Атырау, 23 желтоқсан 19:05
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Баспана: коммуналдық және жалдамалы

5 734 просмотра

Редакцияға көпшілік жалға берілетін және коммуналдық баспанаға қатысты сұрақтармен жиі хабарласады. Қалалық тұрғын үй шаруашылық бөлімінде сол сауалдардың кейбіріне жауап алдық.

Жалға берілетін және коммуналдық тұрғын үй.  Жалпы ереже.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй оған мұқтаж, осы елді мекенде тұрақты тұратын (тұру мерзіміне қарамастан) және халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын табысы аз топтарына жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына беріледі.

1.ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына;

2. халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігіне;

3. жалғыз баспаналары ҚР заңнамаларымен тәртіп бойынша апатты деп танылған  азаматтарға.

 Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаж мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге және сайланбалы мемлекеттік қызмет атқаратын адамдарға беріледі. Оларға берілетін тұрғын үй, жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді қоспағанда, қызметтік тұрғын үйге теңестіріледі.

 Жалға берілетін және коммуналдық үйлердегі пәтерлер жалға алу келісім-шарты негізінде кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Жалға берілетін үйден пәтер алушы коммуналдық қызмет (сумен жабдықтау, газ, электр және жылу энергиясы) төлемдерінен басқа ай сайын тұрғын үйді жалға алғаны үшін ҚР үкіметінің қаулысымен белгіленген төлемақы төлейтін болады. Коммуналдық үйлерде тек коммуналдық қызмет үшін ғана төлемдер төленеді. 

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерлермен баспанаға мұқтаждар тізімінде және тіркелген азаматтар қамтамасыз етіледі.

– 2011-2012 жылдары коммуналдық және жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша қанша пәтер  салу жоспарланып отыр?

2011 жылы коммуналдық және жалға берілетін тұрғын үйден 1 000-нан аса пәтер беру көзделуде.

– Жалға алушылар төлемақыны қалай төлейді? Жалға берілетін тұрғын үй төлемақысы орташа алғанда айына қанша құрайды?

Жалға берілетін тұрғын үй ережесі ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңымен және ҚР үкіметінің қаулыларымен реттеледі. Жалға алу келісім-шарты бойынша жалға алушы ай сайын жалға алу төлемақысын төлейді. Жалға алу төлемақысы 1 шаршы метр үшін 33,64 теңге көлемінде деп белгіленген және оған пайдалану шығындары қосылады. Жалға алу төлемақысы жергілікті бюджетке түседі. Пайдалану шығындары «Үйге коммуналдық қызмет көрсету» КМК немесе ПИК есепшотына түседі.  

-Жалға берілетін және коммуналдық тұрғын үйді алға қарай сатып алу мүмкіндігі бола ма?

Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы үйлердегі үй-жайларды азаматтардың өз меншігіне сатып алуы, яғни, тұрғын үйді жекешелендіру ҚР заңнамаларына сәйкесті жүзеге асырылады.

– Коммуналдық және жалға берілетін тұрғын үйді алу жеңілдігіне қай санаттағылар қол жеткізе алады?

- ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңымен халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын топтары анықталған:  Халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын топтарына:

1.Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдар;

2.  І және ІІ топтағы мүгедектер (өздері жасаған қылмыс салдарынан мүгедек болған адамдарды қоспағанда);

3.  мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары;  заңдарда белгіленген тәртіппен бекітілетін аурулар тізімінде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;

4. жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

5. кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған жиырма үш жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзімді әскери қызметтен өту мерзіміне ұзартылады;

6. оралмандар;

7. экологиялық зілзалалар, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;

8. көп балалы отбасылар;

9. мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары;

10. толық емес отбасылар жатады.

Сондай-ақ, баспанаға мұқтаж мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері, әскери қызметкерлер және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқарған тұлғалар да ене алады.

- Коммуналдық және жалға берілетін  тұрғын үй кезегінде қанша адам тұр? Қай санаттағылар басым: бюджеттік қызметкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, әлде әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар ма?

- Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берілуге мұқтаждар есебінің тізімін былайша дара (бөлек) жүргізеді:

1. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;

2.  Әлеуметтік жағынан қорғалатын табысы аз азаматтар;

3. Мемлекеттік қызметкерлер, басқа да бюджеттік ұйымдар қызметкерлері мен әскери қызметкерлер;

4.ҚР заңнамаларымен жалғыз тұрғын үйлері апатты деп танылған азаматтар.

Барлығы төрт тізім бойынша 2011 жылдың 20 маусымындағы жағдайға қарағанда 8 397 отбасы кезекте тұр. Олардың ішінде бюджеттік мекеме қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлердің – 5 617 отбасы бар. Тамыз айында Нұрсая мөлтек ауданынан 200-ден аса пәтер тапсырылады деп күтілуде. Ол пәтерлердің барлығы да апатты үйлердің тұрғындары мен кезекте тұрғандарға, яғни, әлеуметтік жағынан қорғалатын отбасылар мен бюджеттік мекеме қызметкерлеріне арналған. 

Дайындаған  Сәуле ТАСБОЛАТОВА

14 шілде 2011, 21:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.