Атырау, 23 желтоқсан 23:00
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Шұбаршиде полицейлерді өлтіргендермен атыс кезінде тағы бір сарбаз оққа ұшты

3 800 просмотра

Полицейлер оққа ұшқан жер. Ақтөбе облысындағы Шұбарши ауылы, 1 шілде 2011 жыл

Полиция Темір ауданында полиция қызметкерлерін атып кеткендердің кім екенін анықтадық деп мәлімдеді. Жексенбі күні жалғасқан атыс кезінде Руслан Жолдыбаев есімді арнайы жасақ сарбазы мерт болған.


Билік шабуыл жасағандарды ұстауға жәрдем берген жанға 100 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындады.

Азаттық радиосы осыған дейін шілденің біріне қараған түнде Ақтөбе облысындағы Шұбарши ауылында Темір аудандық ішкі істер бөлімінің патрулдік-күзет қызметінің екі полицейі Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаевты белгісіз біреулердің атып кеткенін хабарлаған еді. Шабуыл жасағандар «Мицубиси делика» көлігіне мінген бойы ғайып болған.

«УАХХАБИТ ПЕ, ЖОҚ ПА, ӘЗІРШЕ АНЫҚТАП ЖАТЫРМЫЗ»

Шілденің 3-і, жексенбі күні Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінде баспасөз хатшысы Алмат Иманғалиев брифинг өткізді.

Бұл – Темір ауданында шабуыл жасағандарды ұстау бойынша кең көлемді операция басталғалы бері ішкі істер өкілінің бірінші мәрте көпшілікке ақпарат беруі еді.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша шабуылдаушыларды қолға түсіру әрекеті кезінде қарумен атысқан дыбыстар естілген, әскери техника жолдарды жауып, аспанда тікұшақтар пайда болған. Бірден сол жердің халқы «уаххабит» деп атайтын консервативті діншіл топ билікке өздерін қудалағаны үшін жауап қайырды деген сөз тараған. Ақтөбе облысында, Батыс Қазақстан аймағының басқа тұстарындағыдай, ресми мешіттердің ұстанымын қолдамайтын мұсылмандар жеке топ ретінде діни жоралғыларын жеке жасауға бейім.

Сол себепті де журналистер билік өкілдерінің шабуыл ұйымдастырғандарды қалай сипаттайтынын білгісі келген. Бірақ, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз-хатшысы Алмат Иманғалиев бұл топқа әзірше ешқандай атау берілмегенін айтты.

- Бұлар уаххабиттер ме, жоқ па, ол жағы анықталып жатыр. Тергеу шаралары жүріп жатыр. Бірнеше тергеу тобы құрылды. Біз бұрындары дәл осы ауданда уаххабиттік ағымды талқандағанбыз, - деді ол.

ОҚҚА ҰШҚАН АРНАЙЫ ЖАСАҚ САРБАЗЫ

Алмат Иманғалиевтің хабарлауынша, шабуылдаушылар автокөліктерін Шұбарши ауылының маңына тастап кеткен. Шабуыл жасағандарды ұстауға ішкі әскердің 6655 әскери бөлім солдаттары, ішкі істер министрлігінің «Сұнқар» мен «Бүркіт» атты екі арнайы жасағы және ақтөбелік «Арлан» мен «СОБР» атты арнайы жасақтар жұмылдырылған. Операция кезінде әскер үш Ми-8 тікұшағы мен АН-2 ұшағын қолданып жатыр. Екі полиция қызметкері оққа ұшқан соң таң ата шілденің бірі броньдалған техника мен солдаттар Шұбарши ауылына жеткен.

Азаттық радиосы Шұбарши ауылының тұрғындары Қостан орманында атыс жүріп жатқаны туралы айтқанын хабарлаған еді. Шұбарши аулының маңында ұрыс қимылдары басталған. Шілденің 3-і, жексенбі күні қылмыскерлерді ұстау операциясы кезінде Руслан Жолдыбаев есімді арнайы жасақ сарбазының мерт болғаны анықталды.

- Өкінішке қарай, біз де шығынға ұшырадық, - деді Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз-хатшысы Алмат Иманғалиев, - аса қауіпті қылмыскерлермен атыс кезінде арнайы жасақ сарбазы Руслан Жолдыбаев қаза тапты.

Азаттық радиосының тілшісі марқұм арнайы жасақ сарбазы Руслан Жолдыбаевтың биыл 35-ке қарағанын сұрап білді. Ол «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясының дыбыс режиссері Алтынай Жолдыбаеваның ұлы еді. Руслан Жолдыбаевтың жаназасы шілденің 4-і шығады.

Шілденің 2-і күнгі атыс кезінде тағы үш арнайы жасақ сарбазының жараланғаны белгілі болып отыр. Бұлардың барлығы – ақтөбеліктер. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі жараланғандар жедел жәрдем ауруханасында емделіп жатқанын, хал-ахуалдарының бір қалыпты екенін мәлімдеді.

Азаттық тілшісінің шабуыл жасаған жақта адам өлімі бар ма деген сұрағына Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз-хатшысы Алмат Иманғалиев:

- Шабуыл жасағандардың жағы да адам шығынына ұшырады. Қанша қарсыластың көзі жойылғаны туралы қазір анық айта алмаймын. Тергеу амалдарын жүргізу барысында ондай ақпарат бере алмаймыз. Әзірше тек олардың да шығынға ұшырағанын айта алам, - деді.

КҮДІКТІЛЕРДІҢ АТТАРЫ ЖАРИЯЛАНДЫ

Полиция қызметкерлері мен арнайы жасақ сарбазын өлтіргендер әлі қолға түспеген. Шұбарши ауылы мен оның маңы қоршауға алынған. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің хабарлауынша қылмыскерлер Шұбарши ауылының қасындағы Қостан орманына жасырынған. Орман түгел қоршалған. Дәл қазір ішкі істер әскері орманды тінтіп жатыр.

- Олар орманға жасырынған сияқты. Ұялары да сол жерде болуы мүмкін. Бізге мұрсат беріңіздер, оларды қалайда табамыз, - деді Азаттық тілшісіне Алмат Иманғалиев.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті екі полиция қызметкері мен бір арнайы жасақ сарбазын атып өлтіруге қатысы бар болуы мүмкін деген алты күдіктінің аты-жөндерін жария қылды:

Мәмбетов Тоқтарбек Маратұлы, 1984 жылы Ақтөбе облысы Қандағаш ауылында туған, қазір Шұбарши ауылында тұрады; Мәмбетов Ақылбек Маратұлы, 1986 жылы Ақтөбе облысы Кеңқияқ ауылында туған, қазір Шұбарши ауылында тұрады; Жұмағазин Айбек Айдарұлы, 1988 жылы Ақтөбе облысы Сарыкөл ауылында туған, Ақтөбе қаласында тұрады; Әлімбетов Қуаныш Алпамысұлы,  1968 жылы Ақтөбе облысы Шұбарши ауылында туған, сонда тұрады; Қаражанов Мирас Ерғалиұлы, 1988 жылы Ақтөбе облысы Сарыкөл ауылында туған, Кеңқияқ ауылында тұрады; Оразов Бектемір Ертайұлы, 1989 жылы Ақтөбе облысы Кеңқияқ ауылында туған, Шұбарши ауылында тұрады.

- Бүгінше білетініміз бұл алты адамның полицейлерді өлтіруге қатысы бар. Бірақ, мәлімет мұнымен бітпейді. Темір ауданындағы трагедияға қатысы бар өзге адамдардың да аты-жөндері анықталып жатыр, - деді Алмат Иманғалиев.

«ПАЙДАЛЫ АҚПАРАТ» ҮШІН 100 МЫҢ ДОЛЛАР

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментіндегілер жоғарыда аты аталған күдіктілердің басқа облыстарға өтіп кетуі мүмкін деп те ойлайды. Қоршауға алынған орманнан сытылып шығып, қуғын кезінде қара үзіп кетулері де мүмкін екен.

- Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындарын жаңағы адамдарды көре қалған жағдайда бізге Ақтөбеге мына нөмірлерге телефон соғып хабар беруге шақырамыз: 51-46-08, 51-09-67 немесе 102, - дейді Алмат Иманғалиев.

Қылмыскерлерді ұстауға көмектескен адамға берілетін сыйақы көлемі 100 мың АҚШ доллары деп хабарланды.

- Қылмыскерлердің бой тасалаған жері туралы анық ақпарат берген адам сыйақы ретінде 100 мың АҚШ долларын алады. Хабарлаған адамның кім екендігі құпия күйде қалады, қауіпсіздігіне кепілдік береміз, - дейді Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы.

Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовтың қаза тапқандардың отбасыларына материалдық жәрдемақы ретінде бір миллион теңге бөлгізгені анық болды. Әкім шілденің 1-і күні Шұбарши ауылына барып, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.

Күдіктілердің фотосуреттері:

Тоқтарбек Мәмбетов, күдікті. Сүрет ресми хабарламадан алынды.

Ақылбек Мәмбетов, күдікті. Сүрет ресми хабарламадан алынды.

Айбек Жұмағазин, күдікті. Сүрет ресми хабарламадан алынды.

Қуаныш Әлімбетов, күдікті. Сүрет ресми хабарламадан алынды.

Мирас Қаражанов, күдікті. Сүрет ресми хабарламадан алынды.

Бектемір Оразов, күдікті. Сүрет ресми хабарламадан алынды.

Құндыз ҚАСЕНОВА

"Азаттық радиосы"

4 шілде 2011, 14:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.