Атырау, 26 желтоқсан 07:09
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Алғабастықтар неге алаңдаулы?

2 872 просмотра

Алғабас ауылының тұрғындары бүгінде айлап жиған дүние-мүлкі үшін ғана емес, қара басының амандығы үшін де мазасыз күй кешуде. Өйткені, мұнда көше жарығының жоқтығын пайдаланған қаскөйлер жергілікті тұрғындардың үйімен бірге, ауласында тұрған көліктерін де тонап келеді. Ал жақында осы ауылдағы бір үйге қонаққа келген жас жігітті белгісіз біреулер тал түсте пышақтап кеткен.

Сол оқиғадан кейін алғабастықтар жандарын шүберекке түйіп жүр. Кешкі мезгілде сыртқа шығуға қорқатындықтарын жасырмайды. Төзімі таусылған ауыл тұрғындарының бірі Жанаргүл Жұмағалиева осымен екінші автокөлігінің тоналғанына қынжылады.

- Ауылымызда ұрлық көбейді. Біздің үйде ғана емес, жанымыздағы үйдің ГАЗель автокөлігі тоналып, оны ақыры көршілер сол күйінде арзанға сатып жіберді. Түн жарымда көліктерді тонаса, тапа-тал түсте үй тұрғызамыз, шаруа жасаймыз деп түсірген құрылыс материалдарымызды, құрал-саймандарымызды да қалдырмай жатыр. Тіпті үйлерін салып болып, енді көшіп келеміз деп отырған үй иелерінің әкеліп қойған барлық жиһаздарын сыпырып кеткен. Осының бәрі көшелеріміздің жарығы жоқтың кесірінен. Кеш түссе болды, барлық жақ қап-қараңғы болып, түк көрінбейді. Бұл ұрыларға қолайлы сәт қой, - дейді Жанаргүл. Бұл жағдай жөнінде олар учаскелік полицияға да жеткізген екен. Алайда, полицияның тарапынан алынған шараларды көріп отырғанымыз жоқ дейді тұрғындар.

«АЖ» тілшісі полицияға жолықпай тұрып, Алғабас ауылын бір аралап қайтты. Алғабаста шеттен келген қандас бауырларымызбен бірге жергілікті тұрғындар да баспана тұрғызып алған. Жағдайлары жеткендердің санаулысы ғана айналасын қоршап үлгерген. Ал қалған үйлердің ауласы әлі қоршала қоймаған, ашық-шашық жатыр. Ұрылар үшін кімде нендей зат бар, бәрі мәлім. Ауыл ақсақалдары (суретте) әр үйде бір ұрлық болғанын естіп отырамыз дейді. Мәселен, біреулердің 20 шақты шөжесі, бір велосипеді жоғалып кеткен екен. Ұсақ-түйек болса да, ұрлықтың аты ұрлық. Демек, қылмыс.

Атырау қалалық ішкі істер басқармасы №1 қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қайрат АХМАНОВ осы алты айдың ішінде Алғабаста үш-төрт қылмыс оқиғасының ғана тіркелгенін айтып отыр. Және ұрлық жасаған жігіт ұсталып, қазір оның ісі сотқа жолданғанын мәлімдеді. Ол 1987 жылы туылған Алғабас ауылының тұрғыны екен. Бұрын сотталған.

Соған қарағанда, тұрғындар ауызбен айтуын айтып, ресми түрде арыздануға асықпайды деп түйдік біз. Десек те, Алғабас ауылының тұрғындары ұры жалғыз дегенге сенбейді. Олар жап-жас болғанымен, бірнешеу деген пікірде. Көше жарығы орнатылса, ұрыны өздері-ақ ұстап беруге бекініп отыр.

Айтпақшы, алғабастықтар көше жарығын ғана емес, өз өмірлерінің қауіпсіздігі үшін ауылдың ішіне полиция отыратын бекет орнатуды да сұраған болатын.

Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, Алғабас ауылына электр жарығы биылғы жылы міндетті түрде жүргізілмек. Ал полиция бекетіне келетін болсақ, ауылдағы «Алғабас» ЖШС-нің ғимаратынан екі учаскелік полицияға арнайы бір кабинет бөлінген. Енді жергілікті халық Балықшы кентіне жүгірмей, ауылдың ішіндегі полицияға арыз-шағымдарын түсіре алады.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

30 маусым 2011, 17:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.