дүрлікпе

2 910 просмотра

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі барлық облыстың, сонымен қатар, Алматы және Астана қалаларының өкілдері қатысқан бейне конференция өткізді. Онда мүгедектердің бейімделуі мен еңбекке орналасуы мәселелері талқыланды.

«НЕ ЖАЗҒАНДАРЫН ТҮСІНБЕЙДІ»

Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының орынбасары Гүлнәр ТОҚСЕЙІТОВА әр облыста ең алдымен арбадағы мүгедектерге, зағиптар мен құлағы естімейтін адамдарға ыңғайлы болуы тиіс ғимараттардың тізімі жасақталғанын хабарлады. Жалпы еліміз бойынша жыл аяғына дейін 1969 ғимаратты бейімдеу жоспарланған. Атырауда 34 нысан бар, негізінен аудандағы мектептер және Атырау қаласындағы төрт нысан. Мүгедектер үшін олардың 25-і «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бейімделетін болса, 9-ы – жергілікті бюджет қаражаты есебінен.

Сонымен қатар, Г.Тоқсейітованың айтуынша, облыстардағы жұмыстың жүруі нашар. Есеп берулерде белгілі бір нысанның мүгедектер үшін барлық талаптарға сай келетіндігі көрсетілгенмен, іс жүзінде мүлдем басқаша. Мәселен, тараздық шенеуніктер 12 нысанның бейімделгені туралы есеп берген, бірақ қатысып отырған журналистер мәліметтердің шындыққа сай еместігін мәлімдеді. Ал, кей өңірлер көп күш жұмсамау және орындалмаған жұмыс үшін «жаза» алмау мақсатында бейімдеуді талап ететін орындардың санын әдейі қысқартып отырған (мәселен, Шығыс Қазақстанда барлығы 16, ал, Ақмола облысында 20 нысан). Алматы облысы, керісінше, алдымен 400 нысанды алған, бірақ кейін жұмыс барысында жыл аяғына дейін осынша көлемді игере алмайтыны анықталды. Ал, Атырауда жұмыстар тіпті басталмаған. Г.Тоқсейітова Атырау облысы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Тимур ЕСТЕБАЕВТАН осы жағдайға түсінік беруді сұрады.

- Біз жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедектер үшін ыңғайлы деп таныған нысандарға тексеру жүргіздік – олардың бірде-біреуінің бейімделмегенін анықтадық,- деді Т.Естебаев. – Есепті дайындайтындар өздерінің не жазып жатқандарын да түсінбейді. Себебі, қолжетімділік бірнеше пунктке негізделген. Ғимараттағы өзгерістердің жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтау, тендер өткізу және т.б. жұмысты қиындата түседі.

ПАНДУСТАР ҒАНА ЕМЕС

- Облсобестің есебі бойынша 5 нысан бейімделген – 3-еуі толығымен және 2-еуі ішінара. Бірақ ол жерлерде тек пандустар жасақталған, - деді «АЖ» тілшісіне бейне конференция аяқталған соң Т.Естебаев. – Ал, негізінде, нысан тек арбадағы мүгедек емес, зағип және құлағы естімейтін мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруы үшін, ТЖ кезінде эвакуациялауға болатындай ыңғайлы болған кезде ғана қолжетімді бола алады. Яғни, ол жерде арнайы лифтілер, Брайль шрифтері, құлағы нашар еститіндерге бейнехабарлар, арбадағы мүгедектер үшін белгілі бір кеңдіктегі дәліздер болуы керек. Бұл талаптардың барлығы арнайы құжат – ғимараттың паспортында көрсетілген.

Бірақ Атыраудағы, тіпті, өзге қалалардағы сол пандустардың өзі де нормаға сай келмейді: көтерілетін жері өте тік, табалдырықтар жабдықталмаған, т.б. Егер арбадағы мүгедек сонымен көтерілуді шешсе, онысы қайғылы аяқталуы мүмкін.

- Әзірге біздің өкілеттігіміз жоқ, біз тек процесті бақылап отырмыз. Міне, қазір жолдарға жөндеу жүргізіп жатыр, бірақ жаяу жүргіншілер өткелінде мүгедектерге арналған құламалар қарастырылмаған, - деді Т.Естебаев.

Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы және қосымша облыс әкімінің мүгедектер мәселесі бойынша кеңесшісі Манап АБДРАХИМОВ бейімдеу бағдарламасы туралы осы бейне конференцияда бірінші рет естігенін мойындады. Ал, бұл кезде Астана мен Алматы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері осы жұмысқа кірісіп те кетті, қабылдау комиссиясының басқа мүшелерімен бірге қолданысқа тапсырылатын ғимараттарды тексеруде.

Бейне конференцияға қатысушылардың ортақ шешімі бойынша әр айдың бірінші сейсенбісінде бейімделіп жатқан ғимараттарды мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдерімен бірге аралайтын республикалық акция өткізіліп тұрмақ.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

4 тамыз 2014, 17:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.