30 маусымда Алматы қаласының №2 Алмалы аудандық соты Екінші дүние жүзілік соғыс ардагерлерінің сәуірдегі нөмірі мұқабасына Адольф Гитлерді шығарған «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының редакциясына қатысты берген талап арызы бойынша шешім шығарды. Сот журналдың бас редакторы Жарылқап ҚАЛЫБАЙДАН шағымданушылар пайдасына 13 млн теңге өндірілуі, сондай-ақ ол жұрт алдында кешірім сұрауы керек деп қаулы етті. «АЖ» редакциясының тапсырмасымен мен осы дау-дамайдың мән-жайын тексердім.
ОҚЫҒАН ЖОҚПЫН, БІРАҚ АЙЫПТАЙМЫН
Мұқаба бетіндегі Гитлер суреті және материалдардың бірінің «Гитлер – фашист емес» деген арандату тақырыбы бір журналистің назарын аудартады. Тақырыптың мәніне бармастан, ол осы жарияланымның жарық көруіне деген өз наразылығын әлеуметтік желілердің біріндегі бетшесіне жариялайды. Журналистің бұл жарияланымы отқа май құйғандай әсер етіп, әлеуметтік желілер, ізін ала бұқаралық ақпарат құралдары шулай жөнелді. Ол аз болғандай, Ресей СІМ «Қазақстан аумағында мұндай мәндегі тақырыпқа үзілді-кесілді жол берілмеуі керектігі жөнінде» (бұл мәтін өз кезегінде қазақстандықтардың түсініспеушілігін тудырды) наразылық нотасын жіберді. Алматы қаласында кек алуға бел буған бастамашыл топтың қырсық шалған нөмірдің бірнеше данасын көпшілік алдында өртеуі оқиғаның шарықтау шегі болды. Гитлердің суретімен бірге қазақ батырлары Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Рақымжан Қошқарбаевтар... жөнінде мақалалар жанып жатқаны ешкімді ойландырмады. Кейінірек ардагерлер тобы жарияланымның тигізген моралдық зиянын әрқайсысы 5 млн теңгеге бағалап, сотқа талап арыз берді. Бұдан сәл бұрын Алматы қалалық ІІД жүргізілген сараптама нәтижелері бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздыру» туралы бабы бойынша қылмыстық іс көтеруден бас тартқан еді. Алайда талап арыз сотта қаралу үшін қабылданды.
САРАПТАМА ҚҰТҚАРМАДЫ
Басында сезімге беріле баға беріп, журналды даттаған адамдар жанжалды нөмірді оқығаннан кейін мазмұны жұрт айтқандай сорақы еместігіне көздері жетті. Зардап шегушілердің талап арызында редактордың алғы сөзінде Адольф Гитлердің тұлғасы мен іс-әрекеттеріне жек көрініштілікпен қарайтындығы нақты жазылғаны туралы ештеңе көрсетілмеген. Сот тағайындаған психологиялық-лингвистикалық сараптама (ҚР Әділет министрлігінің сот сараптамасы орталығы) журнал материалдарында фашизм мен экстремизмді насихаттау жоқ екенін көрсетті. Сараптама 15 тармақтан тұрады және ең маңыздысы - біріншісі: ««Аңыз адам» журналының 2014 жылғы №8 нөмірінің идеялық-тақырыптық мазмұнынан Адольф Гитлердің жеке және саяси өмірі туралы айту арқылы оқырмандарға Германияның соңғы фюрерінің қалыптасу жолын көрсете отырып, оның идеяларының барша халықтар үшін қауіпті екенін, сондай-ақ Ресей президенті В. Путиннің Қырымның Украинадан бөлініп, РФ құрамына кіруіне байланысты кейбір іс-әрекеттеріне баға беріп, қазақстандық билік пен қоғамды Ресей президентінің сыртқы саясаттағы осындай әрекеттерінің мүмкін болар зардаптары туралы жеткізгісі келгенін көреміз».
Алайда сот редакторды кінәлі деп тапты.
БАСҚА ПӘЛЕ ТІЛДЕН
- Сот осындай шешім шығарғанда неге сүйенді деп ойлайсыз?
- Сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін түсінік беру қиын, алайда бұл сұраққа жауап беруге тырысамыз. Мен бұл шығарылымды өзім оқып шықтым, бұл - өз мазмұны жағынан фашизм деген не және оның қайтадан пайда болуына жол бермеудің маңыздылығын түсіндіруге арналған, фашизмге қарсы насихаттайтын нөмір. Өздеріңізге белгілі, мұны қоғамдық және ресми екі сараптама да дәлелдеді, - деді телефон арқылы Алматыдағы Ақпараттық даулар бойынша қоғамдық сараптама орталығының жетекшісі Ғалия ӘЖЕНОВА («Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры).
- Шағым берушілер осы шығарылымдағы жарияланым мазмұнымен танысқан ба?
- Шағым берушілердің қазақ тілін білу және оны түсіне алу деңгейлері туралы сұрақ сотта қойылды. Кейін анықталғандай, олардың көпшілігі мақаланы өз бетінше оқып, мазмұнын түсінуге мүмкіндік беретін деңгейде қазақ тілін меңгермеген. Ардагерлердің мүдделерін қорғаушы адвокаттың айтуынша, олар мазмұнын «ішінара» және аударма арқылы біледі.
- Біздің газетіміздің тәжірибесінде, осыдан 20 жыл бұрын бір адам тұтас бір халықтың ар-намысын қорғаған болып, зияны жоқ қарапайым әзіл үшін газетіміздің үстінен ірі талап арыз жазған болатын. Алайда Атырау соты ол жерде оның немесе туысқандарының аты жоқ, яғни, талаптануға қатысы жоқ деп істі қараудан бас тартты. Осы процесс бойынша ардагерлер талапкер бола ала ма?
- Жоқ. ҚР Жоғарғы сотының қаулысына сәйкес, моральдық шығын өндіру туралы бапты қолдану үшін азаматтың жеке мүліктік емес құқығы және игілігі бұзылып, зиян келтірілуі немесе құқығына қол сұғылуы тиіс. Бұл игіліктер мен құқықтарды азаматқа тумысынан тиесілі немесе заңмен жеке тұлғасына байланыстырылған құқықтар деп түсіну керек. Бұл игіліктерге өмір, денсаулық, ар-намыс, бостандық, жеке басына қол сұғылмаушылық жатады. Бұл жағдайда ар-намысқа тию туралы айтуға болады, өйткені ардегерлер атынан жазылған талап арызда журналдың 2014 жылғы сәуір айындағы нөмірі «олардың сезімін қорлап, ашу-ызаларын келтірген және бұл оларды жәбірлеу болып табылады». Бұл айыптаулар жалпылама сипатта, осы адамдардың әрқайсысына қатысты журналда бірде-бір сөз жоқ.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін сот БАҚ жөніндегі өкілетті органның талап арызы бойынша редакцияға сәуір айының нөмірінде баспахананың мекенжайы көрсетілмегені үшін айыппұл салып, бас редактор Жарылқап Қалыбай барлық ардагерлерден ел алдында кешірім сұраған болатын. Алайда оқиға мұнымен аяқталмады...
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ