Атырау, 26 қараша 22:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Ереуілшілер штрейкбрехерлерге сес көрсетті

5 867 просмотра

«Өзенмұнайгаз» компаниясының мыңдаған жұмысшылары ереуілге шыққан Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы ахуал ушығып кетті. Демалыс күндері ереуілге шығушыларды полиция күштеп таратпақ болғаннан кейін, оларға қала тұрғындары да қосылды.

ЖҰМАДАҒЫ ОҚИҒАДАН СОҢ АЛАҢҒА МЫҢДАҒАН АДАМДАР ШЫҚТЫ

11 шілдеге қараған түні полиция «Өзенмұнайгаз» басқармасының ғимаратында пикетке шығып, аштық жариялаған 15 адамды мәжбүрлі түрде Жаңаөзендегі қалалық ауруханаға жеткізген. «АЖ» тілшісіне ереуілге шыққан мұнайшылардың хабарлауынша, таңертең ертемен аштық жариялаған бірнеше жұмысшылар, соның ішінде ереуіл белсендісі Наталья ӘЖІҒАЛИЕВА полиция күзетке алған ауруханадан сытылып шығыпты.

- Біздің көшбасшымыз Наталья Әжіғалиеваға қарсы арандатушылық әрекет ұйымдастырылып жатқаны белгілі болды. Оны әлеуметтік араздықты қоздырды деп қамауға алуы мүмкін. Біз оны аурухананың сыртқы есігі арқылы шығарып алдық. Қазір ол қауіпсіз жерде, - деп хабарлады телефон арқылы фамилиясын атамауды өтінген наразылық акциясы белсендісінің бірі ЖАНДАРБЕК.

Өткен жұма күні, 9 шілдеде қой сойып, құдайы садақа берген мұнайшыларды қуып таратқаннан кейін, ереуілге шығушылардың саны күрт көбейіп кеткен. Үш тәуліктен бері күн сайын мыңдаған адам Жаңаөзен қалалық әкімдігі ғимаратының қарсысындағы Тәуелсіздік алаңына жиналуда.

- Қазір, 11 шілдеде бұл жерге бес мыңдай адам жиналды. Бұлардың ішінде «Өзенмұнайгаз» жұмысшылары, олардың отбасылары, қолдау көрсеткен қала тұрғындары, зейнеткерлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері бар.  Бүгін әкімдікке екі делегация жібердік. Олар - Ауған соғысына қатысқан жауынгерлер мен аналар тобы. Олардың ереуілге шыққандарға күш қолданбаса екен деген бір ғана өтініштері бар, - деп хабарлады Тәуелсіздік алаңынан «АЖ» тілшісіне телефон арқылы хабарласқан наразы болған мұнайшылар.

Жандарбектің айтуынша, Жаңаөзенде адамдарды қуып тарату үшін билік БТР көліктері мен арнайы техникаларды жұмылдырған.

- Алаңда әзірге арнайы жасақ көрінбейді. Тек полицейлер ғана әкімдік маңын қоршап алған. Жақын маңда ОМОН жасағы жүр деседі. Полицейлердің ішінде қарапайым халыққа тілеулес адамдар да бар. Олардың бәрі де өзіміздің, осы жердің адамдары ғой. Арнайы жасақтар ет салынған қазандарды төңкеріп, садақа беріп отырған мұнайшыларды ұрып-соғып жатқан кезде полицей формасын киген бір жігіт жылап жіберді, - деп әңгімелейді Жандарбек.

Ал Жаңаөзен қаласының ішкі істер басқармасындағылар қандай да болмасын түсінік беруден бас тартты.

- Басшылықтың қолы бос емес, ешқандай түсінік берілмейді, - деп хабарлады полицияның қабылдау бөліміндегілер.

 

«ЕРЕУІЛШІЛЕР АХУАЛДЫ ТҰРАҚСЫЗДАНДЫРҒЫСЫ КЕЛЕДІ»

Ал Жаңаөзен қаласының әкімдігіндегілер наразы болған мұнайшыларды ешқандай да күштеп тарату болған жоқ деп растап отыр.

- Наразылық акциясы өтіп жатқан “Өзенмұнайгаз” ӨФ-нің УОС-5 мекемесінің аумағында ешқандай да ұрып-соғу, адамдарды  қуу әрекеті болған жоқ. 8 шілдеде қала әкімінің, прокурордың, ҰҚКД бөлім бастығының және Жаңаөзен қаласының ІІБ бастығының атына «Өзенмұнайгаз» басшылығынан хат келіп түсті. Хатта заңсыз наразылық акциясына қатысты қолданыстағы заң талаптарына сәйкес іс-әрекет шараларын алу туралы және кенішке аттанатын УОС-5 паркінің қалыпты жұмыс жасауына жағдай жасау туралы өтініш айтылған. Көлік парктен еш кедергісіз шығуы үшін наразылық акциясына қатысушылар бар болғаны өндірістік нысандардан алыстатылды, - деп хабарлады телефон арқылы Жаңаөзен қаласы әкімінің кеңесшісі Айнаш ТІЛЕКҚАБЫЛОВА.

Оның пікірінше, қазір Жаңаөзенде ереуілшілер ахуалды тұрақсыздандыруға тырысып бағуда екен.

- Бізге жұмысқа шығып жүрген «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының аналары мен әйелдері үнемі хабарласып тұрады. Олар наразылық акциясына қатысушылар тарапынан қоқан-лоққылар мен қысымдар жасалып жатқанына шағымданады. Мәселен, бір ана келіп, баласының отбасындағы жалғыз асыраушы екенін айтты. Оны ереуілге шығушы әріптестері қорқытып, егер вахтаға шықса, оған жақсы болмайтынын айтып сес көрсеткен. Ал егер ол жігітті жұмыстан шығарып жіберсе, оның отбасын кім асырайды? – дейді Айнаш Тілекқабылова. Оның айтуынша, әкімдікке бүгін балабақшалардың бірінің қызметкерлері келіп, митингке шығу туралы өтініш білдірген.

- Заңсыз наразылық акциясына қатыспаған «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларына арнайы киім беру кезінде белгісіз біреулер әйелдердің іш киімі мен төс тартқыштарын лақтырып, сол арқылы олар өздерін еркектерше ұстамай отыр дегенді меңзеген фактілер де болған. Тіпті мұнайшылар бюджеттік мекемелерді аралап, адамдарды алаңға шығуға үгіттейтін жағдайға жеткен. Жаңаөзенде ереуілшілердің қандай үнпарақтар таратып жүргендерін қараңызшы (суретте). Бұл еңбек дауының шешімі емес, бұл аймақтағы ахуалды тұрақсыздандыру әрекеті, - дейді қала әкімінің кеңесшісі. 

 

“ПЕРІШТЕЛЕРДІҢ” ҚОҚАН-ЛОҚЫСЫ

11 шілдеде «Қаражамбасмұнай» компаниясы ереуілшілердің штрейкбрехерлерге қоқан-лоққы көрсеткені туралы ақпаратты таратты. Естеріңізге салар болсақ, «Қаражамбасмұнай» компаниясы жұмысшыларының бір бөлігі екі айдан бері Ақтауда наразылық акциясын өткізуде. Олар әлеуметтік араздықты қоздырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, екі айға қамауға алынған тәуелсіз кәсіподақ заңгері Наталья Соколованы босатуды талап етуде.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өңдеу» компаниясының баспасөз қызметі баспасөз хабарламасын таратқан. Онда «Қаражамбасмұнай» компаниясына қызмет көрсететін «АрғымақТрансСервис» сервистік фирмасының операторы Қайрат Аймекеновтің көлікжайы өртелгені хабарланған.

«11 шілде күні таңертең белгісіз біреулер тұтанғыш қоспа (Молотов коктейлі) құйылған екі бөтелкені көлікжайға тастаған. Жалын бүкіл көлікжайды қамтыпты, бірақ қожайыны көлігінен шығарып үлгерген. Содан кейін өрт сөндірушілер келіп, өртті сөндірген. Осы оқиғаға дейін оған бірнеше рет ұялы телефонына жасырын нөмірден қоңырау шалып, жұмысын тоқтатпаса және ереуілге шықпаса, жақсы болмайды деп қоқан-лоққы жасаған», - делінген баспасөз хабарламасында.

Мұнайшының өзі отбасы үшін алаңдап, жұмысқа шыға алмаған. Бұл туралы өзінің жұмыс берушісіне хабарлаған. Ол полицияға арыз жазып, қазір тергеу жүргізілуде.

Бұдан басқа, «АЖ» тілшісіне соңғы кездері наразылық акциясына қатыспаған «Өзенмұнайгаз» бен «Қаражамбасмұнай» компанияларының жұмысшыларына жұмысқа шықпау жөнінде ескертілген және қоқан-лоққы жасалған СМС-хабарламалар көп келетіндігі белгілі болды.

- Жұмысынан айырылғысы келмейтін және ереуілге қатыспайтын танысыма осындай СМС-ескертпелердің бірнешеуі келгеннен кейін, түнде үйінің ауласында белгісіз біреулер көр қазып, оған оның фамилиясы жазылған тақтайшаны қадап қойған екен, - деп әңгімеледі фамилиясын атамауды өтінген «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының бірі телефон арқылы.

Наразылық күннен күнге күшеюде.

Азамат МАЙТАНОВ

Сурет С. Тойкендікі

Жасырын "періштелердің" атынан таратылған үнпарақ

14 шілде 2011, 00:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.