Атырау, 27 қараша 08:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Дамбы шекаралық аймаққа қарсы

4 902 просмотра

19 маусымда Дамбы ауылы мәдениет үйінде Батыс өңірлік әскери прокуратурасы мен шекара әскери бөлімі басшылары жергілікті тұрғындарға ҚР Үкіметінің шекаралық, карантиндік белдеу және шекаралық аймақ шегін белгілеу туралы қаулысын түсіндірді.

Батыс өңірінің әскери прокуроры Талғат БЕКБЕРГЕНОВТІҢ айтуынша, қаулыға сәйкес, Каспий теңізі жағалауының құмды қайраңына тікелей шектесіп жатқан ені жиырма бес шақырым жер шекаралық аумақ болып белгіленеді. Яғни, шекаралық аймаққа кіріп-шығу куәландыратын құжаттар бойынша жүзеге асырылады. Азаматтығы жоқ немесе шетелдік азаматтар жеке басын куәландыратын құжаттарымен және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі беретін арнайы рұқсаттамалар арқылы кіре алады: «Аймақ шегіне шекарашылар тексеру бекетін қояды. Ауыл ішінде шекарашылар жасағы болады. Осы аймаққа кіріп-шығатын, аймақта тұратын адамдардың барлығы жеке куәліктерімен жүру керек».

Прокурордан кейін сөз алған 2016 әскери бөлімінің командирі мойор Бауыржан ӘБСАМАТОВ шекаралық аймақ Пешной түбегінен Атырау ауылдық округының шетіндегі «Құлагер» шаруа қожалығы маңына дейін созылатыны жөнінде хабарлады. Яғни, шекаралық аймаққа 7-8 мыңдай халқы бар төрт елді мекен кіреді. Б. Әбсаматовтың айтуынша, алғашқы алты айда шекара режімін бұзған адамдарға әкімшілік жаза немесе басқа да шаралар қолданылмайды, алдымен тұрғын халыққа түсіну жұмыстары жүргізіледі: «Сириядағы, Украинадағы сияқты халықаралық жағдайлар шекарамызды нығайтуды талап етіп отыр. Сондықтан түсінулеріңізді өтінеміз. Сіздерге шектен шығар талап қойылмайды, ең бастысы, қалталарыңызда құжаттарыңыз болса болды».

Әскерилердің бейбіт күнде енгізіп отырған осы жаңалығы Атырау қаласынан 15-20 шақырым жерде орналасқан ауыл тұрғындарының қатты наразылығын тудырды. Жұртшылық тыңдауына жиналған халық ауыл тұрғындарының көп бөлігі қалада жұмыс жасайтынын, кейбірі шаруаларымен күніне 4-5 рет осы аймақтан шығатынын алға тартып, бұл режім үлкен кедергі келтіретінін айтты. Сондай-ақ, ауыл ішінде құжат тексеру шекарашылар мен тұрғын халық арасында кикілжің тудыратыны анық.

Ауыл ақсақалдары кеңесінің төрағасы Тілекқабыл МҰРАТУЛЛИН:

- Ел шекарасы теңіз ортасынан басталады, одан кейін жағалау белдеуі бар, шекарашылар сол жерде жүруі керек. Халық тығыз орналасқан елді мекендерге шекаралық аймақ орнатудың не қажеттілігі бар? Шекара бұзушылар бұл аймақта су арқылы келмесе, құрлықтан келетін жол жоқ. Қаймағы бұзылмай, тыныш жатқан елге әскери режім орнату бассыздық емес пе?

Ауыл тұрғыны Едіге ҒҰМАРОВ:

- «ҚР Мемлекеттік шекара туралы» заңында шекаралық аймақта мәдени және өзге де іс-шаралар өткізу ҰҚК Шекара қызметін хабардар ете отырып өткізіледі деп жазылған. Сонда ауылда той, садақа жасау үшін шекарашылардан рұқсат аламыз ба? Сондай-ақ, қуаныш тойларға , қаралы садақаға қонақ шақырғанда, куәліксіз келмеңдер дейміз бе?

Ауыл тұрғыны Бабаш ҚҰСПАНОВ:

- Ауыл шетіне шекара бекетін қою, ең алдымен, тұрғын халықтың еркін қозғалып-жүруіне кедергі тудырады. Жұмысқа баратын, келетін уақыттарда ұзын-сонар кептеліс қалыптасады. Сонымен қатар, үй арасында құжатпен жүру деген Ұлы Отан соғысы кезінде де болмаған. Біз ауылымызды шекаралық аймақ жасауға үзілді-кесілді қарсымыз!

Ауыл тұрғындарының наразылықтарын тыңдаған әскери прокурор «ҚР Мемлекеттік шекара туралы» заңының 6-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың ұсынысы бойынша ҚР ҰҚК мен ІІМ келісімімен шекаралық аймаққа кіретін шекара аумақтарының тізбесі белгіленеді және онда ҚР Үкіметі жекелеген режімдік шектеулердің қолданысын алып тастау және тоқтата тұруы мүмкін екендігі туралы айтты. Яғни, «ендігі шешім облыс басшылығының қолында» деп сөзін аяқтады прокурор. Жиын соңында тұрғындар облыс әкіміне хат жазу керек деп шешті.

Қайырбек САНСЫЗБАЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

23 маусым 2014, 11:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.