Алты мыңнан астам халқы бар Миялы ауылы ылғи су тапшылығын көріп келеді.
Өткен жылы Қызылқоға ауданы әкімі Мақсот МҰҚАНОВ сумен қамту мәселесін уақытша жағдай деп бағалап, Жанкелдин мен Жасқайрат ауылдарына (бүгінде бұл ауылдар Тайсойған жер асты суын тұтынып отыр. - Л. Қ.) бөлек су құбырын төсеу аяқталғасын бұл мұқтаждық болмайтынына сендірген еді. Алайда, «Қарасу» жерасты су көзінен берілетін судың жеткіліксіз екені анықталды.
- Су таңғы сағат 7-ден күндізгі сағат 12-ге дейін беріледі. Екі айдан бері осылай. Оның үстіне су ащы, ішуге жарамсыз. Су берушілер су тазарту қондырғысы қалыпты жұмыс жасап тұрғанын айтады, бірақ біздің оған күмәніміз бар, - дейді миялылықтар.
«ҚазСуШар» РМК-ның Атырау филиалының бастығы Асылан РЫСЖАНОВ бұған қатысты былай дейді:
- Негізі Миялы ауылына тәулігіне 320 текше метр су толық жетеді. Ал күні бүгінде 345 текше метр су беріліп тұр. Судың жетіспеушілігі тұрғындардың осы сумен малын, бақшасын суарып, құрылыс жұмыстары мен көлігін жууға пайдаланғандықтан туындап отыр.
- Халық су ащы деп шағымданып отыр, оған не себеп?
- Су тазарту қондырғысы бұдан біраз жыл бұрын бір рет істен шыққан болатын. «Сушарлықтар» оны өз күшімен 2009 жылы жөндеп алды. Бүгінде толық қуатында жұмыс жасап тұр. Ауыз судың сапасын анықтау жылына екі рет, яғни, көктемде және күзде тексерістен өткізіледі. 14 мамырда санэпидемиолог дәрігерлер ауыз судың сынамаларын алып тексеріп, санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай екендігін анықтады.
Негізі мамандар «Қарасу» жерасты суы жылдан-жылға азайып келе жатқанын мойындап отыр. Мұның себебін «сушарлықтар» соңғы жылдары жауын-шашын аз болып, қуаңшылық етек алып, Ойыл өзеніне судың аз келуінен су деңгейі түсіп кеткен деп түсіндіреді. Қарасуда бүгінде төрт ұңғыма жұмыс жасап тұр, бірақ бұл жеткіліксіз.
- Қосымша тағыекі ұңғыма қазылғанымен, оны іске қосу үшін электр желісі, полиэтилен құбыр тарту және сорғы қажет, - дейді А. Рысжанов. - Бұған қоса тағы төрт ұңғыма қазылып, жүйелі жұмыс жасаса, артық етпейді. Миялы су айдау бөлімшесіне қосымша көлемі 500 текше метр екі дана су қоймасын салу, сағатына 80 текше метр су тазарту қондырғысын жаңадан орнату қажет. Мұның бәрін жүзеге асыру үшін көп қаржы қажет. Сонда ғана Миялы ауылының су тапшылығынан толық құтылатыны анық.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА