Атырау, 27 қараша 11:52
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қоқыс төгу орны мен технопаркті қаладан алыстату керек

2 857 просмотра

24 шілдеде облыстық әкімдікте 2030 жылға дейінгі Атырау қаласы құрылысының бас жоспарын әзірлеу аясында қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау жобасы талқыланды.

«Казгипроград-1» жобалау институтының өкілі Жанна ЗАРИДЗЕ өз баяндамасында осы мәселеге алаңдаушылық білдірді.

- Қаланың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары атмосфераға жылына 40 мың тоннадан аса зиянды заттар лақтырады. Бұл лақтырындылардың үлкен бөлігі «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы (29%), «АМӨЗ» ЖШС (27,7%), «Арнайыавтобаза» КМК қоқыс полигоны (18%), «АЖЭО» АҚ (13,8%) кәсіпорындарының еншісінде. Атырау қаласы ауасын ластайтын негізгі зиянды заттарға азот қышқылы, күкіртсутегі, метан, көмірсутегілер мен табиғи меркаптандардың қоспасы, қорғасын және оның қоспалары, фенол аммиак жатады.

Бас жоспарда экология департаментінің «Каспийпромстройнедвижимость» ЖШС және «Ақжайық-7» ЖШС-тің шаю станциясын қала шетінен 12 шақырым жердегі Қарабатанға баратын жолдағы жаңа өнеркәсіптік алаңға көшіру туралы ұсынысы ескерілген. «ҚазТрансОйл» АҚ АМБ-ның Қасымов атындағы мұнай айдау станциясындағы мұнай құю және ағызу эстакадалары атмосфераға күкіртсутегінің шығуына жол бермеуге арналған арнайы газ жинағыш жүйелермен жабдықталуы тиіс.

Ж. Заридзенің айтуынша, қалаға экологиялық қауіп төндіріп тұрған нысандардың бірі – қоқыс полигоны. Жобалаушылар полигонды жауып, көміп, жаңа қоқыс төгетін орынды қаладан 15 шақырым жердегі Махамбет ауданының аумағынан салу керек және сол жерде қоқыс өңдейтін өндіріс ұйымдастыру қажет деп ұсыныс жасады.

Сонымен қатар, Бас жоспардың талқылауға түсетін жобасына Ұлттық мұнай-химиялық технопаркіне бөлінген жерлерді ауыстыру туралы тармақ енгізілді. Қазір бұл жерлер АМӨЗ-дің оңтүстігіне қарай жатыр, ал отырыста технопарк құрылысын Қарабатан маңына көшіру ұсынылды.

- Жердің топырақ қабаты қоршаған орта ахуалының индикаторы сияқты. Топырақтың жағдайына бақылауды «Қазгидромет» РМК жүргізеді. Олардың деректері бойынша, Атырау қаласы топырағы құрамындағы ауыр темірлер (қорғасын, мыс, мырыш) мөлшері норма шегінде тұр, өткен жылдың күзінде шамалы арту жағдайлары тіркелген, - дейді Ж. Заридзе. – Алайда 2010-2012 жылдарда Қазгидрометпен бірге облыста экологиялық зерттеу жасауға аккредитацияланған басқа да түрлі ұйымдар топырақ жағдайымен айналысқанда, қорғасын, хром, мырыш және мыс бойынша рұқсат етілген шоғырланудан арту фактілерін анықтаған. Бұл деректер негізінен Химпоселок, ЖЭО және теміржол вокзалы аумағында тіркелген.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

28 шілде 2014, 10:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.