Атырау, 27 қараша 08:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Мал терісін қабылдайды

16 776 просмотра

Құрманғазы ауданында былтырдан бері «Ганюшкин егін өнімдері» ЖШС мал терісі мен жүнін өңдеу цехы жұмыс жасап келеді.  Ал, жақында мұнда сүт өндіру зауыты іске қосылған. 

Ганюшкинде бұдан 30 жыл бұрын өндірістік кооперативтер жұмыс істеген еді, алайда жекешелендіру науқаны кезінде сүт зауыты жұмысын тоқтатты, жүн өнімдерін қабылдайтын цех та жабылып қалды.  

- Сол қайта құру кезінде малдың терісі мен жүні көз алдымызда тонналап шіріп жатты, -дейді «Ганюшкин егін өнімдері» ЖШС төрағасы Сағынжан РАХИМОВ.– Соның бәрінің бостан-босқа өртеліп, күлге айналып жатқанын көру ауыр тиді. Сол себепті мен көп жылдан соң мал терісі мен жүнін өңдеу цехын ашу керек деп шештім.

Цех жергілікті тұрғындардан қой мен түйенің жүнін қабылдайды. Оларға әрбір тапсырылған қой жүнінің бір келісі үшін 20 теңгеден төленеді. Шикізат өнімін жуып, тазалап, кейін сығымдау  жүргізіледі.

Сағынжан РАХИМОВСағынжан РАХИМОВӨткен жылы цех 40 тонна қой жүнін қабылдаған. Олар өңдеуден өткен соң Қостанайдағы байпақ шығаратын зауытқа жеткізілген. Қазақстандағы жалғыз бұл зауыт қазір қаржылық қиын жағдайды бастан кешуде. Оның «Ганюшкин егін өнімдері» ЖШС-іне жиналып қалғанқарызы 2,5 млн теңгені құрап отыр. 

- Зауыт басшылығы бұл қиындықтарға қарамастан бізді жұмыс алға басатынына сендіреді, - дейді Рахимов.– Одан бөлек, өткен жылы тағы 10 тонна қой жүнін Астрахан облысы Харабайлы ауданына тапсырып, есеп айырыстық. Ал, биыл түйе жүні мен қой терісін Қазақстанның оңтүстік аймағына жіберіп жатырмыз.  

Бүгінде цехта 10 тоннаға жуық жүн жіберілуге дайын тұр. Цехтың өндіріс бөлімінің бастығы Мақсот РАХИМОВ тері мен жүннің, дәл бүгін болмаса да, келешекте өтімді тауарға айналатынына күмән келтірмейді.

- Дәл бүгін Қазақстанда қой жүніне сұраныс мүлдем жоқ десе де болады. Бірақ бір кездері оған сұраныс артып, жұмсақ ойыншықтар немесе қысқы киімдер, тоқыма бұйымдар және басқа да өнімдер өндіретін зауыттар мен цехтар ашылып, біздің шикізатқа деген тапсырыстар саны көбейетініне сенімдімін, -дейді ол.

 

СҮТ ЗАУЫТЫНДА

Сағынжан Рахимов сүт өндіру зауытын ашу үшін 20 млн несие алған. РФ-ның Рязань қаласынан соңғы технология үлгісіндегі сүт зауытының қондырғыларын сатып әкелген. Зауытта тәжірибелі, білікті мамандар жұмыс істейді.

- Мен жиырма жылдан артық сүт зауытының меңгерушісі болып жұмыс жасадым. Сүт зауыты жабылғаннан кейін сауда-саттықпен айналысқан едім. Осында зауыт ашылады деп Сағынжан аға жұмысқа шақырғанда қуана келістім, бұл - менің сүйікті кәсібім ғой, -дейді Айсұлу БЕКТЕМИРОВА.

Зауыт тәулігіне 500-600 литр сүт және сүт өнімдерін шығарады. Зауыт жұмысы бірден жақсы жүре бастады. Зауыт басшылығы шикізатты (сүтті) жергілікті тұрғындардан сатып алады. Бұл сүт сататын жер іздеп, сабылатын ауылдықтар үшін жақсы болды. Сүт әкелушілерге бір литрі үшін 100 теңгеден төлеп, қолма-қол есеп айырысады.  

- Бұл сүт тапсырушылардың белсенділігін арттырып отыр. Әрине, сүттің майлылығы, тазалығы қатаң бақылаудан өтеді. Бізде мал жоқ, сондықтан жуырда мал ұстайтын шаруа қожалығының иесі Есбол ҚҰБАШЕВПЕН келісімшартқа отырдық. Оның қарамағында 400 бас сиыр бар. Ол қазір сауын мал үшін қора-қопсысын салып, дайындауға кірісіп кеткен. Соған қарамастан, біз ауыл халқынан сүт сатып алуды жалғастыра беретін боламыз, -деп хабарлады Сағынжан Рахимов.     

Бүгінде зауыт шығаратын сүт, қаймақ, сүзбе, айран өнімдерін ауыл дүкендерінің сөрелерінен табуға болады. Ганюшкин тұрғындары сүт өнімдерін жергілікті өндірушінің шығаратынына қуанып отыр. Олар бұрын бұларды шекараға жақын орналасқан Ресейдің Астрахан облысы Харабайлы ауданынан әкелетін. Зауыт басшылығы сұранысты арттыру үшін өнім бағаларын түсіруге дейін барған.  

- Жергілікті биліктің тарапынан қолдау болмай, іс бітпейді. Мәселен, сүт өнімдерін жабық мекемелерге өткізуге көмектесу жағынан. Егер билік бұл мәселені шешуге көмектессе, жағдайымыз әлдеқайда жақсара түсер еді, - деп есептейді Сағынжан Рахимов. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

26 маусым 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.