Аптап ыстықта құрғақшылықпен арпалысқан малшы ауылдың тағы бір қырсығы – қасқыр. Соңғы жылдары бөрінің шектен тыс көбейіп кеткені ауыл тұрғындары мен жеке қожалық иелеріне қатты қиындық көсетіп тұр.
Малшылардың айтуынша, түз тағысы жайлаудағы тек ұсақ малды ғана емес, жылқы, түйелерді жарып кетіп жатыр екен. Биыл қыста адамға шауып, ажалына себепші болғаны да белгілі. Осыған байланысты, облыс басшылығының тапсырмасымен аңшылар тобы құрылып, маусым-тамыз айлары аралығында барлық ауданның елді мекендерінде қасқыр аулау маусымы басталды. Аңшылар тобының жетекшісі Алпысбай ҚҰЛПЕЙІСОВТІҢ айтуынша, жаздың осы ыстық уақыты - қасқыр аулауға ең қолайлы кез. Өйткені, бұл кезде бөлтіріктеріне азық табу үшін түн жортқан бөрі күндіз шаршап, жерді үңгіп алып, қатты ұйықтайды. Сондай-ақ, бұл кезде бөлтіріктері де бір-бірінен ажырамай, бірге жүреді.
- Қасқырдай өжет, ақылды, айлалы аң жоқ. Басқа аңнан айырмашылығы – олар қанша жаны қиналса да, қыңсыламайды, ызалы дыбыс шығарып қана қояды. Жараланса, өзіңе шабады. Қақпанға түссе, шайнап, өз аяғын өзі үзіп, қақпанға қалдырып жүре береді, - дейді Алпысбай Құлпейісов. - Сондықтан да қақпанға шынжырлы зәкір байлаймыз. Ол қасқырдың сүйреген жеріне із қалдырады. Қасқыр апанын тауып алып, бөлтіріктерін көріп, оларды сол күні алмасаңыз, ертесіне орнын сипап қаласыз. Анасы басқа жерге көшіріп алып кетеді. Қасқырлардың мінезі адамдар сияқты әр алуан. Егер бөлтіріктеріне зиян келтірсең, кейбірі малыңа қырғидай тиіп, кек алуды ойласа, кейбірі көзге көрінбей алысқа кетіп қалады. Түз тағысының тағы бір қасиеті – егер аналық қасқыр жазым болса, жетім бөлтіріктерді басқа қасқыр өз күшіктерімен бірге бауырына басып, асырайды екен. Сонымен қатар, түз тағысының иіс сезгіштігі, қырағылығы мен саққұлақтығы аңыз болған.
Аңшылардың айтуынша, түз тағысымен күресуді тоқтатпау керек. Оның санын өсірмей реттеп, кезеңдермен көзін жойып отырған дұрыс. Қасқыр - өте өсімтал аң, бір күшіктегенде 12 басқа дейін туады екен.
- Біздер жазда ыссылықты пайдаланып, жаяу жүріп аулаймыз. Қалың шөп арасынан із шығарамыз, одан ол мал ізіне араласып кетеді, ең қиыны - мал ізінен қасқырдың ізін алып шығу. Бұл шөп арасынан ине іздегендей қиын десем, артық айтпаған болармын. Кей уақыттары із кесіп, 20-25 шақырым жаяу жүретін кездеріміз де болады. Көлікпен шықсаң, қасқырды үркітіп аласың, - аңшы Бауыржан ЖИЕНБАЕВ.
Осындай қиыншылықпен ауланған қасқыр терісін тиісті органға тапсыру бұдан да қиын. Әкеліп тұрған терінің басқа аңдікі емес, қасқырдыкі екенін дәлелдеуі керек. Түз тағысын қолға түсірем деп екі-үш күн ен даланы кезген аңшылар олардың терісін өткізу үшін мал дәрігерлік анықтама алуға қалалық ветеринария бөлімінде де сонша уақыттарын жояды екен.
Аңшылардың айтуынша, жаңа ережеге сәйкес, теріге мал дәрігерлік анықтаманы қасқыр аулаған аудандағы мал дәрігерлік бөлімнен алулары керек. Ал, бұл қалада тұратын аңшылар үшін тиімсіз. Өйткені, дала кезіп, қасқырды ұстағанша кеш болып, мемлекеттік органдар жауып кетеді де, тағы бір түн далада қонуға тура келеді.
Қайырбек САНСЫЗБАЕВ