Атырау, 27 қараша 09:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Ол кез ұмыт қалды»

4 984 просмотра

Апат салдарын жоюшымен сұхбат

Валерий Владимирович МОЛОТКОВПЕН (суретте)таныстығым өзгеше басталды: оның қорабына тиын-тебен тастап тұрып, журналистік әуестігім жеңіп, қайыр сұрайтындар қандай табыс табатынын білгім келіп, қорабының ішіне үңілген едім. Күнге жалт-жұлт еткен темір теңгелердің арасында әлдебір құжат жатты.

- Мынау не? – дедім.

- Ее, бұл менікі ғой. Мен

Чернобыль атом электр стансасында болған апат зардабын жоюшымын, қызым... – деп үн қатты атай.

Әңгіме осылай өрбіді.

«СЛАВУТИЧКЕ КЕТІП, ЧЕРНОБЫЛЬГЕ КЕЛДІК»

- Мен ол кезде «Киноремснабта» кино жабдығының шебері, яғни, киномеханик болып жұмыс істедім. Ол кезде жасым 36-да болатын. Әйелім, үш балам болды, елмен бірдей өмір сүрдім. 1986 жылдың желтоқсанында Фетисов көшесіндегі облыстық әскери комиссариатқа шұғыл келу керектігі жөніндегі шақырту алдым. Ол әне-е-у бір жерде болатын, - деп ол түтін бұрқыраған шылымымен нұсқап көрсетті. – Бардым, ал, ол жерде мен сияқты тағы үш жүздей адам жиналып тұр екен. Неге шақыртқанын ешқайсысы білмейді. Топ ішіндегілердің көбі бізді Ауғанстанға жібереді деп айтып жатты... Сәл кейінірек, кезекпен бастықтың кабинетіне шақыра бастады. Ол алдымен неше балам бар екенін сұрады. Содан соң «олар 10 жастан үлкен бе?» деп сұрады. «Иә» деген жауап алған соң жымия күлімсіреп: «Сіз даңқты Славутич қаласын салуға барасыз! Сіз барасыз ба, жоқ па, оны өз еркіңіз біледі, бірақ біліп қойыңыз... – деді дауысын бәсеңдетіп, - «Әскери міндеттеме туралы» заңға сәйкес қарсы болғандардың бәріне қатысты қылмыстық іс қозғалады...». Әрине, мен келістім. Осындай әңгіме барысында көпшілігі өздеріне ғана аян себеппен жарамсыз болып шықты. Нәтижесінде 300 адамнан 96 адам қалды.

Әскери комиссариаттың спорт залында қатты төсенішке түнеп шыққаннан кейін (үйге ақыры ешкімді жібермеді) ер адамдарды автобусқа тиеп, вокзалға дейін апарып, пойызға мінгізіп жіберді.

- Ганюшкинде түгендеу кезінде тағы біреуін жіберіп қойды, - деп еске алады Валерий Владимирович. – Сарбаз киімін киген жиырма жастағы бозбала болатын. Әлі есімде, бізді алып бара жатқан майор Яшков кенет оның алдына тұра қалып: «Сайтан алғыр! Кім сені мұнда... Әй, оны кері қайтарыңдар, ол жерде оған жасайтын ештеңе жоқ!» деп ақырып жіберді.

Содан соң ол кері Гурьевке кетіп қалды. Ал, біз бірнеше күннен соң Белая Церковь қаласының түнгі перронына шықтық. Бізді ешкім күтіп алмады. Қарнымыз аш, желтоқсанның ызғарында түнгі екіден таңғы алтыға дейін солай тұрдық. Ол жерде біз сияқты басқа қалалар мен республикадан келгендер көп болды. Түске таман, ақырында, бізді баратын жерімізге - вахталық Зеленый Мыс, біздіңше, «Зеленка» поселкесіне жеткізді. Ол 30 шақырымдық оқшаулау аймағының шекарасынан екі жүз метрдей жерде орналасқан болатын.

1986 жылдың 26 сәуірінде әлемді үрейлі жаңалық шарлап кетті: Чернобыль атом электр стансасының 4-ші энергоблогы жарылды. Бұл адамзат тарихындағы ең ауқымды техногендік апат болды. Станса төңірегіндегі 30 шақырымдық «оқшаулау аймағында» апат салдарын жою үшін КСРО-ның түкпір-түкпірінен іссапармен мамандар, сондай-ақ, тұрақты түрде және шұғыл шақыртылған резервтегілерден құралған әскери бөлімшелер жіберіле бастады. Кейінірек олардың барлығын «апат салдарын жоюшылар» деп атай бастады. Олар ауысыммен қауіпті аймақта жұмыс істеді: радиацияның жоғарғы шекті дозасын жинағандар кетіп, олардың орындарына басқалары келді. Жұмыстардың негізгі бөлігі 1986-87 жылдары орындалды. Оған шамамен 240 мың адам қатысты. Апат салдарын жоюшылардың жалпы саны (келер жылдардағыны қосқанда), шамамен,600 мыңды құрады. Атырау облысынан 200-дей адам шақыртылды.

ҚҰНАРЛЫ МӘЗІР

- 74317 нөмірлі біздің әскери бөлімшеде келген адамдардың барлығына екпе егіп, лауазымдар бойынша бөліп, тамаққа талондар беріп, мән-жайды түсіндірді.

Апат аймағына келген алғашқы күннен-ақ апат салдарын жоюшыларға арналған асханадағы өте үлкен порциядағы тағамдар, сонымен қатар, ас мәзірінің алуан түрлілігі Валерий Молотковтың көзіне бірден түсті.

- Мен Гурьевтен кеткен кезде дүкендердің сөрелері бос болатын, ал мына жерде: май, қант, жүзім, алма, қалбырлар, шырындардың әр алуан түрі, ірімшіктер, саңырауқұлақтар, ет... Бәрі де өте дәмді еді. Алайда, бірнеше күннен соң сылқия тойып алғанның өзінде қатты ашығатынымды сезіне бастадым. Кейінірек қызметтестерім түсіндірді: сәуле жілік майына еніп, ағза қандағы қызыл түйіршіктердің қажетті мөлшерін бөлуді тоқтатады да, үнемі ашығу сезімі осыдан пайда болады екен. Бірақ бізді жақсы тамақтандырды, мен бұған шағымдана алмаймын.

Айтпақшы, сол асханада жұмысшылар арақтың пайдасы туралы айтты. Сол зұлмат түні нысанда әлдебір бастықтың қызының тұрмысқа шығу құрметіне ішімдік ішкен бірнеше мас жұмысшылар болыпты. 26 сәуірге қараған түні өртті сөндіруге қатысқандардың барлығы, әлгі арақ ішкендерден басқасы, о дүниелік болып кеткен екен.

-… Сондықтан да бөлімшеде арақ іштік. Бірақ аз болатын, - деп әңгімелейді қария. – Оны Киевтен әкелетін, 45 адамнан тұратын взводқа 1-2 бөтелкеден тиетін. Біздің бөлімшеде біреулердің мас болып жүргені есімде қалмапты.

 

«ЛАС» АВТОБУС ЖӘНЕ ТАЗ ӘТЕШ

Келесі күні Валерий өз взводымен бірге аймаққа кетеді.

- …Маған Припять қаласы қатты әсер етті. Рас, қаланың өзіне бармадық, бірақ алыстан арқандағы кірқыстырғышқа ілінген қарайып кеткен көйлек-көншек желбіреп тұрғанын көрдім. Сол сәт ішімнен Ақ қала деп ат қойдым. Өте әдемі жаңа үйлер, перделері бар ашық желкөздер, бұрын гүлдері болған терезе алдындағы құмыралар... Жақсы қала, әдемі, бірақ тікенді сымдармен қоршалған. Жүрегім мұздап сала берді, өлі тыныштық. Қыбыр еткен қозғалыс жоқ. Адамдар да, құстар да, ит-мысықтар да жоқ.

…Сол жерге радиация тұрғысында «таза» автобуспен апарды. Ал, стансаға дейінгі үш шақырым жерге «лас» автобуспен бардық. Мен жол бойына дозиметрдің көрсеткіштерінің қалай көтерілгенін бақылап отырдым: 35… 40… 45… жету орнына келгенде сағатына 700 микрорентгенге жетті. Бізде химиялық қорғаныс, қолғап, бетперделер... болды.

Мен саркофагты алғаш көрген кезде қайран қалдым, ол қара түсті болатын. Маған түсіндіргендей, оны әлдебір өзгеше бетонмен құйған екен. Бірақ ол қауіпті болатын, біздегілер: саркофаг «сифондалады» деп айтып жатты.

Сол жақта болған 264 күнде түрлі жұмыстар жасадық: сарғайып кеткен ағаштарды құлаттық, қорғасын табақтарды қайнаттық, зарарлы техникаларды тұндырғыларға көмдік, шұңқырлар қаздық. Олар кейіннен зарарлы мүліктерге арналған қорымға айналды. «Лас» топырақты көмдік, аумақты радиоактивтік қоқыстан тазарттық, көп нәрсе жасадық қой... Күн сайын таңғы сағат алтыда тұрамыз, таңғы ас ішеміз. Өзімізбен бірге екі бөтелкеден минералды су беретін, сағат 9-да жұмысқа кірісетінбіз.

Бір нысандарда 5 минуттан, енді бірінде 11 сағаттап жұмыс істедік. Ал, кейде тәулігіне 24 сағаттап жұмыс істеген кездеріміз де болды. Бәрі де жердің зарарлы болу деңгейіне байланысты болатын. Тіпті, 26 сәуір күні жарылған 4-ші энергоблогтың өзіне де барған кезіміз болды.

Барған күннен бастап кеткенге дейін тамағымды үнемі жөтел қысып тұратын. Тамағымда топырақ тұрғандай сезінетінмін. Біздегілердің бәрі түнде де жөтеліп жататын.

Сол уақытқа дейін тірі жануарлардың ішінен ұзақ қарғадан басқа тауық пен әтешті көрдім. Олардың қайдан шыққанын ешкім де білмейді. Оларға қарап күлетін де, аяйтын да едік. Екеуінің де жүндері жоқ таз, көздері қызыл, денелері ілмиген болатын. Кешікпей жоқ болып кетті, шамасы, бір жерде өліп қалған шығар.

- Қызметіңіз біткен кезде сіз қанша рентген алдыңыз?

- Ресми - 11. Ал, іс жүзінде одан да көп. Жалпы адам 15 жинаған кезде оны ауыстыруға ұйғарым шығарылатын. Бірақ ол жерде рентгенге қатысты бұрмалағаны анық. Менің білуімше, 25-тен артық қоюға болмайтын. Мұндай «тәртіпсіздіктерге» әскери прокуратура үнемі қызығушылық білдіретін еді.

Припять — Чернобыль АЭС-дегі апаттан соң тұрғындары тастап кеткен Украина қаласы. Чернобыль апатының нәтижесінде ластанған аумақтан адамдар қауіпсіз жерге көшіріліп, қоныс аударылды. 1986-1991 жылдары міндетті көшіру аймағынан 163 мың адам эвакуацияланды.

«БІЗДІКІЛЕРДІҢ КӨБІ ӨЛДІ»

…Біраз уақыт өткен соң мен апат зардабын жоюға қатысқан гурьевтіктердің о дүниелік болып жатқанын біле бастадым. Алғашқы болып біздің ағаш шеберіміз өмірден озды. Ол 1987 жылдың аяғында қатерлі ісіктен көз жұмды. Содан соң тағы бірнеше адам кетті, олардың бәрінде де осы сырқат болды. Ал, менің 37 жасымда кенеттен тістерім шығып, ұртымды қажай бастады. Қозғалысымда проблемалар басталды. Көру қабілетім күрт төмендеп кетті... Бірақ біздікілермен салыстырғанда, жеңіл-желпі өтіп кеттім деуге болады. Мен сияқты апат салдарын жоюшы жақсы танысым бар, ол да мен сияқты осылай отырады, бірақ басқа базарда. Қазір аяғы жоқ оның. Қарғыс атқыр радиацияның кесірі ғой: әуелі тобығынан, содан соң тізесінен, ақыр соңында жамбасына дейін кесті. Осынау радиоактивті тозаң әр жерде болатын: шашымыз бен бәтеңкемізге қонақтап қалатын. Көрдің бе, оның аяғына зарары тиді. Одан да, қызым, сол туралы жаз, оның көрген құқайы көп қой... Рас, оны көрмегеніме бірер жыл болды. Бәлкім, о дүниелік болып кеткен де болар.

Біздегілердің көпшілігі тірі қалған болса, мүгедек болып қалды. Мұндай әлсіз, дімкәс жұмысшылар кімге керек? Бізден де осылай сырт айналды. Бірақ мен шағымданбаймын... Енді не керегі бар оның?! Біз бүкіл әулетімізбен ұзақ жасайтын жандармыз. Мен де солай болып тұрмын ғой. Анамның жасы 90-нан асты, әлі күнге дейін ол маған, мен оған көмектесеміз. Әйелім қайтыс болды, балаларым жан-жаққа кетті. Енді екеуміз қалдық. Ал, сен әңгіме айтқаным үшін маған сүт сатып әкеліп берші, темекі де әкеле сал, егер қиын болмаса...

Алғыс айтып, пакетті алған атай қораптан ұсақ тиын-тебендерді аршып, куәлігін шалбарының қалтасына мұқият салып қойды.

- Көп адам болмаса да, бұл не куәлік деп сұрайтындар табылады, - деді күлімсірегендей болып. – Менің түбіме не жетсе, асырап отырған да сол. Ренжімессің, есіме түскенін айттым. Көп уақыт өтті. Ештеңе болмағандай бәрі ұмытып кетті ғой...

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

 

3 шілде 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.