Атырау, 23 желтоқсан 22:56
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Тексерушілерді тәртіпке салды

2 429 просмотра

Атырау облысының прокуратура органдары жыл басынан бері жүздеген кәсіпкерлердің заңсыз тексерілгенін анықтады, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Осы уақыт ішінде прокуратура органдары кәсіпкерлікті қорғау және қолдауға бағытталған заңнаманың қолданылуын қадағалау аясында 10 тексеру жүргізіп, тәртіптік жауапкершілікке 12 адам тартылған.

Бірнеше айдан бері www.pravstat.kz сайтында кәсіпкерге тексерудің тағайындалуы негізді ме, ол құқықтық статистика және арнайы есеп органдарында тіркелген бе, соны білуге мүмкіндік беретін «Бизнес тірегі» жобасы жүзеге асырылуда. Ол үшін «Кәсіпкерлердің тексерулерін тіркеу туралы ақпарат» бөліміне тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген тіркеу нөмірін енгізу керек. Осы тектес ақпаратты тез арада 1012 нөміріне SMS хабарламасын жолдау арқылы алуға болады.

«Бизнес тірегі» жобасы жұмыс жасаған уақыт ішінде атыраулық кәсіпкерлерден негізсіз тексерулер туралы 13 сигнал түскен. Олардың бір бөлігі расталды. Мәселен, облыс прокуратурасының наразылығы бойынша Көшекова ЖК-не қатысты шығарылған Атырау қалалық салық басқармасының тексеруін тағайындау туралы актісі күшін жойды. Прокуратура, сондай-ақ, тиесілі актісіз жүргізілген тексерулерді анықтады. Мәселен, Құрманғазы ауданының ветеринарлық инспекциясының жеке кәсіпкер Е.Нұғмановты тексеруі бойынша, ветеринарлық инспектор айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Мақат ауданының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы  «Эко Иншаат ве Тиджарет Лимитед Ширкети», «Болат Сервис», «Транс», «Центр Строй ЛТД», «МұнайГаз-Инжиниринг» ЖШС-леріне заңсыз тексерулер жүргізген. Прокурордың ұйғарымы бойынша кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, Жылыой ауданы салық басқармасының лауазымды тұлғаларының «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС-нің қызметіне заңсыз араласуына жол берілмеді. Аудандық прокуратураның наразылығы бойынша тексеру тағайындау туралы акт күшін жойып, кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Тамара СУХОМЛИНОВА

30 маусым 2011, 18:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.