Атырау, 23 желтоқсан 23:07
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Ереуілдеткен мұнайшылар Стингке дән риза

2 536 просмотра

Әйгілі британдық әнші Стинг шілденің 4-і күні Астанада концерт беруі тиіс еді.  Шілденің 3-і күні әншінің вебсайтында оның мәлімдемесі жарияланды. Онда әнші Қазақстанның мұнай-газ саласындағы «құқықтары тапталып жатқан» жұмысшылар ереуіліне қолдау көрсету белгісі ретінде Астанада  жоспарланған концертінен бас тартатынын айтады. Оның бұл шешімін Amnesty International халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы қолдаған.

Дегенмен Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты әншіні «ұйымдастыру-техникалық себептерге байланысты» келе алмайды деген ақпарат таратып отыр.

Бір айта кететіні, Стинг 2009 жылғы қараша айында Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнора Каримованың шақыруымен  Ташкентте концерт берген еді. Бұл қадамы үшін ол  адам құқын қорғаушылар тарапына сынға қалған болатын. The Guardian газеті болса Өзбекстан президентінің қызы сол кездегі   Стингтің Ташкентке баруы үшін  2 миллион фунт стерлинг төлегендігін жазған еді.

Ереуілдетіп жатқан мұнайшылар  Стингтің  шешімінің  көңілдеріне үміт отын ұялатқанын айтады.
- Алты қырдың астындағы ағылшын әншісінің «мұнайшылар біздің қолдауымызға мұқтаж, азаматтарыңды аяққа баспаңдар» деуі жүрегімізге жылу ұялатты. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген бар. Президентіміздің билігін жүргізіп, қара халқын қорғай алмағанына ренішті болдық. Енді міне, масқара болып, жұрттан көмек күтіп отырмыз. Билік  басындағылардың қарапайым азаматтарды адам қатарына санамауы - шірік көкіректік, - деді «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы операторы Арыстан ЖАРЫЛҒАСОВ.
Ал аты-жөнін айтпаған тағы бір мұнайшы «қазақ әртістері Стинг құрлы болмады, олардікі - тарысы бардың тауығы болып күнелту» деді.
Сәния ТОЙКЕН

7 шілде 2011, 18:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.