Облыстық психикалық дамуы тежелген балаларға арналған интернатта кезекті жанжал туындады. Бұл жолы өз наразылықтарын интернат күтушілері білдіріп жатыр.
«ЖАЛАҚЫ ЖЫЛ САЙЫН ТӨМЕНДЕП БАРАДЫ»
Естеріңізге салсақ, екі жыл бұрын тәрбиешілердің педагог мәртебесін әлеуметтік қызметшіге ауыстыруға тырысқан шенеуніктердің әрекеттері үлкен наразылық тудырған («Ұстаздар ма, әлде әлеуметтік қызметкер ме?» мақаласын қараңыз). Бұл жағдайда мәртебенің ауыстырылуы жалақыны сол күйінде қалдырып, апталық жүктемені көбейтуге алып келер еді. Елді шулатқан үлкен даудан кейін тәрбиешілерді жайына қалдырған. Алайда жаңа жылдан кейін күтушілерге қол салды, олар қызметтерін бұрынғыша атқарып жүрсе де, енді санитар деп аталатын болды.
Интернат аумағына кіре алмадық. Күзетші басшылықтың өкімі солай деп, қақпаға құлып салды.
Ол осылайша түнгі ауысымдарын атқарып шыққан қызметкерлерді де үйлеріне жібермеді. Олармен шарбақтың екі жағында тұрып сөйлесуге тура келді.
Қазір интернатта 3 жастан 18 жасқа дейінгі 100-ден аса балаға күтушілік жасайтын 54 кіші буын қызметкерлері жұмыс жасайды. 84 бала мекемеде тұрақты болса, қалғандарын ата-аналары күндіз сабақтарға алып келеді. Қазір «палата санитарлары» деп аталатын осы ұжым мүшелері «күн-түн – екі күн демалыс» тәртібімен жұмыс істейді. Келісімшартқа сәйкес, түскі ас ішуге арналған үзіліс – 30 минут, түнгі ауысымдар және мереке күнгі кезекшілік жоғары тарифпен төленеді.
- Мен осында интернат ашылғаннан бері жұмыс жасаймын. 21 жыл бойы күтуші болып қызмет атқарып келемін. Біз үйренуі қиын балаларды күтіп-бағамыз. Олар өздігінен еш нәрсе жасай алмайды, орнынан тұрмайтындар да бар. Біз оларға тамақ береміз, дәретханаға апарамыз, жуындырамыз, киімдерін ауыстырамыз, кірлерін жуамыз. Егер бала ауруханаға түссе, біз сол жерге де барып, күтім жасаймыз. Сонымен қатар, біз интернат ғимаратын сырлаймыз, ақтаймыз, кілемдерді жуамыз, аумақты тазалаймыз. Мұндағы жұмыстардың 80%-ы біздің мойнымызда. Осы еңбегіміз үшін алатын ақымыз да мардымсыз, тіпті, жыл сайын өсудің орнына кеміп бара жатыр. Егер өткен жылы біз 57 мыңалсақ, биыл 45 мыңаламыз. Түнгі ауысымдар жоғары тарифпен есептелмейді. «Сауықтыру ақысы» төленбейді. Мен осы айда 192 сағат жұмыс жасадым, соның ішінен 16 сағатты түскі үзіліс деп қиып тастады, - дейді Марияш МАҚАТОВА.
- Барлығымыздың да несиеміз бар, балалардың оқуын төлеуіміз қажет. Қосымша жасаған жұмыстарымызға ақы төлемейді. Мәселен, әріптесіміздің бірі облыстық балалар ауруханасына түскен балаға күтім жасауға кетеді, осы кезде мен ол үшін және өзім үшін жұмыс жасаймын. Ал бұған жарты жүктеме қоспайды. Ақшалар қайда кетіп жатыр? - деп таңданды Алтын ХАМЗИНА. – Жалақыны да кешіктіріп, бөліп-бөліп береді: маған алдымен 18 мың, кейін 20 мың, сосын тағы екі мыңаударды... Ауыр кезекшіліктен кейін жайбарақат демалудың орнына банкомат пен есеп бөлімінің арасында ақшам қайда екенін анықтаймын деп жүгіріп жүремін. БАҚ-қа шағым айтамыз деп қорқытқаннан кейін ғана тамаққа заңсыз ұстаған ақшаны тез аудара салды, жалақыны апталап есептейтін есепшіміз екі сағатта түсірді...
ҚАҒАЗДА БӘРІ ДҰРЫС
Осы мәселеге түсінік алу үшін біз Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Салауат ИШАЙҒА жолықтық. Оның айтуынша, интернат қызметкерлерінің шағымы бойынша тексеру жүргізілді және қосымша жүктемелерді төлеу жағынан заңбұзушылықтар анықталды. Заңды тұлғаға (интернатқа) 37 мыңкөлемінде, есепші-экономистке 5АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
- Шағымда бірнеше тармақ болған, - дейді С. Ишай.– Бірінші тармақ бойынша – интернатта жалақы дұрыс есептелінген. Тек қосымша жүктемелер үшін ғана жеткілікті төленбеген. Екінші тармақ – тарифтік коэффициент. Қызметкерлер жалақыларын еңбек өтілдеріне қарамастан бірдей, 1,7 коэффициентпен есептейді деп шағымданған. Алайда үкіметтің №1400 қаулысына сәйкес, бұл көрсеткіш еңбек өтіліне қатысты емес. Үшінші тармақ – жұмысқа қосылатын үстемақы: баланың дамуына күтім жасау - 22%, ішінара дамымағандарға – 30%, ерекше күтім мен орнынан тұра алмайтындарды күту – 30%. Тексеру кезінде бұл жерден заңбұзылушылықтар табылмады.
- Жалақыны кешіктіріп, бөліп-бөліп төлеу жөнінде не айтасыз?
- Шағымда бұлар туралы еш нәрсе айтылмаған.
Енді интернат қызметкерлерінің наразылығын тудырған мәртебе мәселесі жөнінде. Бұл жерде де әйелдерге «ештеңе тимейді» екен.
- Үкіметтің 2011 жылғы 28 қазандағы №1222 «Халықты әлеуметтік қорғау саласында әлеуметтік қызмет көрсету стандарттарын бекіту туралы» қаулысында біліктілік стандарттары белгіленген. Осы құжатқа сәйкес, интернат қызметкерлері кезекші күтушілер санатына емес, палата санитарларына жатады. Олар балалардың өміріне емес, интернаттың санитарлық жағдайына жауап береді, балаларға тәрбиешілер жауапты, - дейді сеніммен С. Ишай.
Осындай түсінікті біз Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаменті басшысының орынбасары Көңілқос ОРЫСПАЕВТАН алдық:
- Артық жүктемелерден басқа жалақы және қосымша төлемдер өз уақытында төленіп отыр. Артық жүктемелері үшін қосымша төлем 1 тамызда аударылады.
Қағазға қарасақ, бәрі жақсы сияқты, алайда кіші буын қызметкерлерінің пікірі мүлдем басқаша.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ