ҮЕҰ-ның мемлекет пен қаржы ұйымдарынан ашықтықтыталап етуге моральдық құқығы болу үшін олар өздерінің қызметін пайдаланушыларға есеп беруге міндетті және анағұрлым ашық болуы тиіс.
Бұл мәселе «Қазақстанда ҮЕҰ-ның есеп беруге мiндеттiлiгiн жылжыту» жобасының шеңберінде Атырауда өткен «ҮЕҰ-ның бенефициар алдында есеп беруге міндеттілігі бойынша ұстанымдар мен механизмдерді қолдану» атты ҮЕҰ өкілдеріне арналған тренингтің басты тақырыбына айналды. Оны Орталық Азия Еуразия Қорының (ОАЕҚ) қолдауымен «Сана» Қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Жоба 2012 жылы басталды. Байқау өткізіліп, 18 жаттықтырушы дайындалды. Алайда, өңіріміздің өкілдері, неліктен екені белгісіз, оған еш қызығушылық білдірмеді. Дегенмен де, ОАЕҚ біздің өңірімізді назардан тыс қалдырмауды ұйғарды. Атырауда тренингті Тараз өкілі Сара ИМБАРОВА өткізді.
ОАЕҚ атқарушы директоры Ринад ТЕМІРБЕКОВТІҢ айтуынша, қаржыландырудың бірнеше көзі бар. Бұл халықаралық ұйымдар – гранттар бөлетін елшіліктер, қорлар. Келесі қаржы көзі – министрліктердің, ведомстволардың және т.б. желісіндегі мемлекеттік тапсырыстар. Үшіншісі – корпоративтік донорлар - әсіресе, бұл мұнай компаниялары көп Батыс Қазақстанда дамыған. Бүгінде Қазақстанда нашар қолданылатын тағы бір көз: өзін-өзі қаржыландыру.
– ҮЕҰ өз тәуелсіздігі туралы айтқан кезде олар кімнің есебінен тәуелсіз болып отыр деген сұрақ туындайды. Егер мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істесең, өзің жұмыс істейтін ведомствоға сын айта алмайсың. Егер бизнес есебінен болса, донор-компанияның жағымсыз имиджіне байланысты қандай да болмасын нәрсені ықшамдауға тырысасың. Сонда орындықтың төртінші аяғы - өзін-өзі қаржыландыру – ең орнықты түрі. Заңға сәйкес, ҮЕҰ түрлі қызметтер: білім беру, әлеуметтік және т.б. қызметтер көрсете алады. Егер біз анағұрлым бәсекеге қабілетті, анағұрлым орнықты болғымыз келсе, онда қызмет көрсететін тұрғындарға анағұрлым түсінікті әрі жақын болуы тиіс, - дейді Р.Темірбеков.
2012 жылы ОАЕҚ бизнесмендер арасында сауал жүргізді. Басқа сұрақтардың арасында ҮЕҰ-мен өзара серіктестік қарым-қатынас туралы да сұрақ болды. Тек сауал жүргізілген компаниялардың төрттен бірі ғана олардан ықтимал серіктестер көретінін атаған. Бизнес ҮЕҰ-мен жұмыс жасай отырып, әрине, серіктестіктің ақыр аяғында осы бизнеске жұмыс істегенін, оның «аудиториясының» көбейгенін қалайды. Сонда іс жүзінде не болғаны? ҮЕҰ донор алдында жасалған жұмыс туралы есеп берсе, онда бәрі керемет. Бірақ егер кімде-кім үкіметтік емес ұйым туралы халықтың не білетіндігі туралы зерттеу жүргізуді қолға алса, онда масқара болады.
– Мен бизнес-инкубатор бойынша менеджер болған кезімде бізде мынадай тест болды. Біз кез келген таксиді тоқтатып, бизнес-инкубаторға апаруды өтіндік. Шымкентте, мәселен, таксистер қайда бару керектігін білді. Бұл ол жерге халық барады деген сөз. Кей қалаларда жүргізушілер не туралы айтып жатқанын түсінбеді. Ал, бұл ол туралы халықтың ештеңе естімегенін білдіреді, - дейді Р. Темірбеков.
Тренингке қатысушылар қазақстандық ҮЕҰ үшін бейімделген халықаралық тәжірибедегі есеп беруге міндеттіліктің алуан құралдары туралы білім алды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА