Индербор поселкесі Көктем мөлтек ауданындағы «Көктем» орта мектебінің дәл ауласында емхана құрылысы қызу жүріп жатыр. Мектеп әкімшілігі мен оқушылардың ата-аналары бұл құрылысқа мүлдем қарсы болған, алайда олардың пікірін тыңдап жатқан ешкім жоқ.
Күніне 100 емделушіні қабылдайтын емхана құрылысының жүріп жатқанына бірнеше апта болған. Нысанның жобалық құны 1млрд 50 млн теңге, пайдалануға берілетін мерзімі - 2015 жыл. Тапсырысшы - облыстық құрылыс басқармасы болса, мердігер - оралдық «КазКонтракшлГрупп» ЖШС.
Жоспарға сәйкес, емхананы аудандық орталық аурухананың жанынан салу көзделген. Дұрыс-ақ, бұл адамдар үшін қолайлы, бірақ бар мәселе – аудандық аурухананың мектептің қасында орналасқандығында болып тұр. Жобалаушылар да болашақ емхананы сол мектептің ауласындағы кең жерге салуды жөн деп тапқан. Ал бұл жерде балалардың ойын алаңы болатын.
- Басында мектеп пайдалануға берілгенде оның нормативке сай ауласы да бекітілді. Енді биліктің өздері бекітілген тәртіпті бұзып отыр. Осылары заңды ма? –деп наразылық танытты ата-аналар.
- Құрылысшылар бастауыш сыныптардың балаларына арналған балалар ойын алаңының аумағына кіріп кетті. Олар оны бұзып тастап отыр, -дейді «Көктем» орта мектебінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Орынша ДІЛМҰҚАШЕВА.- Негізі мен емхананың мектептің аумағында салынуына о баста қарсы болғанмын. Олар мен демалыста жүргенімді пайдаланып, орнымда уақытша қалған адамға рұқсат алу жөнінде қол қойдырып алыпты. Мен ауданның құрылыс бөлімінің жұмысына көңілім толмайды. Емхананы мектеп ғимаратынан он метрден де аспайтын қашықтықта қалай орналастырады?
Кезінде аудандық мәслихаттың сессиясында екі-үш депутат мектеп ауласынан емхана салуға қарсылық білдіріпті, алайда қолдау таппаған.
Өз кезегінде аудандық жерге орналастыру бөлімінің басшысы Қахарман БАҒЫНОВ емхана құрылысының жері облыс басшылығының тапсырмасына сай, сол кездегі облыс мамандарының қолдауымен таңдалынып алынғанын айтады. Оның айтуынша, аудан орталығында жер мәселесі өткір күйде тұр. Ал пайдалануға берілген көптеген жер телімдері игерілмей жатыр.
-Жерлерін екі жылдан бері пайдаланбай отырған 42 жер телімі ауыл шаруашылығы мақсатында, 37 жер телімі кәсіпкерлік, 192 жер телімі жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген. Олардың құжаттары Атырау облысы бойынша аумақтық жер инспекциясына шарасын алу үшін жолданды, - дейді Бағынов.
Аудан әкімдігінде мектеп ауласындағы емхана құрылысы дау тудыратындай мәселе емес деп есептейді. Алайда, жеке тұлғаларға берілген жерлердің әлеуметтік нысанға келіп тірелгенде, тарылып қалатыны қызық.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА