Облыстық балалар ауруханасынан ем алғаннан кейін мүгедек болып қалған кішкентай Асхат САЛАУАТОВТЫҢ (суретте) анасы кезінде Атырау қалалық сотында азаматтық істі жеңіп шыққан еді, ал қазір кінәлілердің қылмыстық жазаларын тартуына қол жеткізбек. Оның үстіне, баласы – осы аурухана медиктерінің әрекетінен зардап шеккен жалғыз бала емес.
КӨШІРМЕНІ АУЫСТЫРЫП ТАСТАДЫ
Біздің газетіміз бұл қайғылы жағдай жайында жазған болатын. 2012 жылдың қаңтарында сол кезде бір жастағы Асхат облыстық балалар ауруханасына «оң жақ жақасты аденофлегмона» деген диагнозбен түскен. Балаға үш мәрте ота жасалады. Бірінші отадан кейін ол жүре алмай қалады, бірақ ата-аналарының шағымына қарамастан, үшінші отадан кейін оны үйіне шығарып жібереді. Алаң болған анасы Нұржамал САЛАУАТОВА ресейлік мамандарға жүгінген. Олар «оң жақ құйымшақ жүйкесінің зақымнан кейінгі (инъекциялық) нейропатиясы» деген диагноз қойды. Яғни, баланың бұлшықет астына дәрі егу кезінде жүйкесіне тиіп кеткен. Қалалық соттың шешімімен жауапкерлер (аурухана мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы) отбасына материалдық және моралдық зиян ретінде 1,7 млн теңге төледі («Қателігі үшін жауап береді»).
– Бірақ мәселе, әрине, ақшада емес. Мен баламды мүгедек қылған медиктердің қылмыстық жаза тартуына қол жеткізбекпін. Бізді ештеңе болмағандай шығарып жіберді, ал содан кейін біреу сырқатнама көшірмесін ауыстырып тастаған. Көшірмесі өзімде сақталған бірінші көшірмедегі ұсынымда невропатологтың бақылауы көрсетілген. Содан кейін бұл көшірме жоғалған. Ал медициналық кәртішкеде бұл тармағы жазылмаған жаңасы пайда болды. Құдды, біз ештеңеге шағымданбаған сияқтымыз және әрі қарай басқа мамандарға жүгінетіндей еш себеп жоқ секілді, – дейді Н. Салауатова. – Осынау сор боп жабысқан ине мен одан кейінгі «ем» баланың денсаулығына зиян келтірді. Асхат балабақшаға бара алмайды, оның иммунитеті әлсіреген, тәбеті жоқ, үнемі ауырып қала береді. Енді бір аяғы қысқалау болып қалды, тегіс жерде тұрып құлай береді, аяқтары көкала. Сәби әлі күнге дейін дұрыс сөйлей алмайды, бұл оның басынан өткерген жайттың салдары екендігіне сенімдімін.
Сол кесірлі күннен бастап ата-анасы Асхатты Астанадағы Ана мен бала орталығына екі мәрте, содан кейін оңалту орталығына емге апарды. Осыдан кейін бір жыл ешқайда шықпады, бүкіл медициналық құжаттардың түпнұсқаларын Нұржамал кәмелетке толмаған сәбидің денсаулығына нұқсан келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс жүргізетін тергеушіге берді.
Адвокат Гүлсім САБИРОВАНЫҢ айтуынша, материал 2012 жылдың 8 қыркүйегінде Атырау облыстық ІІД-нің арыз-шағымдарды есепке алу кітабына №3127 болып тіркелген. 2013 жылдың наурызында осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ содан бері ешқандай қозғалыс болған жоқ. Адвокат әлденеше рет ІІД-ге, қалалық және облыстық прокуратураға өтінішхат жолдады. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарына сәйкес қылмыстық істердің тергелу уақыты бойынша тексеру жүргізуді өтінді. Баланың ата-анасы өз тарапынан Бас прокурор А.Дауылбаевтың атына арыз жазды. Еш нәтиже болмады.
ТАҒДЫРЛАС ҚҰРБЫЛАР
Ал тергеу ісі сол уақытта жаңа сараптамалар тағайындайды, олар бірнешеу болған еді. Соңғысы «Сот медицина орталығы» РМҚК Ақтөбе филиалында жүргізілді. Алайда тергеуші тағы бір сараптама жүргізу қажет деп есептеді.
– Мен ақтөбеліктердің қорытындысымен таныстым және оны істің шынайы көрінісін анықтау үшін жеткілікті деп есептеймін. Соған байланысты мен қосымша сараптама тағайындамау және осылайша іс өндірісін созбау туралы өтінішхат жаздым, - дейді Гүлсім Сабирова.
Тергеу барысында Нұржамал Салауатова облыстық балалар ауруханасында емделу нәтижесінде балалары зардап шеккен екі анамен танысты. Ганюшкиндік Жазира МАРДАНОВАНЫҢ ұлы Ахмедиярдың тізесі ісе бастаған. Олар Астраханға анализ тапсырып, сол жерде оған алдын ала «ошақты белсенді туберкулез» деген диагноз қойыпты. Ресейден оралған кезде баланың жағдайы нашарлап, жергілікті медиктер оны облыстық балалар ауруханасына жіберген.
– Хирург тіпті оның медициналық кәртішкесін ашып та қарамады. Бірден менің келісімімсіз пункция жасады. Ұлымның аяғы қурап қалғандай болды. Бір кездері қолды-аяққа тұрмайтын бала бөгде адамның көмегінсіз қозғала алмайтын дәрменсіз мүгедекке айналды. Ол жасөспірім жасқа жетіп қалды, өзін бағып-қағатыныма ұялатын болған, - дейді Жазира Марданова.
Индерборлық Райхан АБЕТОВАНЫҢ ұлы бір жыл бұрын қайтыс болған, оның жасы небәрі 10-да болған екен.
– Дәулет байқаусызда құлап, қатты соғылды. Оны облыстық балалар ауруханасына апарған еді, бірақ ол жердегілер ұлым Дәулетке уақытында көмек көрсетпеді. Мен ұлымнан айырылдым, оны аман алып қалуға болатын еді, - дейді Райхан күйінішпен.
Екі әйел де облыстық ІІД-ге арыз берген.
«ТҮСІНІКСІЗ БОЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ»
Біз ІІД бастығы А.ЖАЛМҰХАНБЕТОВТІҢ атына осы іске комментарий беріп, атап айтқанда, Салауатовтар ісін тергеудің неге осыншама ұзаққа созылғанын және неліктен тергеу ісінің «Сот медицина орталығы» РМҚК Ақтөбе филиалы жүргізген сараптама қорытындысына қанағаттанбағанына жауап беру өтінішімен сауал жолдадық. ІІД бастығының орынбасары Б.АЙМУРЗИННІҢ қолы қойылған жауапқа сәйкес, Асхат Салауатовтың ісі бойынша қайтадан Астанада «Сот сараптама орталығы» РМҚК-де жаңа кешенді сот-медициналық сараптама тағайындалды. Ақтөбеде өткізілген сараптама қорытындылары «түсініксіз» болуына байланысты қылмыстық қудалау органын қанағаттандырмады.
Ж.Марданованың арызы бойынша қозғалған қылмыстық істің аясында сырқат себебін, ауырлық деңгейін және салдарын анықтау мақсатында комиссиялық сот-медицина сараптамасы тағайындалды. Кәмелетке толмаған Дәулет Өтебаевтың өлу фактісі бойынша алынған зақым ауырлығын анықтау үшін қосымша сараптама тағайындалды. «Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді».
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор