Атырау, 11 қараша 02:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Театр маусымы аяқталды

4 514 просмотра

5-маусым күні Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында маусымның жабылуында Өзбекстан драматургі Саид Ахмадтың «Супер келін» спектаклі сахналанды. Алғашында театр маусымын еліміздің бағына біткен қаламгер Қадыр Мырзаәлінің «Жаралы жолбарыс» спектаклімен аяқтау жоспарланған болатын. Кейін тарихи драма көрерменге ауырлау болады деді ме екен, репертуарға комедиялық спектакльді таңдапты.

Ал «Супер келінге» келсек, естеріңізде болса, оны Атыраудың театр сахнасына алып келген  оралдық режиссер Мұхан Томанов болатын. Дәл осы спектакль көрерменді де көптеп жинаған еді. Өнерсүйер халық бастапқыда билет таппай әлек болған. Өкінішке қарай, театр маусымының соңғы күнінде де халық әртістермен қауышуға, олардың ойынын тамашалауға келгендер көп болар деп ойлаған біз қателесіппіз. Себебі, залға жиналғандар аз болды. Зал орындарының тең жартысынан астамы бос қалды. Есесіне, жиналған көрерменнің көңілі көтеріңкі болып үйлеріне қайтты. Спектакльдегі күлкіге толы көріністер күлдірмей қоймады.

Айтпақшы, бұл қойылым еліміздің бас театр сыншысы Әшірбек Сығайдың сын садағына да іліккен-ді. Бұл спектакльдің мазмұны көрермен жүрегінен орын тапқанымен, оның ішінде музыка мен би көп орын алған, сәл қысқарту керек, деді сыншы. Айтылған сыннан соң, спектакльге көрінер-көрінбес өзгерістер енгізілгендігі де байқалды.

Бұл спектакльдің өміршеңдігі сол – шынайы өмірге жақындылығы, өзектілігі. Ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынас. Үлкен шаңыраққа жаңа түскен ерке келін көптеген сыннан өтіп, соңында енесіне супер келін етіп тәрбиелегеніне алғысын айтады.

Ененің рөлін сомдаған актриса Әдемі Ділханова Фармонбибіні керемет ойнап шықты. Ол бұрын да айтылғандай, осы рөлді әуелден бері сомдауды қалап жүрді. Әдемі апай бір кездері Қарақалпақстанда да тұрған, сол жерде өнер саласында жұмыс істеген. Ал кіші келін Ниагараның рөлін жас актриса Нұргүл Шманова сомдады. Нұргүл оқуын биыл ғана бітіргеніне қарамастан, бірнеше басты рөлдерді сомдап үлгеріпті. Оның алар асуы әлі де алда. Себебі, қазірдің өзінде әріптестері ол жайында жақсы баға беруде. 

Театр әртістері енді өз көрермендерімен екі айдан соң, яғни, күзде қауышатын болады.  

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

7 шілде 2011, 16:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.