Жақында аяқталған «Бекіре-2014» операциясының қорытынды отырыстарының бірінде өзеннің жоғары жағында жүргізілген ғылыми бақылау ау салу кезінде тек екі ересек шоқыр ұсталғаны хабарланды.
Сол отырыста Қазақ балық шаруашылығы институты (БШҒЗИ) филиалының директоры Әбілхайыр МҰХСАНОВ Жайық өзенінің облыс аумағында болған табиғи уылдырық шашу орындарының үштен екісі жойылып кеткенін айтты. Ал, ҚР балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Қанат МҰСАПЕРБЕКОВТІҢ айтуынша, «Бекіре-2014» операциясының шынайы нәтижелерін өзеннің жоғары жағынан шабақтардың төмен құлдилау кезінде көре аламыз.
Қазір анықталғандай, «Бекіре-2014» операциясы аяқталған соң, 2 маусымда БШҒЗИ филиалы ғалымдары шабақтарды ғылыми негізде аулауға кірісіп кетіпті, алайда алғашқы шабақ олардың ау құралына тек 5 маусымда түскен екен. Ихтиологтар осыны және кейін ұсталған бірнеше шабақты (ғылыми мақсатта ау салынғаннан 17 маусым аралығы кезеңде 35 шоқыр шабағы мен 1 сүйрік шабағы ұсталған) спирттеп, Алматыдағы бас кеңсеге жіберіпті. Материалды генетика мамандары зерттеп, шабақтардың бекіре тұқымдасына жататындығын анықтайды.
18 маусымда Дамбыда орналасқан №7 ихтиологиялық бекетте БШҒЗИ филиалының қызметкерлері Гаухар ЖҮНІСОВА менЫбырай ТОҚАЕВ және «Дүйсекеш Аманғали» кемесінің командасы ау салып, осы маусымда алғаш рет бекіре шабағын ұстады. Бұл осы балық түрінің бір жұбы жағалай салынған браконьерлік ау құралдарына қарамастан сақталып қалған табиғи уылдырық шашу орындарына жетіп, ұрпақ өрбіткенін білдіреді. Сонымен қатар, осы күні тағы шоқырдың 5 шабағы шығарылды.
Гаухардың айтуынша, кеңестік кезеңде бекіре шабақтарының көптігінен бір ау салғанда бірнеше шелек шабақ шығатын. Ал, 2011 жылға дейін бірнеше маусымда бірде-бір қызыл балық шабағы шықпаған. Содан кейін жылына екі-үш шабақ ұсталды. Өткен жылы 101 шоқыр шабағы ауланды. Жас шабақтардың теңізге түсуі 15 шілдеге дейін созылады. Ихтиологтар биыл шыққан бекіре шабағы жалғыз болмайтынына үміттенеді.
Тар көздері бар ау құралының аузы стандартты есік жақтауына ұқсайды. Мұны суға салып, жарты шақырымдай сүйреп, кеме палубасына жүкшығырмен тартып алады.
Кеме командасы ауды Дамбы балық қорғау инспекциясының бекетіне қарсы тұрған өзен сағасына тастап, екі мөңке, жиырма шақты көксерке және елуге тарта қарагөз бен табан шабақтарын шығарды. Сонымен қатар, аудың ішінде бұзаубас, құрт-шаян, бір көзді ұлу, планктондар жыбырлап жүр. Шынын айтсам, Жайықта осындай түрлі жәндіктер сақталған деп ойламаппын.
- Бізді биыл көбейіп кеткен бұзаубастар мен құрт-шаяндар мазалайды. Олар сирек кездесетін қымбат балықтардың көбеюіне кедергі келтіретін уылдырық жейтін балықтар қатарына жатады. Алайда, олар өз кезегінде көксерке мен жайынның сүйікті асы болып табылады, - дейді Ы. Тоқаев.
Ау құралын үшінші рет салғанда браконьерлік ау ілінді.
- Мониторинг басталмас бұрын біз балық қорғау инспекциясына қай жерден ау тартатынымызды айтып ескерткенбіз. Олар бұл аймақты браконьерлік ау құралдарынан тазартуы керек болатын. Ертең сүзуді жалғастыру үшін бізге енді осы быт-шыт болған ау құралымызды жамау керек болады, - деп кейіді Ыбырай.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ