Атырау, 27 қараша 08:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Боженаға үміт артады

3 751 просмотра

- Миы зақымданған балаларды емдеуге арналған шипалы дәрілер де, сиқырлы оталар мен үздік әдістемелер де жоқ. Жақсы нәтижелерге тек көп еңбек етіп, аянбай күш салу арқылы ғана жетуге болады, - дейді белгілі реабилитолог Божена БЕЙНАР-СЛАВОВ (суретте). Ол қаламызға өз командасымен бірге «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық ұйымының шақыртуымен келді.

АЛҒАШҚЫ ТӘЖІРИБЕ

Бұрын хабарлағанымыздай, «Атырау. Маленькая страна» ҚҰ жетекшісі Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ орталық жүйке жүйесі бұзылған балаларды иттердің көмегімен оңалтумен айналысатын канистерапия орталығын ашқан болатын («АЖ», №23, 05.06.2014 күнгі «Форбс және Нұрасылдың жинағы»). Орталықта тұрақты түрде60-қа жуық бала ем алады. Олардың ата-аналары өзара пікір алмасып, ортопедиялық аяқ киім, корсеттер және тағы басқа да балаларға қажетті бұйымдарды қайдан алуға болатыны туралы ақпараттармен,жаңалықтармен бөліседі. Алайда, мұндағы ең басты тақырып - дәрігерлер, емханаларға бару, аурудан арылудың жаңа әдістері сияқты емделу мәселелері. Дәрігерлердің қателігінен балалар церебральды сал ауруы және басқа да көптеген ауру жамаған қыздың анасы Жаннұр ҚУАНҒАЛИЕВА басқа ата-аналар сияқты үмітін жоғалтпай, қызына шипа болатын жолды табуға тырысады. Ол Ерланға өзі Орал қаласында дәрісіне қатысқан Божена Бейнар-Славовты Атырауға шақыруды ұсынды. Ерлан бірден келіспеді, ол, ең алдымен, Боженаның қолданатын әдістері мен жеткен жетістіктерімен, адамдардың пікірлерімен танысуды жөн көрді. Бүгінгі таңда әлемде біреудің қайғысын өз пайдасына айналдырғысы келетін арсыз дүмше емшілердің бар екені жасырын емес. Сонымен қатар, ол бұл балалардың ата-аналары қалай күн көріп отырғанын, оларға әр тиын бағалы екенін жақсы біледі...

Божена туралы білген ақпараттар Ерланды және ата-аналарды сендірді. Жобаға дайындық жарты жыл бұрын басталды. Божена және оның командасының жол сапарын 24 баланың ата-анасы қаржыландырды. Демеуші іздеу туралы ойды тастауға тура келді – бұған айлар, тіпті, жылдар керек болар еді. Ал, ата-аналар күткісі келмеді, өйткені, уақыт оларға қарсы әрекет етеді ғой: емді ерте бастасаң, нәтижесі де жақсырақ болары белгілі.

- Бұл жолы Божена ойлағанымнан аз бала қабылдады. Бұл - біздің ең алғашқы ірі халықаралық деңгейдегі жобаны жүзеге асыруымыз, сондықтан да дүбірлетіп өткізуді қаламадық, белгілі реабилитологтың келгенін біреулер естімеген де шығар, - дейді Ерлан Күмісқалиев. – Алайда, біз енді Божена Атырауға жиі келіп тұрады деп үміттенеміз. Бұған бізде үлкен қажеттілік бар, қаламызда орталық жүйке жүйесі зақымданған адамдар көп.

 

АМАНГҮЛГЕ АРНАЛҒАН ДИЕТА

Божена Бейнар-Славов өз кезегінде «Атырау. Маленькая страна» ҚБ-нің ерекше балаларға жасап отырған көмегін жоғары бағалады.

- Мен бұл ұйыммен болашақта етене араласып, жұмыс жасағым келеді, мен осы жерден тұрақтылықты байқап отырмын, Ерлан – ақ жүректі, алдына үлкен мақсат қойған адам, оған ата-аналар шүбәсіз сенеді, мен де оған сенемін, - деп ерекше атап өтті Божена Бейнар-Славов.

Ол «Доман +» деп аталатын ерекше әдістемемен жұмыс жасайды.Глен Доман – балаларды тумысынан интеллектуалдық және физикалық дамыту бағдарламасының авторы, нейрофизиолог-дәрігер. Әдістеменің негізгі идеясы: кез келген балада ашылмаған, дамытуға болатын үлкен әлеует болады. Доманның пікірінше, миды пайдалансаң ғана дамиды, яғни, бала ауырып қалса, оған «үмітсіз», «үйретуге келмейтін», «көкөніс» деп қол сілтемей, миының жұмыс жасауына бағытталған әрекеттер жасау керек. Әр балаға жеке бағдарлама әзірленеді, балалар көзбен көру, есту, сипап сезуге арналған белсенді ынталандырулар алады және олардың қарқындылығы мен ұзақтығы өсіп отырады. Дем алу (оттегі құрамы артылған), сөйлеуді дамыту, мануалды бағдарламалар да бар. Кезеңдермен, шамамен алты айда бір рет, бағдарламаға түзетулер енгізу қажет. Баланы тамақтандыру рационы да міндетті түрде ауысып тұрады.

- Божена өзінің 27 жылдық жұмыс тәжірибесі кезінде қызым Амангүлдей ауыр жағдайды кездестірмегенін мойындады. Ол бізге 70%-ы аскөктерден тұратын арнайы диета тағайындады, дем алуды қалпына келтіретін, миды оттегімен қамтамасыз ететін арнайы бетперде берді, күніне 12 рет арнайы гимнастика жасауымыз керек емдеу курсын ұсынды, - дейді Жаннұр.

 

ДЕМЕУШІЛЕР МЕН КӨМЕКШІЛЕР КЕРЕК   

Боженамен келген команда құрамында мамандар емес, әр елден келген бас миы зақымданған балалардың ата-аналары болды. Өз балаларымен бірге үнемі осы кеселмен күресіп жүргендіктен, оларды тәжірибелі кеңесшілер деп атауға болады. Боженаның өзі айтқандай, бағдарламаға қатысатын ата-аналар педиатр да, педагог та, психолог немесе әлеуметтік қызметкер де емес, алайда, өз балаларына жақсы күтім жасап, тәрбие беріп отыр.

Біз осы «Доман +» әдісі бойынша емделіп жатқан самаралық кішкентай Ефимнің анасы Елена ПОДЛЕСНАЯҒА бірнеше сұрақ қойдық. Елена Ресейде, Қазақстанда, Украинада және Латвияда семинарлар ұйымдастыруға көмектеседі. Оның айтуынша, әр елде жоба әр түрлі қаржыландырылады екен. Латвияда, мәселен, оған түрлі қорлар қаржы бөледі. Ресейде әр түрлі – барлық шығынды меценаттар мойындарына алған жағдайлар бар, кей жағдайларда жол сапар мен семинарларға демеушілер ақша төлесе, жеке кеңестер ақысы ата-аналар қалтасынан шығады. Бәрі де ұйымдастырушылардың демеуші табуына байланысты.

Жеке оңалту бағдарламасын жүзеге асыру үшін де көмек керек. Ефим үш адамның көмегі арқылы гимнастика жасайды: Еленаның өзі және оған әлеуметтік қызметтер ұсынған немесе хабарландырулар арқылы тауып алған екі ерікті көмектеседі. Айтпақшы, енді біздің ата-аналарға да еріктілердің көмегі керек, олар осы жағдайды пайдаланып, барлық ерік білдірушілерге балаларды оңалту үдерісіне қатысуға өтініш білдіреді. Медициналық білім міндетті емес. Жоба туралы толықтай ақпарат алу үшін Ерлан Күмісқалиевпен мына сілтемелер арқылы байланысуға болады:

www.facebook.com/Yerlan.Kumiskaliyev?fref=pb&hc_location=friends_tab;

vk.com/club54445900

Атыраудағы семинарға үлгермеген ата-аналар үшін ақпарат: Божена және оның командасымен келесі кездесу шілдеде Краснодарда болады.

 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

26 маусым 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.