Атырау, 23 қараша 16:10
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ұстаздар ма, әлеуметтік қызметкерлер ме?

6 029 просмотра

Ұстаздар күні қарсаңында облыстық ақыл-ойы кем дамыған балаларға арналған интернат педагогтарын жағымсыз тосын сый күтіп тұрды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағылар оларды мерекені атап өтетіндей ұстаздар емес, әлеуметтік қызметкерлер деп есептеп отыр.

АҚЫЛҒА СЫЙЫМСЫЗ 36 САҒАТ

Ақыл-ойы кеміс балаларға арналған интернат Атырауда 1993 жылдан бері жұмыс жасайды. Ашылған уақыттан бастап облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мекеме болды. Дегенмен, интернат тәрбиешілеріне барлық педагогикалық қызметкерлерге қойылатын талаптар қойылды. Олар үнемі аттестациядан өтіп, санаттар алды, ұзақтығы 56 күн болатын еңбек демалысына ие болды. Өте ауыр диагноздары бар балаларды оқытып, педагогикалық жұмыстар жүргізді. Қарапайым бала үшін оңай нәрсе ондағы тәрбиеленушілер – балалардың өздеріне, педагогқа қиынға түседі. Қазір қызметкерлердің апталық жүктемесі аптасына 18 сағатты құрайды. Әйтпесе, мұғалімге де, науқас сәбиге де қиын.

2009 жылы арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін жаңа стандарт шықты. Ең тәжірибелі тәрбиешілерді Алматыға оқуға жіберді. Олар қайта дайындау курстарынан өтіп, дефектолог мамандығы мен арнайы педагог куәлігін алып қайтты. Интернаттың өзінде түзету жұмыстарына арналған сыныптар ашылды. Алайда жаңа стандарт мұғалімдерге біліктілігін көтерумен бірге бас ауруын әкелді. Екі жылдан бері олардың мәртебесін көтеру және апталық жұмыс мөлшерін 36 сағатқа дейін көбейту туралы мәселе көтеріліп келеді.

- Бізде Аня есімді қыз бар. Мен онымен 2010 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Ол Даун сырқатына шалдыққан, - деп әңгімелейді Гүлсім Исмағұлова. – Бізге алғаш интернатқа келген кезде ол қолына жеңіл нәрсені де ұстай алмайтын. Моторикасы мүлдем дамымаған, бұлшық ет тонусы әлсіз, шүберек қуыршаққа ұқсайтын. Ешкімді, тіпті анасын да танымайтын. Аня ірі және орташа моншақтарды жіпке тізе алады. Театрландырылған қойылымдарға қуана қатысады, өз рөлдерін біледі. Ал анасы қызының мерекеде билегенін көргенде көзіне жас алған еді. Аня да оған жақындап барып, жылап жіберді. Біз үшін мұның қандай жеңіс екенін білсеңіздер ғой. Ақыл-ойы кем дамыған балалармен күні бойына жұмыс істеу – үлкен еңбек. Интернат қызметкерлері қарапайым нәрселерге - өзінікі мен бөгденікін ажыратуға, жанашырлыққа, өзіне қызмет көрсетуге және қоғамда өзін ұстауға үйретсе де, мұның өзі қарапайым балаларды оқытатын педагогтың жұмысынан да өзгеше, ауыр.

- Бұл күніне 7 сағаттан астам уақыт қой, мұндай салмақты мұғалім де, балалар да көтере алмайды. Тіпті қарапайым мектептерде сабақтар жарты күн болады. Кейбір балалар денсаулықтарына байланысты, әрі кеткенде, 25 минут оқи алады. Балалар мұғалімдерге түкіріп қоюы немесе ұрып жіберуі мүмкін. Бірнеше сағат бойына мұндай баланың назарын қалай аударып отыруға болады? Ал түстен кейін көпшілігі ұйықтайды, оларды ұйқыларынан оятып, ұйқылы-ояу күйде сабақ оқыту да ақылға сыйымсыз, - дейді дефектолог Гүлсім ИСМАҒҰЛОВА. – Біз 2009 жылы 8 шілдеде №333 ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген бағдарлама бойынша жұмыс істейміз. Бағдарлама Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мекемелеріне арналып жасалған және терең ақыл-ой кемшілігі бар балалармен жұмыс жасауға бағытталған. Онда зерттеу және түзету жұмыстарын қалай жүргізуге болатындығы көрсетілген. Тіл ұстарту және жазуды дамыту, еңбекке баулу, қоршаған дүниемен танысу және т.б. сияқты жекелеген сабақтар бар.

 

БІЗ - ПЕДАГОГПЫЗ!

Ұстаздар күні қарсаңында интернаттың кәсіподақ комитетінің төрайымы Алмагүл ЗАЛЖАНҚЫЗЫ жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына еңбегі сіңген педагогтарды марапаттау өтінішімен хат жолдаған. Басқарма бастығының міндетін атқарушы Серік Сапановтан бұл мекеменің қызметкерлерінің мәртебесі әзірге айқын анықталмағандықтан, оларды қазір марапаттауға ешқандай мүмкіндік жоқ екені, Әлеуметтік қызметкерлер күнін атап өту кезінде бұл ұсыныстың ескерілетіндігі жазылған жауап келіпті. Бұл интернат қызметкерлерінің шыдамдылықтарының шегіне жеткен: интернат әлеуметтік қамсыздандыру саласына жатады деп, оларды еңбекақыны көтеруде және мемлекеттік пәтерлерге қатысты мәселеде сырт айналып өтеді. Ал ұжымда өз меншігінде баспаналары жоқ және жалақыларының көп бөлігін пәтер жалдауға жұмсайтын қызметкерлер өте көп. Штатта 162 қызметкер бар, олардың арасында түрлі мамандар, соның ішінде 35 педагог: дефектологтар, логопедтер, еңбек пәні бойынша нұсқаушылар, дене шынықтыру және музыка пәнінің мұғалімдері бар. Осы жандар 19 жыл бойына Ұстаздар күнін тойлап келді. 4 қазанда олар өздерінің мәртебелерін педагогтар ретінде тануды талап етіп, сабақ өткізуден бас тартыпты.

 

КҮМӘНДІ ҚАМСЫЗДАНДЫРУ

Бұл наразылықты туындатып отырған жалғыз себеп емес. Интернат пен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшылығының үнемі ауысуы мекеменің жұмысына теріс ықпалын тигізіп отыр, мұның интернаттың материалдық-техникалық қамсыздандырылуына теріс әсер ететіндігі анық дейді қызметкерлер сеніммен.

- Балалардың дұрыс киімдері мен аяқ киімдері жоқ, қысы-жазы резіңке галошпен жүреді. Тендер ұтқан жеткізушілер әкелетін заттардың сапасы өте нашар әрі мөлшері сай емес – 52-мөлшерлі жейделер мен 42-ші көлемдегі аяқ киімдер. Мұның бәрін қысқартып, тәрбиеленушілеріміздің пішіндеріне сай етіп тігуге тура келеді. Олардың көпшілігінің денсаулықтары әлсіз болғандықтан, дене пішіндері де нәзік, - дейді дефектолог Гүлбану ЖЕЛЕКЕНОВА.– Балалардың ойыншықтары да өте аз. Жалпы гигиена құралдары, жасөспірім қыз балаларға арналған құралдар да жетіспейді. Барлық қажетті нәрселерді үйімізден әкелеміз. Бәрі де жоғарылатылған бағамен келетінін атап өткім келеді. Мен бізге 150 мың теңге тұратын арзан жабдықты орнатып, бірақ жөнелтпе құжаттарға миллион теңге деп көрсетілгенін әлденеше рет байқадым. Әрине, директордың орынбасары болып тұрған кезде мен мұндай жабдықты қабылдаудан және қабылдау актісіне қол қоюдан бас тарттым. Сол үшін менің лауазымымды төмендетті.

«Білім туралы» заңда білім берумен және тәрбие берумен айналысатын адамдар педагогтар деп саналады. Ақыл-ойы кеміс балалар қоғамымыздың бір бөлшегіне айналу үшін бар күштерімізді салып жатқан біз ғой, - дейді интернат қызметкерлері.

 

«БҰЛ САБАҚ ЕМЕС»

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серік САПАНОВТЫҢ бұл тұрғыда пікірі басқаша:

- Облыста мүгедек балаларға арналған бірнеше интернат бар, бірақ ондағы балалар өздерінің сырқаттарына қарамастан, мектеп бағдарламасын игере алады. Медициналық-әлеуметтік комиссияның шешімі бойынша, осы интернаттың балалары үйренбейтін санатқа жатады. Оларға баға қойылмайды, сыныптан сыныпқа ауыспайды. Барлық сабақтар қарапайым машықтарға үйретумен шектеледі. Интернат қызметкерлері жұмыс мөлшерінің көбеюіне қарсы болып отыр, өйткені бұлай жұмыс істеуге үйренбеген.

Ал қызметкерлер осы дауға нүкте қою үшін облыс әкіміне және облыстық прокуратураға ұжымдық хат жазыпты.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

10 қазан 2012, 16:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.