Мектеп каникулы кезінде сыну, шығып кету және әр түрлі жарақаттар алу статистикасы қатты көтеріліп кетті. Күн сайын облыстық балалар ауруханасының травматологиялық бөлімі 50-ге жуық бала қабылдайды.
ҚАУІПТІ ТЕРЕЗЕ ТОРЫ
- Келушілердің төрт-бесеуі, тәжірибе көрсетіп отырғандай, қатты жарақаттанған болады, оларды міндетті түрде ауруханаға жатқызу керек, - дейді облыстық балалар ауруханасының оташы-ортопеді Сергей ХВАН. – Жоғарыдан құлау, ит қауып алу, жол-көлік оқиғалары... Көбіне бізге екі жас пен алты жас аралығындағы балалар келеді, сондай-ақ, жасөспірімдер де жоқ емес.
Жарақаттану себептерінің бірі – терезе торын дұрыс бекітпеу.Мамыр-маусым айларында терезеден 20 бала құлап кеткен, үшеуін құтқара алмаған.
- Жоғары биіктіктен құлау көп жағдайда үлкен зардабын тигізеді, - дейді дәрігер Хван. – Өз тәжірибемде сәбидің көпқатарлы үйден құлап, тек жеңіл жарақатпен құтылғаны туралы бір ғана оқиға есімде. Бұл жеті жыл бұрын болған еді...
СОҚҚЫДАН КЕЙІН
- Қазір біздің ауруханада электр тогына тартылған бала жатыр, бұл - бүгіндегі ең ауыр жағдай, - деп сөзін жалғады Сергей Тимофеевич.
Облыстық балалар ауруханасының оташы-ортопеді Сергей ХВАН10 жасар Әділет ҚҰРМАНҒАЛИЕВ қала сыртындағы Құрсай ауылындағы электр подстанциясына шығып, қатты электр соққысын алған. Абырой болғанда, бала тірі қалды, алайда бір қолын шынтағына дейін кесіп тастауға тура келді.
Біз Әділеттің халін сұрауға бардық. Сергей Тимофеевич оны басқа балалармен бірге кішкене қыз отырған мүгедектер арбасын дәліз бойымен зырғытып жүрген жерінен ұстап алды.
- Халің қалай?- деп сұрады дәрігер.
- Жақсы, - деп бір орнында тұра алмай асыға жауап берді бала.
- Жүгір, жүгір, тек сақ бол...
Жүгірмек көзді ашып-жұмғанша жоқ болды.
- Қазір оның жағдайы жақсы, - дейді дәрігер. – Алайда, оған әлі протез салуымыз керек. Өте қағілез, көңілді бала, тіпті, анасын да жұбатып қояды. Бәрі де жақсы болады деп ойлаймын.
ЕКПЕ САЛҒАННАН КЕЙІН ІШПЕУ КЕРЕК
Облыстық аурухананың травматологиялық бөлімінің деректері бойынша, жыл басынан бері оларға ит қапқан 200-ге тарта адам түскен. Дәрігерлердің айтуынша, балалар үлкендерге қарағанда жануарларды көп әурелейді, сондықтан да балаларды қауып алу оқиғалары екі есе көп кездеседі.
- Осы жағдаймен ауруханаға келушілердің барлығына екпе салынады, - дейді облыстық аурухананың травматологиялық бөлімінің меңгерушісі Гүлмира ТІЛЕМІСОВА. – Бұрын құтырмадан қорғау үшін іштен 40 екпе салып, осы мерзімге жұмысқа жарамсыздығы жөнінде анықтама беретін. Заманауи антирабикалық екпе егу сызбасы жануар жарақат салған бойда келген күні, 3-ші, 7-ші, 14-ші, 30-шы және 90-шы күні салынады.
Статистикалық деректерге сәйкес, соңғы 40 жылда облыста құтырма ауруымен ауырған 17 жағдай тіркелген. 11 жағдайда инфекция иттен, алты ауру жабайы жануарлардан (түлкі, қасқыр) жұққан. Ауырғандар ішінен 12 адам қаза болды, олардың көпшілігі медициналық көмек сұрамаған және біреуі ауруханаға өте кеш келген. Тағы екеуі құтырмаға қарсы екпе салғаннан кейін спирттік ішімдік ішіп қойған.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ