20 шілдеде Атырауда ҚР ҰҒА академигі және ҚР экс-білім министрі Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВТЫҢ, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті Нәдір НӘДІРОВТЫҢ және басқа да танымал ғалымдардың қатысуымен «Мұнай-газ саласының ғылыми-технологиялық және экологиялық мәселелерін математикалық модельдеу» деп аталатын VIII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
РҒА СБ есептеу технологиясы институтының директоры, РҒА академигі Юрий ШОКИН бастаған ресейлік делегация қатысты.
Конференцияның басты тақырыбы – аномальды жоғары қысымды және құрамында күкіртсутегі көп күрделі мұнай-газ кеніштерін игерудегі ғылымның рөлі мен оның тәжірибедегі үлесі туралы болды.
Конференцияда Астананың, Алматының, Мәскеудің, Астраханның, Уфаның, Бакудің, Ташкенттің және Атыраудың ғалымдарының баяндамалары тыңдалды.
«Математикалық модельдеу жер қойнауын барлау және игеру кезінде қолданылатын жаңа құрылымдар мен технологияларға талдау жасау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Белгілі бір сыни жағдайларды алдын ала болжауға көмектеседі. Бұл мұнай өндірудің жаңа технологиялары, мұнай тасымалдаудың, оны өңдеудің жаңа технологиялары», - деді РҒА Сібір бөлімшесінің директоры Юрий Шокин.
Мұнай қорлары туралы айтқан Нәдіров өз баяндамасында, кем дегенде, таяудағы елу жылда Қазақстанға алаңдамауға болады деп атап өтті:
- 20 және 40 жылдан кейін мұнай мен газ сарқылады деген қауіп шындыққа жанаспайды. Келешек ұрпақ жаңа біліммен, инновациялық жобалармен қаруланып, жер қабатынан анағұрлым көп қалдық мұнайды шығара алатындығы сөзсіз. Игерілген, қараусыз қалған кеніштерде 10-15 жылдан кейін мұнайдың пайда болатындығы сөзсіз. Дәстүрлі мұнайға қарағанда қорлары анағұрлым көп, әлі игерілмеген, тұтқырлығы жоғары мұнай және табиғи битум кеніштерін игерудің келешегі зор.
…Өйткені ол айналып тұрады
Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымы А.СӘРСЕНОВ баяндамасында мұнайдың жарық бойымен біртіндеп Жердің бетіне көтеріліп келе жатқанын атап өтті:
– Жер центрифуга секілді жұмыс істейді. Біз ғаламшардың сыртында реактивті ұшақ жылдамдығындай қозғаламыз. Жердің орталықтан сыртқа тебуші күшін және Ай мен Күннің гравитациялық күшін ескерсек, осы күштердің барлығы орташа ендіктен экваторға бағытталған. Сондықтан экватордағы мұнай анағұрлым тығыз және ол өте көп. Ал, солтүстіктегі мұнай анағұрлым жеңіл. Осы «центрифуганың» әрекетін, неліктен ескі кеніштің уақыт өте келе қайтадан мұнаймен толып қалатынын түсіндіруге болады.
Конференция шеңберінде «Академиялық, жоғары оқу орны және салалық ғылымның өндіріспен өзара қарым-қатынас тиімділігін қалай көтеруге болады?» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Оған ғалымдардан өзге Атырау облысындағы өндірістік кәсіпорындар мен ғылыми мекемелердің өкілдері қатысты.
«Ембіведойл» БК бас директоры Мағауия ШЫРДАБАЕВ негізгі проблемаларды мәлімдеді. Атап айтқанда, ол ТМД ғалымдарының назарын қазақстандық мұнай өнеркәсібінің жеткілікті мөлшерде жас екендігіне аудартты.
- 1921 жылдан бастап 1991 жылға дейін біздің мұнай өнеркәсібімізге тікелей Мәскеу жетекшілік етіп, ел ыдыраған кезең қарсаңында 650 млн тонна мұнай өндірілді. Мұнай өнеркәсібі үшін 60 пайыз машина жасау өнімін Әзірбайжан шығарды, қалған 40 пайыз Ресейде қалды. Қазақстан мұнай өнеркәсібі үшін бірде-бір механизм жасап шығарған жоқ. Әрине, бұлар мемлекет құлағаннан кейін ғылыммен қоса осы республикаларда қалды. 1991 жылға Қазақстан өз кеніштерімен, машина жасау базасынсыз, ғылымсыз және кадрсыз аяқ басты. 1991 жылдың аяғына дейін мұнай баррелі 9 доллар тұрды, ғылымды дамыту туралы әңгіме де болмаған еді. Мұнай өндіруші төрт бірлестік басқарусыз қалды. Тек Ембі мұнайшыларының мемлекет басшысына және үкіметке үндеуі осы жерге 1991 жылдың 12 шілдесінде «ҚазМұнайГаз» корпорациясын құруға түрткі болды.
Бүгінде көп нәрсе жасалуда, алайда жеке-дара ғана, ғылыми мекемелер мен өндірушілер арасында байланыс та, жүйе де жоқ.
Шырдабаевтың айтуынша, ірі кеніштердің қожайындары (көбінесе, шетелдік компаниялар) ғылыммен достасқысы келмейді.
- Олар (инвестор) мұнайды жер қабатынан көбірек алып, кетіп қалғылары келеді, - деді ол қазіргі уақытта біздің кеніштерімізде мұнай өндіріп жатқан компаниялар туралы. - Сондықтан бұл жерде құқықтық шараларды да қолдану керек. Мәселен, тек Қашағанда дайындалған 240 ұңғыма 1100 атмосфералық қысыммен тұр. Өндіру 2015 жылға қарай басталады. Осы аралдардағы зерттеулер қай институтта жүргізілді? Ешкім бақылау жасамайды, мемлекет те, басқа органдар да. Тіпті, Теңізде қолданылған атқарымдардың бұл жерде, Аджипте қолданылмаған оғаштықтары бар. Ал, мұнайдың қасиеті бірдей, қысым да солай. Теңіздің құрлықта, Қашағанның теңізде екендігін ескермесек, әдістер бірдей дерлік. Үйлестіруші органдар жоқ.
Дөңгелек үстелге қатысушылар кәсіпорындарды заңды түрде ғылыммен айналысуға мәжбүрлеу керек деген пікірлерін айтты.
Академик Нәдіров:
- Қытайлықтар, американдықтар біздің көптеген кеніштерімізде жұмыс істейді. Бізді ғылым үшін жақындатпайды, осы мәселені үкімет деңгейінде көтеру керек. Біз қазақстандық қамту туралы айтып отырмыз («жер қойнауында қазақстандық қамту жоқ», - деді отырғандардың бірі). Міне, сондықтан қазақстандық ғылыми қамту туралы мәселе қою керек.Сонда ғана сол қытайлық бізге келеді... Бұл - саяси мәселе.
«Каспиймұнайгаз» ҒЗИ бас директоры Мәнсия БАБАШЕВАстуденттердің дайындық деңгейінің төмендігін атап өтті.
- Инженерлердің кәсіби деңгейін көтеру керек, - деді ол. - Мен жыл сайын жас мамандарды қабылдаймын. Шынымды айтайын, дайындық деңгейі төмен. Мәселен, ҚБТУ түлегі келеді де, кеуектілік дегеннің не екенін білмейді. Шетелден келетіндер де солай, ағылшын тілінен басқа ештеңе білмейді.
Математикалық модельдерге келер болсақ, өндірушілер нақты кеніштермен жұмыс істеуге кеңес берді.
- Нақты математикалық модельді бастамас бұрын нақты кеніштің, айталық, Қашағанның ерекшелігінен бастау керек. Бұл кеніштің параметрлерін, мұнайдың қасиетін, аналық жыныстардың құрамын зерттеп, осы кеніште жұмыс істейтін жобалау институттарына, басшылыққа шығып, модельді бірге жасау керек. Сол кезде бұл модель тиімді болады, - деді Нәдіров.
Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығының жанындағы ғарыштық, геодинамикалық мониторинг бөлімінің қызметкері Асылхан БИБОСЫНОВ заманауи технологиялар тікелей зерттеулер басталғанға дейін жеткілікті қызықты болжамдар жасауға мүмкіндік береді деп есептейді.
- Бұл - сейсмобарлау мәліметтерінің өңделуі, геохимиялық ахуалды модельдеу, оған қоса ғарыштық спутниктік суреттердің көмегімен жылжу мониторингісі. Каспий өңірінде келешегі бар жерлер әлі көп деп сеніммен айтуға болады. Ол жерде міндетті түрде мұнай мен газ тұзағы бар деп айтуға болмайды. Бірақ олардың сол жерде мұнай шоғырлануы мүмкін деген тұрғыда келешегі бар.
Бибосыновтың айтуынша, Каспий өңірі сейсмоқауіпті ауданға жатады, бірақ қазақстандық сегментте емес. Каспийдің оңтүстік бөлігінде негізгі сейсмикалық оқиғалар шоғырланған.
Қазақстанның Ғылым академиясының академигі Мұфтах ДИАРОВТЫҢ айтуынша, Батыс Қазақстанда артып жатқан барлық мұнай резервуарларынан шикізат шығару көлемі мен жер қойнауына сұйық өнеркәсіп қалдықтарын көму жер қойнауына антропогенді әсерін тигізеді.
- Осы процестердің нәтижесінде жер қойнауының статикалық жағдайы бұзылады. Қашаған, Қайраң және Ақтоты секілді жаңа теңіз кеніштерінде Теңіз кенішінің №37-ұңғымасындағы шығарындыға барабар апат болуы ықтимал. Бірақ ол жерде зардаптар анағұрлым ауыр болады. Сондықтан, ең алдымен, жер қыртысының статикалық жағдайына мониторинг ұйымдастыру қажет.
Ғалымдардың бірі “математиктердің басты кемшілігі - олар мұнайды көрмеді” деп қынжылыс білдірді.
- Біз мұнай саласына келгіміз келеді, - деді сөз соңында Б. Жұмағұлов. - 25 жыл өтті, бірақ бұған қол жеткізе алмай келеміз. Елде ақша бар. Егер бір институт бір кездері жылына 60 млн алған болса, онда қазір онда миллиардтан астам. Мұнай саласына қандай да болмасын пайда әкелу үшін біріге жұмыс істейтін кез келді.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА