Атырау, 10 қазан 16:13
 бұлттыВ Атырау +15
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

«Восток» ЖШС кімнің қолына өтеді?

2 477 просмотра

«Восток» ЖШС-нің қожайыны Гүлбала МАХМУДОВҚА қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда. Ал ол сатып жіберген кәсіпорынға тыйым салынды.

Естеріңізге салсақ, өткен жылдың аяғында қаржы полициясының қызметкерлері тергеу жорамалы бойынша бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз сатумен айналысқан Махмудовты ұстаған болатын. ЖШС кеңсесінен қара уылдырықты қолдан жасайтын жасырын цех анықталған. Ол жерден сыйымдылығы 500 граммнан болатын «Russian Caviar malossol Astrakhan» деген жазуы бар қаңылтыр ыдысқа салынған 22 кг 500 гр уылдырық, сондай-ақ салмағы 36 кг 200 гр болатын ысталған бекіре табылған. Ал ЖШС-нің өнеркәсіптік базасынан тағы 569 кг бекіре тұқымдас балық пен 40 кг ысталған балық табылған. Аудиторлық тексеру көрсеткендей, 2008-2010 жылдар аралығында ЖШС лимиттен тыс 40 тонна бекіре тұқымдас балық пен 1300 тонна қара балық аулап, сатқан. Келтірілген зиянның алдын ала сомасы 300 миллионнан астам құраған.

Махмудов қамауға алынғанға дейін «Восток» ЖШС-ін бизнесмен Рысқали СТЕПАНОВҚА 3 миллион теңгеге сатып үлгерген. Ал биылғы жылдың қаңтарында Степановқа, оның растауынша, қаржы полициясы қызметкерлерінің тарапынан қоқан-лоққылар көп жасалған. Олар фирманы сатып алу келісім-шарты жалған екендігін мойындауды талап еткен. Қаржы полициясы жауап алғаннан кейін Степанов өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Алайда оны құтқарып қалады. Ақырында, «АЖ» бетінде Степанов қаржы полициясын бизнесті рейдерлік жолмен заңсыз тартып алды деп ашық айыптады. Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес департаментінің басшылығы мұны Степановтың бар болғаны тергеу ісіне қысымшылық көрсетуі деп қорғанды.

Біздің сауалымызға берілген ресми жауапта айтылғандай, қызметтік тексеру барысында Степановтың өзіне қаржы полициясының қызметкерлері қысым жасады деген дәйектері расталмаған.

Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес департаментінің тергеу басқармасы бастығының орынбасары Оралбек ЖҰМАҒАЛИЕВТЫҢайтуынша, қазіргі кезде Махмудовтың қылмыстық ісі сотта қаралуда. Бұдан басқа, табиғат қорғау прокуратурасының талап арызы бойынша қалалық сот «Восток» ЖШС-ін сату жөніндегі келісімді жарамсыз деп таныды. Қазір оған тыйым салынған. Ал біз осы кәсіпорынның ақыр аяғында кімнің қолына өтетініне бақылау жасауға тырысатын боламыз.

Лев ГУЗИКОВ

30 маусым 2011, 18:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.