1 шілдеде патент пен жеңілдік декларациясы түрінде арнайы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін POS-терминалдарды міндетті түрде орнатудың кейінге шегерілген мерзімі аяқталады.
«…СОДАН СОҢ БӘРІ ТЫНЫШТАЛДЫ»
Естеріңізге салсақ, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз қызметін жалпыға бірдей тәртіппен жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды арнайы жабдық орнатуға міндеттеді. Ал, 2014 жылдан бастап салық режиміне қарамастан терминалдарды саудамен айналысатын және ақылы қызмет ұсынатын кәсіпкерлердің барлығы орнатуы тиіс болатын. Алайда, содан кейін кәсіпкерлердің екінші санаты үшін, атап айтқанда, патент пен жеңілдетілген декларация түрінде арнайы салық режимін қолданатындар үшін мерзім жарты жылға кейінге шегерілді. Алты ай мерзім өтіп кетті, демек, олардың барлығында арнайы құрылғы болуы және клиенттің қалауы бойынша төлемді тек қолма-қол ғана емес, кәртішкемен де қабылдауы тиіс.
– Біздің мәліметтерімізге сәйкес, облыста 2 241 POS-терминал бар. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 518 бірлікті құрады, – дейді Ұлттық банктің Атырау филиалының экономикалық талдау және статистика бөлімінің жетекші маманы Асхат ЕРМЕКОВ.
Қазақстан бойынша бар болғаны 51 521 терминал орнатылған. Арнайы техникамен жабдықтау бойынша Алматы (16 821), Астана (6 516) және Қарағанды облысының (3 856) сауда нүктелері мен кәсіпорындары көш бастап келеді.
Мамандар тек Атырау облысында ғана емес, жалпы, Қазақстан бойынша жабдықтарды орнату қарқыны төмен екендігін атап өтті. 1 шілденің көп кешікпей басталатындығына қарамастан, кәсіпорындар POS-терминалдар алу немесе қызмет көрсету жөнінде банктермен келісімшарт жасауға асығар емес.
– Бізде 2012 жылдың аяғында, 2013 жылдың басында жанталаса әрекет еткені есімде. Салық комитетінің, облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының қатысуымен түрлі деңгейлерде көптеген кездесулер ұйымдастырылды. Онда заңнаманың осы талабының орындалуы жан-жақты талқыға салынды. Біздің де POS-терминал алғымыз келді, бірақ банктердің өздері сол кезде ниет білдірушілердің көптігін игере алмай, «шетелге тапсырыс беріңдер» дегені есімде, - дейді шағын азық-түлік дүкендері желісінің қожайыны Арман. – Содан соң бәрі тыншып қалды. Қымбат емес, 7-11 мың теңгеден тұратын мобильді пос-терминалдар бар деседі. Нағыз болмаса, сондай сатып аламыз. Бірақ әзірге асықпаймыз, оның үстіне қазір тексеруге мораторий бар.
Шынымен де, кәсіпкерлерді міндетті түрде POS-терминалдың болуына қатысты әзірге тексермейді.«Терминалдың жоқтығы камералдық бақылау кезінде анықталуы мүмкін», - дейді облыстық салық департаменті бастығының орынбасары Айгүл РЗАҒҰЛОВА.
Алайда, бұл жағдайда да кәсіпкерді жаза күтпейді. Оған кемшілікті жою қажеттігі жөнінде хабарлама ғана беріледі. Бұдан басқа, арнайы жабдықты міндетті түрде орнату туралы ереже әзірге өзі дайындаған ауылшаруашылығы өнімдерін, аквамәдениет (балық аулау) өнімдерін көтерме және бөлшек саудалауды, сонымен қатар жайма сөрелер (шатырлар, дүңгіршектер, контейнерлер) арқылы сауда жасауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен ЖК-лерге таралмайды. Оған жалпы қолданыстағы коммуникация жүйелері жоқ жерлердегі сауда нүктелерін қосыңыз.
ҚЫМБАТ ДҮНИЕ
Екінші деңгейлі банктер транзакция үшін ұсталатын комиссия мөлшері жөнінде баспасөзбен талқылауға өте құлықсыздық танытады. Көбінесе «келісімшарттың шарттарына сәйкес» деген бұлыңғыр тұжырыммен жауап береді. Мұны білу үшін басқа жолын тауып, POS-терминалорнатқысы келетін клиент ретінде банкке жүгінуге тура келді.
– Егер сіз жабдықты бізден сатып алсаңыз, онда оны орнату мен қызметкерді оқыту тегін. Ал, әрбір операция үшін, егер клиент Visa кәртішкесімен төлейтін болса, 1 пайыздан, ал MasterCardкәртішкесімен төлесе, 3 пайыздан сома ұсталатын болады. Кәртішкенің қандай банктен шығарылғаны маңызды емес. Егер жабдықты басқа банктен немесе компьютерлік дүкеннен сатып алатын болсаңыз, жабдыққа қызмет көрсету үшін азғана төлем, айына 2-3 мың теңге алынатын болады. Оған қоса, әрине, комиссия алынады, - дейді банк қызметкерлері.
Бірнеше банкке қоңырау шалып, бизнесмендер айтқан арзан жабдықты таба алмадық. Смартфонға (құлаққапты қосатын жер арқылы) қосылатын ең арзан деген мобильді құрылғы 16 мың теңге тұрады. Мұның қолайсыздығы - телефон қожайынының банк келісімшарт жасаған белгілі бір ұялы оператордың қызметін пайдалануы тиіс екендігі. Әрине, смартфонға қажетті бағдарламаға тапсырыс беру керек және міндетті түрде интернет болуы тиіс.
– Одан арзаны жоқ, бұрын олар 14 900 теңге тұратын, қазір қымбаттап кетті. Әр операция үшін комиссия 2,75% құрайды, – деп хабарлады банк өкілдерінің бірі.
Банк қызметкерлері жүгінуге кеңес берген компьютерлік дүкендер желісінде жабдықтар-дың құны одан да қымбат. Мәселен, PAX S80 POS-термина-лы – 68 990 теңге тұрады. Бірақ бұл мобильді нұсқа емес, ол телефон байланысының көмегімен жұмыс істейді.
Сондықтан өзіңізбен бірге қалтаңызға қолма-қол ақшаңызды сала жүріңіз. Ол қай уақытта да қажет болып қалады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА