Қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ балабақша директорларымен кездесті.
Әкім сөзін балабақшаларды аралау кезінде көрген кемшіліктерді санамалаудан бастады.
– №48 балабақшада кереуеттер арасындағы қашықтық нормативке сай келмейді, №30 балабақшада балалар ойын бөлмесінде ұйықтайды, №20 балабақшада беседкалар ескі, шатырдағы шифер көп ұзамай балалардың бастарына түсіп кетуі мүмкін, №15 балабақшада – құм төбешіктерде құм жоқ, ойын алаңдары ескі...
Артқы орындардан айқайлаған дауыстар анық естілді:
– Норма бойынша топта 25 баладан артық болмау керек, ал іс жүзінде 60-қа дейін жетеді. Бұл туралы қалалық білім беру бөліміне қанша рет жазуға болады? Ақыр аяғында директорларды кінәлі етіп шығарады...
Қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Темірбек МҰСАҒАЛИЕВ балабақша басшыларын қырағы болуға шақырды.
– Қазір Атырауда балалардың ішек таяқшасымен сырқаттануы артып кетті. Ауру жұқтырғандардың 70 пайызы үш жасқа дейінгі балалар. Ауруханаларға нитраттан уланған балалар түсе бастады. сіздерге нитрат өлшегіш сатып алу керек. Оны қолдану өте оңай. Жаңа ереже бойынша балабақшаларды біз жылына бір рет тексереміз. Сондықтан егер балабақшада жұқпалы ауру лап етсе, жауапкершілік сіздерде болады.
Содан соң қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жанболат СҰЛТАНҒАЛИЕВ баяндама жасады:
– Атыраудағы мектепке дейінгі 47 мекемеде 13 034 бала, шағын орталықтарда – 1 609 бала тәрбиеленуде, мектепке дейінгі 190 дайындық топтарына 4 311 бала барады. Ал қалада балабақша жасындағы 35 436 бала бар. Өздеріңіз көріп отырсыздар, жартысынан сәл астамы балабақша орындарына қол жеткізген. Кезекте 9 279бала тұр. Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы басталғалы бері үш жыл ішінде қалада жеті балабақша мен оған жалғанған 2 835 орындық 12 жалғама пайдалануға берілсе де, осылай болып отыр.
Бүгінде қаладағы балабақшаларға 50-ден астам дипломы бар мамандар қажет. Мәселен, №5 балабақшаға қазақ тобының тәрбиешісі керек; №18 балабақшаға хореограф, музыка жетекшісі, ағылшын тілін оқытатын маман; №19 – орыс тобының тәрбиешісі, музыка жетекшісі; №24 – орыс тобы тәрбиешісінің көмекшісі; №16 – орыс тобының тәрбиешісі; №48 – орыс тобының тәрбиешісі; №31 – орыс тобының тәрбиешісі; №43 – тәрбиеші, дене тәрбиесі маманы; №1 АДГ – орыс тобының тәрбиешісі, дене тәрбиесі маманы, музыка жетекшісі, т.б. керек. Ж.Сұлтанғалиев хабарлағандай, қазір өңірден тысқары жерлерден де мамандар іздестірілуде.
Кездесу соңында қала әкімінің орынбасары Гүлмира ШӘКІРОВА сөз алды:
– Балабақшаларға кезекке тұру проблемасын бұл процесске жеке бақшаларды кеңінен тартпайынша шеше алмаймыз. Ата-аналар балабақшаларға бармайды, өйткені ол жердегі тарифтер жоғары. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында балабақшалардың жартысы жеке. Жеке бақшалардың қызметі үшін төлемақының жартысы мемлекеттік субсидия түрінде өтеледі. Ал атыраулық жеке балабақшалар қағаздар мен тексерулер көп болады деп, субсидиялармен байланысқысы келмейді...
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ